Алматыда жалға берілетін пәтер бағасы шарықтап кетті

19 сәуір 2022, 14:15

Биыл мамыр айынан бастап әлеуметтік осал топтар үшін пәтер жалдауға арналған субсидия беріле бастайды. Осыған орай Алматы қаласында жалға берілетін баспананың бағасы тағы қымбаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ахметовтар отбасының Алматыда пәтер жалдап тұрып жатқандарына 15 жыл болған. Отағасы такси жүргізішіс болып жұмыс істейді, жары Жұлдыз екі баласымен үй шаруасында. Үлкен ұлы - мүгедек. «Баспанға кезекте тұр. Жалға алатын пәтердің 50 пайызын мемлекет төлеп береді», - деген жаңалықты естіген олар қатты қуанды. Алайда ол қуаныштары ұзаққа созылмады. «Біз жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға жататын төрт санаттың ішіндеміз. Мүгедек баламыз бар. 15 жыл болды, пәтерді қала сыртынан жалдап келеміз. Себебі сәл болса да арзан. Енді мамырдан бастап мемлекет үлкен қолдау көрсетпекші. Оған қатты қуандық, алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады. Бір апта болды, Алматыдан екі бөлмелі пәтер іздеп жүргеніме. Бағасы шарықтап кеткен. 200-220 мың теңгенің төңірегінде. Оның жарты бағасының өзі бізге үлкен салмақ»,- дейді Жұлдыз Ахметова. Ол «Отбасы банк» АҚ-нан өтінім беру процесін тестілеуге қатысу туралы SMS-шақырту алғанын да тілге тиек етті. «Менің ойымша, жалға берілетін пәтер бағасын бақылау қажет. Бұл мүмкіндікті пәтер иелері жібермейтіні анық. Аптаның басында менің телефоныма SMS-шақырту келді», - дейді ол. Риэлтор Кәрім Шухратов жалға берілетін пәтерлердің бағасы күрт қымбаттап кеткенін айтты. «Әлеуметтік осал топтар үшін пәтер жалдауға арналған субсидия берілетінін естіген үй иелері бағаны көтеріп тастады. Сұраныс көбейе бастады. Бұрын бір бөлмелі пәтер 110-130 мың теңге аралығында болса, қазір 160-180 мың теңге сұрайды. Мен орташа бағасын айтып тұрмын. Қаланың жоғары бөлігінде 500 мың теңгеге өткізетіндер де бар», - дейді Кәрім Шухратов. Риэлторлардың сөзінше, жыл сайын белгілі бір межеге дейін өсетін жалға беру ақысы ешқашан төмендемейді. Мәселені мемлекеттік деңгейде реттейтін кез келді. Айта кетейік, жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға өтінім қабылдау басталды. Еске салсақ, Қазақстанда 70 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жалдау ақысына субсидия алады.
ҚазАқпарат