"Алтын Орда" базарын салықтық тексеруден кейін Қазақстан бюджеті 1,5 млрд теңгеге толықты

16 мамыр 2022, 17:50

Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы облысындағы "Алтын Орда" базарының қызметін ретке келтіруге тапсырған болатын. Соған сәйкес мемлекеттік кірістер комитеті бірқатар бақылау шараларын жүзеге асырған. Қолданылған шаралардың нәтижесінде бюджетке 1,5 миллиард теңге салық төленді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, “Алтын Орда” базар аумағында сауда жасайтын 2993 тұлға кәсіпкер ретінде заңды түрде тіркелген.

“Оның ішінде ақпанда – 1371, наурызда – 1443, сәуірде – 179 кәсіпкер тіркелді. Бұрыннан тіркеліп, жұмыс жасап отырған жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды қоса есептесек, қазіргі уақытта жалпы саны 3324 субъектіні құраған. Бұрын базар аумағында сауда жасайтын 331 салық төлеуші есепте тұрған”, – делінген хабарламада

Бақылау шаралары базарды жалға алушы "Altyn Orda QazTrade Ltd"  ЖШС-і және базар иесі "KURYLYS LTD" ЖШС-іне қатысты жүргізілген. Комитеттің дерегінше, қолданылған шаралардың нәтижесінде бюджетке 1,5 миллиард теңге салық төленген.
“Оның ішінде "Altyn Orda QazTrade Ltd"  ЖШС-і – 1,4 млрд.теңге салық төлесе, "KURYLYS LTD" ЖШС-і – 92,3 млн.теңге бюджетке төледі. Одан бөлек, қолданылған шараның нәтижесінде "Altyn Orda QazTrade Ltd" ЖШС-і мен "KURYLYS LTD" ЖШС-іне камералдық бақылау бойынша жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгеге хабарламалар қойылып, 1,1 миллиард теңге қосымша салық есептелді. Қазіргі уақытта оның 650 миллион теңгесі бюджетке өндірілді”, – дейді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта "Altyn Orda QazTrade Ltd"  ЖШС және "KURYLYS LTD" ЖШС базар иелеріне қатысты салықтық тексерулер жүргізіліп жатқан көрінеді.