Алматы облысының тұрғындары R.O.I. ұйымы сан соқтырып кетті деп шу шығарды

01 қазан 2021, 09:32

Алматы облысында R.O.I. тұтынушылар кооперативіне ақша құйып, пайызсыз үй алмақ болған бір топ салымшы "алдандық" деп шу шығарды. Олар қазір не салған ақшамыз, не алған үйіміз жоқ дейді. Айтуларынша, аталмыш компания келісім шартта көрсетілген талапты түрлі сылтау айтып өзгертіп жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Талдықорғандық Күпән Рапхан – R.O.I. кооперативі арқылы үйлі боламын деп үміттенген салымшылардың бірі. Айтуынша, компанияның келісім шартында көрсетілген алғашқы 180 мың теңгені және 10 ай бойы ай сайын төленуі тиіс 50 мың теңгені толықтай берген. Ол аздай адамдарды жинап, компанияға салымшы ретінде тартыпты. Енді міне не үйіміз, не ақшамыз жоқ дейді. 

 
“Он айлық шарттарыңызды 50 мың теңгемен орындасаңыздар, 11 айда пәтерлеріңізді аласыздар деп айтты. Сондай келісімшарт қолымызда да бар. Ал биылғы заңда корпорацияға кіріп, 30 пайызын құйғанда он ай күтеді дейді. Бізде ондай мүлдем болмаған”, – дейді Күпән Рапхан. 

“Қазіргі кезде бұл ұйымға тіркелген 22 мың адам екен. Сол 22 мың адамның 1250 ғана үй алған. Қалған адам үй алмаған. Біздің талап ететініміз Арген мырза уәдесінде тұрсын. Бізге тез арада 2019-2020 жылдарға үйді берсін, уәдесі бойынша, келісімшарт бойынша”, –дейді Көксу ауданының тұрғыны Қиса Бейсенбек. 

R.O.I. тұтынушылар кооперативының төрағасы Арген Нұржанов. Компаниясы Орал қаласында тіркелген. Ол келісім шарттың өзгертілуінің өз себебі бар дейді. 

“Келісімшарт өзгерту, қосымша келісімшарттарды енгізу ол кәдімгідей кооперативтердің практикасы. Бізде дауыс беру болды, кворум өтті. Кворумда жалғастырып төлейміз деген келісім болды. Сондықтан 50 мың теңгеден ең азы 30 пайызын жинау, қазіргі таңда бізге маңызды болып тұр”, – дейді R.O.I. тұтынушылар кооперативының төрағасы Арген Нұржанов. 

Пайызсыз баспана алу үшін табысты растау немесе несие тарихы қажет емес. 10 жылға дейін бөліп төлеу. Рой компаниясының осындай жарқыраған жарнамасына сендік деген салымшылар қазір баспаналарын ала-алмай шарасыз күйде отыр. Салымшылардың сөзінше, олар келісім-шартта көрсетілген барлық талаптарды тап-тинақтай етіп орындаған. Бірақ уәде етілген үй жоқ. Сондықтан прокуратура бұл іске тексеру жүргізіп, құқығымызды қорғаса деп көмек сұрап отыр.