Азық-түліктің қымбаттағанына коронавирус кінәлі: Шенеуніктер мәлімдеме жасады

23 желтоқсан 2021, 23:53

Азық-түлік құнының күн сайын құбылуын шенеуніктер енді вируспен байланыстырып отыр. Олар пандемия аяқталмайынша, азық-түлік бағасы тұрақтанбайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Шетелмен алыс-беріс уақтылы іске аспаған соң баға да шарықтап жатыр дейді бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы. Ал отандық тауар бағасының қымбаттауына жол шығынымен қатар саудагерлердің сараңдығы да кері әсер етіпті. 

"Отандық өнімнің қымбаттағанының өзіндік бір негізі бар. Әрине, теміржол тасымалы, бензин, электр қуаты, шикізат бағасы қымбаттады. Бірақ, бір жағынан сөз байласу да бар", - дейді ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.

Ал Бақыт Сұлтанов болса, Жұманғариннің айтқанымен келіспейтін секілді. Кейбір тауарлардың  қымбаттағанын мойындаған министр оның себебі – елдегі өндіріс пен тұтыну көлемінің сәйкес келмеуі деп ақталды. 

"Бес аптаның ішінде баға тұрақтанды. Осы аптада қазір алдын ала деректер бойынша бағасы 19 әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша 0,2 пайызға тағы да төмендеді. Тауардың өндіру тұтыну көлемі бойынша 6 тауарда бізде тәуекел бар", - дейді ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.