Банк пен бизнес достығы неге әлсіз?

21 желтоқсан 2021, 22:56

Биыл шағын және орта бизнесті несиелеу көлемі 4,3 трлн теңгеге жеткен. Соның арқасында біраз бизнестің шаруасы оңалған. Осы деректі тілге тиек еткен Олег Смоляков банктердің экономиканы несиелеу қарқыны өсіп келеді дейді.

 

Берешектерді қайта құрылымдады

 

Жылдың бірінші жартысында экономиканың зардап шеккен секторларын 6 пайызға дейін субсидиялау бойынша 4 мың ШОБ субъектісіне 21,2 млрд теңге көмек көрсетілген. Тағы 114 кәсіпорын жалпы сомасы 4 млрд теңге болатын мер­зімі өткен берешектерін қайта құрылымдапты.

 

«Бұл шаралар көптеген ШОБ субъектісіне борыш­тық жүктемені қолайлы деңгей­ге дейін төмендетуге, артылған қаражатты қазіргі жұмысқа жұмсауға, сол арқылы қалып­ты қызметке оралуға мүмкін­дік берді», дейді Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агент­тігі төрағасының орынбасары О.Смоляков.

 

Сондай-ақ биылға 592 кәсіпорын несие төлемін кейінге қалдыру өтінішін беріп, 9,3 млрд теңгеге 547 субъектінің арызы мақұлданған. Микроқаржы ұйымдары 95 кәсіпорынға тап осындай жеңілдік жасаған. Сөйтіп, 102,1 млн теңгені төлеу кейінге қалдырылған. Мұны бір деп қойыңыз.

 

Заңды тұлға ретінде несие ресімдеу қиын

 

Ұлттық банк Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Күбенбаевтың айтуынша, бизнес тарапынан несиеге деген сұраныс әрқилы.

 

«III тоқсанда несие алуға түскен сұраныс былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға өсіп, 221 мың өтінішке жетті. Өтініштердің орташа мөлшері 21 млн теңгеге таяу. Көптеген банкте орта бизнестің несиеге сұранысы өткен тоқсанның деңгейінде сақталған. Ірі бизнеске келер болсақ, олардың пандемиядан кейін баяу қалпына келуіне байланысты несие сұранысы айтарлықтай төмендеді. Бұл ретте несиелердің мақұл­дану коэффициенті өткен тоқсан­мен салыстырғанда бизнес­тің барлық сегменті бойын­ша төмендеді. Дегенмен ШОБ үшін несиелеу тәртібі аздап жұмсарды. Ірі банктер биз­нес­тің жекелеген салалары бо­йын­ша тәуекел деңгейін қайта қарастырды», дейді Ұлт­тық банк өкілі.

 

Департамент басшысының сөзінен банк­тердің бизнесті несиелеуге келгенде әлі де қырсыз екенін аңғару қиын емес. Тіпті кәсіпкерлердің заңды тұлға емес, жеке тұлға ретінде несие рә­сім­деп, кәсіптеріне ақша құю мысалдары да кездесіп қалады. Өйткені банктен кәсіпкер ретінде ақша сұрау – бітпейтін қағаз жинау, таусылмайтын құжат толтыру. Әрі кепіл мүлкің болмаса ақша алмайсың деген қағидасы тағы бар. Қысқасы, мемлекет кәсіпкерге өзі ақша ұсынады, сосын өзі тобықтан қағады.

 

Долларлану орнына рубльдену мәселесі туындады

 

Біз мұны құр айғай, құрғақ мысалдан шығарып отырған жоқпыз. Экономикаға жеткілікті деңгейде несие бере алмай отырғанын банк басшыларының өзі мо­йындайды. Бірақ бар кінә оларда да емес. Halyk Bank АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова банк секторында үлкен өтім­діліктің болуына қарамастан, Ұлт­тық банк бекіткен базалық ставка әлем­дік немесе көршілес елдердің нары­ғын­дағыдай икемді немесе нақтылы әрекет етпейді деп санайды.

 

«Бұл жағдай экономиканы несиелеу ісіне әсер етпей қоймайды. Қазір біздің өтімділігіміз 4 трлн теңге төңірегінде. Экономикаға несие берудегі банктер үлесі 2009 жылғы ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 67 пайыз қатынасынан 2021 жылы 21 пайызға дейін құлдырап кетті. Несиелер негізінен тұтынушылық мақ­сат­та және ипотека ретінде берілуде. Банктердің экономиканы несиелеудегі ІЖӨ-ге қатысты үлесі 10 пайызға дейін құлады. Ресейде керісінше, экономиканы несиелеудегі ІЖӨ-ге қатысты үлесі 60 пайыз болып тұр» деді ол.

 

Банкир өздерін экономикаға несие бермейді деп айыптайтынын, бірақ оған әсер ететін елеулі себептер бар екенін жеткізді.

 

– Бірнеше фактордың бірі – Ресейге қатысты ел экономикасының бәсекеге қа­білеттілігі. Ресейлік тауар импорты кө­бейді және біз өндірген тауарлар бә­се­кеге сай болмай жатыр. Бұл жағдай Ресейде соңғы екі жылда базалық ставка 4,25 болып тұрған кезде орын алды. Бізге қарағанда Ресейден рубль арқылы несие алу арзанырақ. Егер бұрын долларландыру мәселесі өзекті болса, бү­гінде рубльдену мәселесі туындап отыр. Соңғы екі жылда биржада рубльмен жа­салған сауда көлемі үш есе – 10 млрд-тан 27 млрд рубльге дейін өсті. Бұл рет­те қазақстандық қарыз алушыларды ре­сейлік банктер тарапынан рубльмен қаржыландыру да өсіп жатыр, – деді Ү.Шаяхметова.

 

Halyk Bank басшысы осы орайда агросекторға ресурс жіберуге ниетті екендерін, бірақ ауыл шаруашылығын дамыту саясаты әлі күнге түсініксіз болғандықтан тәуекел етпейтіндерін айтты.

 

– Жеке тұлғалар портфелі енді тек өсе түседі. Тұтынушылық несиелеу кө­біне сыртқы тауарларды сатып алу­ға ба­ғытталған, яғни қарыз алушы­лар­дың қа­ражаты сыртқы экономика­ны қар­жы­лан­дыруға жұмсалады. Алайда бөл­шек несиені шектеп тастау – тығы­рық­тан шығудың жолы емес. Қарыздық жүктеме коэффициентіне баса мән бере отырып ақылға салынған салиқалы шешім табу керек, – деді Halyk Bank басшысы.

 

«Банк ЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайыновтың айтуын­­­ша, елімізде ШОБ-қа несие беру үшін заңды тұрғыда жақсы жағдай жасалған. Кепіл саясаты да қолайлы деңгейде. Алайда қарыз алушыға бағалау жүргізу ШОБ-ты несиелеудің негізгі проблемасы болып тұр дейді ол.

 

– Микро және шағын бизнесті несиелеу бөлшек несиелеуге қатты ұқсас. Бұл тұрғыда банктердің ақпаратқа қол­жетімділігі шектелген. Тек ішкі деректерге сүйеніп несие беруде автоматты шешім қабылдау қиын. Бөлшек несие бо­йынша бізге клиенттің зейнетақы жар­насын көруге мүмкіндік берілген. Банктер осы және басқа да тәуекелдерді бағалап үйренді. Ал микро және шағын бизнес сегментінде мұндайды істеуге мүм­кіндік бермейтін барьер көп. Мы­салы, олардың салық есебін, табысын көре алмаймыз. Тек біздің банктегі ай­налымы ғана көрінеді, – дейді банк төрағасы.

 

Шетелдіктердің көптігі – несиелеудің төмендігі

 

Басқа-басқа, осы сектордың ыстығын да, суығын да көрген мамандардың пікі­рін естіген соң, иланбасқа шараң қал­май­ды. Мәселен, Moody’s халық­аралық агенттігінің аға талдаушысы Семен Исаков пайыздық мөлшер­ле­мелердің тым жоғары болуы – қазақ­стан­дық банк саласының басты проблемасы деп санайды.

 

«Жоғары пайыздық ставкалар, әсі­ре­се корпоративті қарыз алушылар үшін банк несиелерін тартымсыз етіп отыр. Мемлекеттік даму институттары ар­қылы субсидияланатын несие­леу­дің жоғары көлемі де теориялық тұр­ғы­дан коммерциялық банктерге түсуі мүмкін бизнестің бір бөлігін басқа жақ­қа бұрады. Бұл жағдайды түзету үшін теңгедегі ұзақ мерзімді жинақтарға деген сенімді арттырумен қатар инфляция деңгейін төмендету қажет. Бұл жаңа клиенттерді тартуға, қазіргі клиенттердің үлкен көлемдегі несие қарызына қызмет көрсетуге көмектеседі», дейді С.Исаков.

 

«Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғындағы АКРА кеңсесінің басшысы Асқар Елемесовтің айтуынша, қазір банк секторының проблемасы шаш етектен.

 

– Соңғы жылдары экономиканың нақты секторын несиелеудің тоқырауына байланысты Қазақстан банктерінің атына көп сын айтылуда. Расымен, егер көршілес елдердің несиелеу көрсеткішімен салыс­тырар болсақ Қазақстанның жетістігі жоғары емес. Жалпы, алдағы жылдары еліміздегі банктік несиелеудің өсу әлеуеті төмен. Бұған, бірінші кезекте экономиканың шикізаттық бағыт ұс­тануы және өндіру салаларында шетелдік ірі ойыншылардың көптігі себеп. Тікелей шетелдік компанияның бақылауындағы кәсіпорын халықаралық нарық арқылы қаржыландырылады. Олар жергілікті банктерге өте сирек жүгінеді. Міне, нарығына шетелдіктерді көп кіргізіп алған Қазақстан, Әзербайжан сияқты елдерде банктік несиелеу деңгейі өте төмен болады, – дейді қаржыгер.

 

Шағын және орта кәсіпкерлік оңала қойған жоқ

 

2019 жылғы дерек бойынша жеке секторға берілген банк несиесінің үле­сі ІЖӨ-нің 21,20 пайызын құраған. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 30,04, ал Ресейде 52,35 пайызды құрайды.

 

«Соңғы жылда ел экономикасындағы банк секторының үлесі төмендеп кетті. ІЖӨ-дегі несие портфелі үлесінің 20 па­йыздан әрең асуы өте төмен көрсеткіш. Секторға ауқымды тазалау жүргізу және орнықты өсімге жол ашу, соған сай эко­номикадағы рөлін арттыру үшін банк­тер­де­гі корпоративті басқару сапасын және ашықтығын күшейту өте маңызды», дейді S&P Global Ratings қаржы институттары және мемлекеттік қаржы бағытының директоры Ирина Велиева.

 

Мемлекет пандемия басталмай тұ­рып-ақ шағын және орта бизнеске бел­сен­ді қолдау көрсету тетіктерін іздей бас­таған еді. Алайда оқыстан індеттің бас­талуы бұл шаруаны одан әрі жеделдете түсті. Сөйтіп, мемлекет қазынасынан ШОБ-қа миллиардтаған қаржы аударылды.

 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбіл­қа­сымованың айтуынша, эконо­ми­ка­ның зардап шеккен секторларында кәсіпкерлерге мақсатты қолдау көрсету үшін барлық ШОБ субъектілеріне

6 пайызға дейін ставкаларды субсидия­лау қамтамасыз етілген. Жалпы сомасы 740 млрд теңге болатын субсидияны 4 839 компания алыпты.

 

«Банктер дағдарысқа қарсы шараларды қолдады. 2020 жылы және 2021 жылдың бірінші жартысында зардап шеккен салаларда ШОБ үшін кредиттерді кейінге қалдырып, қайта құрылымдады. Нәтижесінде, 2019 жылғы 13 пайыз болған теріс мәнмен салыстырғанда біз 2020 жылды ШОБ кредиттерінің 7,2 па­йызға өсуімен аяқтадық. 2021 жылғы сәуірден басталған экономикалық өсуді қалпына келтіру аясында биыл 9 айда ШОБ кредиттерінің өсуі 18,6 па­йыз­дан, ал экономикаға кредиттердің жал­пы өсуі 16 пайыздан асты», дейді М.Әбілқасымова.

 

Соған қарамастан ШОБ шаруа­сы әлі оңалып кете қойған жоқ. Жыл басынан бері жұмысын уақытша тоқтатқан шағын кәсіпорындар саны 15 пайызға көбейген. Тіркелген 340 мың компанияның 120 мыңы жұмыс істемейтін болып шыққан. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша жұмысты уақытша тоқтатуға шешім қабылдаған ШОБ субъектілерінің әрбір үшіншісі сауда саласына (29,3 пайызы) тиесілі екен. Пандемия дауылынан зардап шеккендер қатарында құрылыс фирмалары мен түрлі қызметтерді ұсынушы шағын компаниялар да бар.

 

 

 

egemen.kz