Банктер салық борышы өтелген шоттарды өз бетімен бұғаттан босата алады

17 қаңтар 2022, 17:45

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер салық берешегін толықтай өтеген кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың шоттарын өз бетімен бұғаттан босатуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті. Дегенмен, әңгіме банк шоттарының шығыс операциялары туралы болып отыр.

 

«Енді банктер салық қарыздарын толықтай төлеген кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банк шоттарын өздігінен аша алады. Құзырлы органның салық төлеушінің банк шоттарындағы шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінде көрсетілген берешек толық өтелген жағдайда банк салық органының өкімді кері қайтарып алуын күтпей-ақ шығыс операцияларын дербес жаңартуға құқылы», - деп жазады комиеттің баспасөз қызметі.

 

Бұл өзгерістер 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

 

Еске салсақ, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап салық берешегі 18 мың теңгеден кем жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банктік шоттары бұғаттауға шектеу қойылған болатын.

 

«Бұл өзгерістер кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Салық заңнамасына (Салық кодексінің 118-бабы) енген өзгерісте бойынша, заңды тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің және жеке практикамен айналысатын адамдардың банк шоттары бойынша шығыс операциялары салық берешегі 6 АЕК (2022 жылы 18,4 мың теңге) мөлшерінен асып кеткен жағдайда ғана тоқтатыла тұрады», -делінген ресми түсіндірмеде.