Арзаншылық болады деп ешкімнің де иегі қышымайды
Биыл азық-түлік бағасында тұрақтылық байқала қоймады. Соның ішінде  ұнның, еттің, өсімдік майының, жұмыртқаның қымбаттауы халықтың қалтасын одан сайын жұқарта түсті.
Бағаның өсімі әсіресе төтенше жағдай режимі енгізілген кезде қатты білінді. Елімізде бағаны тұрақтандыру үшін тауардың жеті түрін экспорттауға тыйым салынып, тоғыз түріне шекті баға енгізілсе де, Алматы мен Қызылордадан өзге өңірлерде бағаны шекті деңгейден асыру фактілері анықталып жатты.
Десе де биыл жыл басынан бері елдегі азық-түлік 9,6 пайызға қымбаттаған. ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың мәлімдеуінше, биылғы азық-түліктің ең қымбат бағасы Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар және Атырау облыстарында тіркеліпті. Үкімет отырысында министр баға өсімі туралы былай деді:
«Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 түрі бар тізімнің сегізі бойынша бағаның 10 пайыздан 30 пайызға дейін өсуі байқалады. Қант пен қарақұмық жармасы сияқты импортқа тәуелді тауарлардың бағасы қарқынды өсті. Оған жыл ішінде валюта бағамының және әлемдік бағаның өсуі себеп болды. Қант пен қарақұмық негізінен Ресейден импортталады, сәйкесінше тауарлар 33,6 және 34,6 пайызға қымбаттады.
...Күнбағыс майы әлемдік бағаның, картоп экспорттың өсуіне байланысты қымбаттады. Тауық санының азаюы мен өндірістің төмендеуі салдарынан жұмыртқаның бағасы өсті».
Министр не десе де тұтынатын тағам құнының тұрақтамауы онсыз да тұралаған халықтың жағдайын қиындатпаса, жеңілдете қойған жоқ. Кей дереккөздерге сүйенсек, биыл жоғары сұрыпты ұн бір жылда  24 пайызға, бірінші сұрыпты ұн 17 пайызға қымбаттапты. 2020 жылғы қазан айында  қалалардағы базарлар  мен дүкендерде жоғары сұрыпты бидай ұнының құны бір келі  үшін 231 теңгені құраған. Бұл 2019-жылғы қазан айына қарағанда  24,1 пайызға артық екен. Ал ұн бағасының бұлай көтерілуі нан, макарон және түрлі ұн өнімдерінің бағасына  әсер ететіні тағы бар.
Баға өсімі туралы «Аіkyn.kz» сайты қараша айында мынадай деректер жариялады: «Биыл азық-түлік емес тауарлар - 4,5, ақылы қызметтер бағасы 3 пайызға көтерілді.  Статистика комитетінің мәліметінше, қазан айында жұмыртқа бағасы - 10,3, күнбағыс майы - 6,3, көкөніс - 2,8, картоп - 2,1, сүт - 1,4, шай - 1, қой еті - 0,9, сары май - 0,8, макарон өнімдері мен жылқы еті - 0,7, нан - 0,6 пайызға қымбаттаған.
Темекі өнімдері - 1,8, салқындатылған сусындар 0,6 пайызға қымбаттады. Кеңсе тауарлары, дәрі-дәрмек - 0,8, көлікке арналған тазалайтын заттар - 0,7, тоқыма бұйымдары, киім және аяқкиім, жиһаз және үйге қажетті заттар 0,6, көмір бағасы 1,4 пайызға қымбаттаған».
Әрине, қазан айынан бері де бағалар бір орында тұрған жоқ. Алдағы Жаңа жыл мерекесінің қарсаңына орай азық-түлік құнының тағы да шарықтайтынын есепке алсақ, жұрт алған жалақысының жартысынан көп бөлігін тамаққа  жұмсағалы отыр. Қара халық түбінде қара нанға зар болып қалмаса болғаны.
М. ИБРАЕВА.