Алматыда нан бағасын тұрақтандыруға 150 млн теңге бөлінеді

03 мамыр 2022, 17:22

Алматыда әлеуметтік нан бағасын ұстап тұру үшін өндірушілерге субсидия бөлінеді. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпараттілшісі.

Спикердің сөзінше, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ қорынан қаладағы ұн тартатын кәсіпорындарға субсидияланған астықты жеткізу жалғасып жатыр. «Әлеуметтік нанның сату бағасын бекіту үшін «Алматынан» ЖШС-ға 150 млн теңге бөлу жоспарда. Сонымен қатар жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тұрақтандыру мақсатында «Тоймарт» және «Магнум» сауда желілерімен келісімдер ұзартылды. Small желісіне, сондай-ақ «Когер» ЖШС-ға жұмыртқаны арзандатылған бағамен сатуға қосымша қаражат бағытталды», - деді Еркебұлан Оразалин. Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова елімізде әлеуметтік нан бағасын 90 теңгеден асырмау міндеттелетінін айтқан болатын. Сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елде астық тапшылығы жоқ және оның мөлшері жеткілікті екенін мәлім етті.
ҚазАқпарат