Нарық

"Алматыға 10 теңгемен келгенмін": Барахолкада жүк тасыған жігіт қалай байып, кәсіпкер атанғанын айтты

  • "Алматыға 10 теңгемен келгенмін": Барахолкада жүк тасыған жігіт қалай байып, кәсіпкер атанғанын айтты

Кәсіпкер Досбол Жылқыбаев Жамбыл облысындағы ауылынан Алматыға қалтасында небәрі 10 теңгемен келіп, талай қиындықтармен бетпе-бет келіп, кәсібін дөңгелеткен бірегей қазақстандық. Қазірде Жамбыл облысы мәслихат депутаты, "Dvery-city" дүкендер желісінің негізін қалаушы кәсібіп алты облыста жүргізеді. Stan.kz тілшісіне Досбол Жылқыбаев ауылдан үлкен шаһарға келіп, оны бағындырудың құпиясын айтып берді.

Екі арманымның бірі орындалмады..

 
"Бала кезден арманшыл едім. 1001 арманым болған шығар. Олимпиада чемпионы болсам деген арманым арман болып қалды. Өкінішке қарай, кішкентай ауылдан шыққан соң онда спорт мектебі болған жоқ. Қалаға көшкеннен кейін спортпен айналысатын уақыт та болмай кетті. 

Бала кезде сурет салғанда зәулім үй салып жанына төрт-бес көлік қойып, әртүрлі түске бояп қоятынмын. Арманға қалай жетуге болады? Ауылда қанша жұмыс істесең де, жақсы табыс табу қиын. Арманымды іске асыру үшін Алматыға келдім", - дейді ол.

Айтуынша, таныс өзбек-дүнгендердің тұрмыс тіршілігі алдағы өміріне айтарлықтай әсер еткен.

"2002 жылы диқаншылықпен айналысқанмын. Қарбыз ектім. Ол кезде ауылдағылар қарбыз тамыздың аяғы, қыркүйектің соңында піседі деп есептейді. Таныс өзбек кісі қарбызды маусымның ортасында шығаруға кеңес берді. Мұндай менің тәжірибемде ешқашан болған емес. Алайда нәтижесінде 45 тонна қарбыз сатып, 18 жасымда 120 мың теңге таптым. Ол кезде бұл ақша миллион, миллиардтай болып көрінген.  

Тағы бірде таныс дүнген бар еді,  95-96-жылдары "Барахолкада" жүк тасушы болып жұмыс істеген. Маған оның әңгімесі ертегі болып көрінетін. Айтуынша, сол "Барахолкада" ақша қап-қап болып жатады екен-мыс. Қарбыз-жүгері егіп жүріп, бір күні "Не істеп жүрмін?" деген ой келеді. Ақырында Алматыға барып, армандарымды орындаймын деп шештім. Алматыға келсем танысымның айтқанындай ертегі емес екен. Жаңбырлы, қарлы қала екен. Бір апта бойы жұмыс іздедім. Жалақылары 50-70 мың теңге төңірегінде. Алайда өкінішке қарай, ол жұмыстарға да алмайды. Жұмыс орындары толып тұр. Осылайша, дүнгеннің айтқан "Барахолкасына" барамын, еңбекке кірісемін. Базарда қара жұмыс істеп, ауылмен 6 айға хабарсыз кеткен екенмін..", - дейді Досбол Мәлікомарұлы.

 

Анамнан тығылып, қалаға қаштым

"Артымнан әкемнің інісі іздеп келеді. Ол кезде телефон жоқ, оны ұстау арман. Жарты жылда 25-30 мың теңге табамын, ол да үлкен ақша. Анама  орамал, үйге киетін аяқ-киім, галош, мәсі, магнитофон сияқты заттарды алып келдім, қалғанын ақшалай табыстадым. Үйдегілер із-түссіз кеткеніме ренжігендерін де ұмытып кеткен. Бір аптадан соң анамнан батамды алып, қайта Алматыға кетпешкі болдым. Сөйтсем, анам рұқсатын бермеді. Такси шақырып кеткелі жатсам, есікті керіп, жібермейтінін айтып, көнбей қойғаны бар. Сол күні кете алмағандықтан, басқа айла табуды ойланамын. Анам таңғы 6-да тұратын, ал мен болсам 4-те тұрып жолға шығып кеттім. 

Қалтамда бір тиын ашқа жоқ. Сағат таңғы 8-де әкемнің жұмысына барып, ақша алмақшы болдым. Ол кісінің жалақысы түспеген екен, қалтасында 700 теңгесі ғана бар болып шықты. Анам келіп қалмасын деп, барын алып кете барыппын.. Бір тәулік бойы бір тістем нан жемеген соң, қарным ашып, жолда аз-кем пісірілген нан жеп, қалтамда қалған соңғы 50 теңгенің 30 теңгесін құртамын. Қалаға жеткен соң Сайраннан "Барахолкаға" баратын автобустарға отырсам, онда жол ақысы 30 теңге екен. Сонда ары жүріп, бері жүріп, түрлері мейірімді көрінген жүргізушілерден 20 теңгеге барар жеріме апарып тастауын сұрап жүрдім. Мен барған бірнеше автобустың ең соңғысында отырған адам маған қатты зекіп: "Қайыршы, 10 теңге таппасаң, не істеп жүрсің?!" деп айқайлап жібереді. Осы сөздерге намыстанғаным соншалық, "Сайран" автобекетінен "Адем" сауда үйіне дейін жаяу жүріп барғанмын. Міне, дәл осы жолда мен өз-өзіме "Үнемдеу, табыс тауып, байып, армандарымды толық іске асырамын" деп серт беремін", - дейді ол.

 

Жүк тасушыдан есік орнатушыға дейін..

Айтуынша, кәсібін бастауға түрті болған дүнген таныстарының ұсынысы.  Жүк тасушы болып жүрген кезде оған есік қоюды үйретеді.  

"Ауыр жұмыс істеп жүрген кезімде бір дүнген кісі: "Мұндай ауыр жұмысты не істейсің, есік орнатуды үйретемін саған" дейді. Бұрын сонымен айналысқам, қазір саудаға шығып кеттім деді. Ол жүк тасушы болғанша, есік қоюмен айналыс, бір есік қойғанға 5,5 теңге аласың деп, өзі үйретеді. 

Ең алғаш рет есік қойғандағы тәжірибем қызық болған. Перфоратор алудың орнына, шатастырып дрельмен барам, екі сағат қиналып, жасай алмағаным бар. Үйдің иесі маған есікті тапсырып кетіп қалған. Қолымнан келмей жатыр. Байқасам, көрші пәтердің бірінде Меркенің жігіттері еуро ремонт жасап жатыр екен. Сол жігіттер перфоратор деген мынау, дрель темірді теседі, қабырғаны теспейді деп көрсетіп есікті сақадай сай етіп, қойып берді. Үй иесі көріп қалмасын, ары қарай өзің істей бер, әйтпесе, ақшаңды бермей қояды деп қалғанын маған табыстайды. Сөйткенде мен әлгі есікке шашатын көбікті де дұрыс қолданата алмайтын болып шықтым. Ақыры жігіттер өздерінің көбіктерін алып келіп, есікке шашып, жасалу жолын көрсетіп береді. Ең алғашқы есік қоюым осылай басталды. Басы қатты болса, аяғы тәтті болады: барлығы еңбекқорлық, табандылықтың арқасында деп білемін", - дейді Досбол Жылқыбаев.

 

Қытай, Белоруське сапар       

Досбол Мәлікомарұлының есік қойып жүріп тапқан алғашқы табысы 3,5 млн теңге болған. Жиналған қаражатына ол өзі шетелден есік сатып алып, өз кәсібімен айналысып көрмекші болады.

"Осылай жүргенде дүнгендерден есік жасауды үйреніп жүріп неге өзіме жасап көрмеске деген ой келеді. Осылайша, жұмыс істеп, Қытайға Шанхайға барып, зауыттар қарастырдым. Бір ауыз ағылшынша, қытайша білмей 45 күн Шанхайда жатып, сол жақтан серіктес тауып, жұмыс бастадық. Есік қойып жүріп ең алғашқы табыс - 3,5 млн теңге жинаймын. Осы қаражатқа Қытайға барып,  зауыт тауып бір вагон есікке тапсырыс беремін. Жалпы соммасы 8 млн теңге шығады. Алдын ала төлемін берген соң, есіктер 45 күнде жасалады дейді. Жұмыс істеп, достарымнан қарызға сұрап 100 пайыз ақшасын төлеймін. Жасалған соң 26 күн жолда жүріп келеді. 26 күнде түн ұйқым төрт бөлініп, қандай есік келеді деп  уайымдап күтемін. Есік келетін күні таңғы 6 жарымда біз оны күтіп аламыз, сөйткенде өз ойымдағыдай есіктер келеді, қуанышта шек жоқ. Ең алғашқы контейнер ашқанда үш адам есікті вагоннан түсіруден бастап, келіссөз жүргізу, есікті орнатумен айналыстық.  Тікелей тапсырыспен Қытайдан алдырып жүрдім. Алайда сол жылдары Қазақстан Кеден Одағына кірді, ал Қытай бізге тиімсіз болды да қалды. Одан соң Беларускьке ұшып, сол жақта бір апта жатып, Минскіден серіктестер тауып есік жасаумен айналысуға кірістім.

Туған інім қасымда қолдап қолыңнан бәрі келеді деп, желеп-жебеп отырды. Бастапқыда базардан контейнерлер аштық. Ол жақтың да өзінің қиындықтары болды: тұрақсыздық, бағалардың өсуі, жалға алған үшін ақша төлеу. Оның бәрі де өтті.  Есік орнатып, кейін есік сатумен айналыстық", - дейді ол.

Сөйтіп Досбол Жылқыбаев өз күшімен есік жасаумен айналысатын кәсіп ашқан. Кәсіпкердің сөзінше,  барлығы еңбекқорлық, табандылықтың арқасында болды. 2007-ден бері қарай осы кәсіппен 12 жыл бойы жұмыс істеп жатыр. 6 облыста дүкендері ашылған, 300-ге жуық қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

 

Жоспар мен үнемділік - басты қасиет

"Депутат болып сайланып, мемлекеттен бөлініп жатқан аз пайыздық несиелердің ауыл жастарына жетпей жатқанын көзім көріп жүр. Кімнің көкесі бар солардың тірліктері дөңгелеп жатады. Көзінде оты бар азаматтардың бизнес жобалары өтпейді. Себебі оған банк мүліктік кепілдік сұрайды. Ал ауылдағы тұрғын үйлердің көпшілігі дерлік кепілдікке жарамсыз.

Қазіргі уақытта кәсібімнің бөлімдері Қазақстанның бірнеше қаласында бар. Мен бетпе-бет келген кәсібімдегі қиындық ақша тапшылығымен байланысты. Несие беру өте қиын еді, оның талаптары да оңай емес-тін.

Кәсібін дөңгелеткісі келетін жастарға еңбекқор, табанды болыңдар деймін. Кез келген уақытта істі жоспарлау қажет. Мәселен, бір жылдың көлемінде мынандай көлік аламын, үй саламын деп нақты жоспар қою керек. Үнемділік - ең басты қажетті қасиет", - дейді кәсіпкер.




Көрілген: 2810    Пікірлер: 0

сейсенбі, 06.04.2021, 13:04

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31