Алматылықтар неге Aparking-ке ашулы? - Әкімдік жауап берді

01 қазан 2021, 19:53

Алматылықтар Aparking қызметінің заңдылығына күмән келтіріп отыр, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

 

Қала әкімдігі алып шаһарда автотұрақ мәселесін реттеудің бұдан өзге оңтайлы шешімі жоқ екенін алға тартты.

 

Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен 2016 жылы ақылы автотұрақтардың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Содан бері әкімдікпен, атап айтқанда, "Алматы қаласының қалалық мобильділік басқармасы" КММ-мен жасалған шарт негізінде, "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС (тұрақ операторы) тротуар типті тұрақтарды ұйымдастыру және жайластыру қызметін көрсетіп келеді.

 

matritca.kz

 

Десе де, бұл қызмет Алматы тұрғындарының көңілінен шығып отырған жоқ. Майда ақша таба алмай төлемей қалса, суретке түсіріп алып, дереу 3 АЕК (1 АЕК — 2 917 теңге) көлемінде айыппұл салатынына да наразы. Тіпті, арасында әкімдікті "жекеменшік бизнеске лобби жасады" деп айыптағандар да бар. Бұл қисынға салсақ, Aparking алматылықтарға өз бидайын өзіне қуырып беретін болып шығады.

 

"Мен салық төлеймін. Сол салыққа көше жөндейді, бордюр салады. Ол жерге бір Aparking сияқты пысақай келеді де, өз ақшама жөнделген жерді өзіме жалға береді. Төлеуден бас тартсаң, мемлекеттік заңды орган ғана істеуі тиіс шараға барады. Айыппұл салады. Неге мен мемлекет балансындағы қоғамдық орында тұрғаным үшін жеке компанияға ақша төлеуім керек?" — дейді алматылық Азамат есімді көлік жүргізуші.

 

Әкімдік тағылған айыптармен мүлде келіспейді. Қала басшылығының пікірінше, бұл — кедергі шарасы. Ақылы автотұрақтардың негізгі мақсаты — көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайту.

 

almaly.kz

 

"Алматы орталығында 10 000 тұрақ орны бар. Бүгінде осы орынға күн сайын 80 000-ға дейін көлік таласқа түседі. Қалада осынша көлік сыятындай тұрақ жоқ. Сондықтан барлық тілек білдірушілерді тұрақ орындарымен қамтамасыз ету мүмкін емес. Жобаның негізгі міндеті — автокөлік иелерінің көпшілігінің тұрақтарға қол жеткізуіне ұйытқы болу", — дейді Алматы қаласының әкімдігі.

 

Әкімдік сөзі дәйекті болуы үшін әлемдік тәжірибені алға тартып отыр. Оған қарағанда, тұрақ орындары тапшы болса, тұрақ айналымдылығын арттыру керек. Оның бір тәсілі — тұраққа ақы алу.

 

Кейбір көлік жүргізушілері Aparking-тің қолайлы тұстары бар екенін де айтады. Қазір бұрынғыдай тұрақта адамдар терезеден ақы алып, көлікті кіргізіп шығармайды.

 

Қосымшадан ақы төлеу ыңғайлы. Кейбір жерлерде қосымшамен төлесе, елу пайыз жеңілдік бар, — дейді алматылық Сәкен.

 

Алматылықтарға ұнамайтын тағы бір жайт — ақылы тұрақтағы көліктердің бүтіндігі үшін ешкімнің жауап бермейтіні.

 

"Қоясың да кетесің. Біреу көлігіңді сырып кетті ме, жоқ па, ешкім жауап бермейді. Барахолкада ешқандай жеңілдік жоқ. Кірдің бе, бітті, үш жүз теңге төлейсің. Тіпті, әуежайдың өзінде он бес минутқа кіріп шықсаң, ақы алмайды. Бұл ақшаның бәрі кімге кетіп жатыр?" — сауал тастайды Нұрбол есімді жүргізуші.

 

©ЭК/Андрей ХАЛИН

 

Ақылы тұраққа арналған орындарды Алматы қаласының әкімдігінің өзі таңдайды екен. Көшедегі көліктердің көптігі басты назарға алынады.

 

"Әдетте, бұл — күн сайын көптеген адамдар баратын қоғамдық және муниципалды ғимараттардың алдындағы жолдар, сондай-ақ қала орталығында орналасқан сұраныс жоғары көшелер. Мұндай жерлерде көліктерді ретсіз қою әрдайым байқалады. Бұл көлік ағынына кедергі келтіреді. Сондықтан тұрақ орындарының жүктелу және айналымдылығын арттыру мәселелерін шешу үшін ақылы автотұрақтар құрылады", — дейді әкімдік.

 

Автотұрақтардың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі әзірге басқа қалаларда жоқ. Тіпті, Елорданың өзінде. Әр тоқтағаны ақша тұратын алматылықтар басқа жаққа барса, абдырап қалады екен.

 

Алматыда кірген-шыққан сайын төлеп дағдыланған басым Нұр-Сұлтанда тегін тұраққа үйрене алмай, ұрлық жасағандай боп жүрмін. Батпанқұйрықты неге ешкім алмаған, әлде құдалар бөлісе алмай жатыр ма? — деп жазды әлеуметтік желіде қолданушы Асылхан Мамашұлы.