Нарық

Банктің "қара тізіміне" кірген адамдар оңалтылады – сарапшы

  • © Sputnik / Виталий Аньков

    © Sputnik / Виталий Аньков

Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Кездесу кезінде қарызға батқан жеке тұлғаларды оңалту, кредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемесін реттеу және проблемалық қарыздардың сотқа дейінгі тәртібін күшейту жайында айтылды. Осының бәрі биыл енгізіледі деген жоспар бар. Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшыларға хабарласып, банктің "қара тізіміне" кірген адамдарды оңалту тетіктері қалай іске асатынын білді. 

 

 Заңның қабылданғанын қаламайды

 

Қаржыгер Расул Рысмамбетовтың ойынша, қарызға батқан жеке тұлғаларды оңалту аясында көптен бері талқыланып жатқан  "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қабылдануы мүмкін.

 

"Ақыры осы заңды қабылдау жайында айтылған сияқты. Меніңше, "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң сөз болды. Оны талқылап жатқанымызға біраз уақыт болды. Бірақ осы құжат ылғи бір кедергілерге тап болып жатады. Шамасы, біреулер оның қабылданғанын қаламайтын сияқты", - дейді Рысмамбетов.

 

Сарапшы кредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемесін реттеу тетіктеріне де тоқталды. Соның аясында қаржы ұйымдарына ортақ жылдық тиімді мөлшерлеме реттелуі мүмкін.

 

"Жаңылмасам, қазір бізде банктер мен шағын қаржы ұйымдары үшін жылдық тиімді мөлшерлеменің көлемі 56 процентті құрайды. Негізі банктерде оның мөлшері төмен болуы керек. Білуімше, кейбір банктер осыны барынша пайдаланып, сан алуан схемалар арқылы мөлшерлемені 40 процентке дейін апарады", - дейді Рысмамбетов.

 

Ал проблемалық қарыздардың сотқа дейінгі тәртібін күшейткеннен кейін осы санаттағы кредиттер бірден коллекторларға берілмеуі мүмкін. Алдымен банктер барынша өздері шешуге тырысады. Содан кейін ғана коллекторлық компанияларға сатуы мүмкін.

 

"Әйтпесе, қазір банктер проблемалық кредиттерді бірден қысым жасайтындарға бере салады. Олар адамға қайта-қайта телефон шалып, қарызды қайтаруды талап етеді. Достарына, таныстарына, туған-туыстарына айтады. Меніңше, ол дұрыс емес. Сондықтан алдағы өзгерістер аясында банктер алдымен өздері қарызды қайтаруға міндетті болады, содан кейін ғана "ақпараттық рэкетирлерге" беруге рұқсат алады", - деп атап өтті Рысмамбетов.

 

 "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қайда кетті?

 

2015 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдау арнағанда үкіметке жеке тұлғалардың банкроттығын жариялау тәртібін әзірлеуді тапсырған. Елбасы осы процедуралар барынша жылдам әрі жеңіл жасалуы қажет деп айтқан.

 

Бір жылдан кейін қаржы министрлігі жаңа заңның тұжырымдамасын әзірледі. Ал 2017 жылы халыққа таныстырылды. 2018 жылы экс-президент тағы жеке тұлғалардың банкроттығын тездетуді тапсырады. Содан сәуір айында заң жобасының соңғы редакциясы жарияланды. Құжат "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру" деп аталды.

 

Осы құжатта төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің екі процедурасы көрсетілген болатын. Біреуі &ndash қарызды қайта құрылымдау (сотқа дейінгі шара), екіншісі &ndash соттың шешімі негізінде қарыз алушының мүлкін сату.

 

2018 жылы тамыз айында заң жобасын мәжіліске жіберу жоспарланған. Алайда құжат төменгі палатаның қарауына түспеді. Ал қараша айында үкімет осы заң жобасына қатысты жұмысты тоқтатты.

 

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру талаптары

 

Бес жыл бұрын әзірленген заң жобасында адамның кредитті төлей алмауының нақты көрсеткіштері де белгіленген. Олар:

 

* қарыз үш айдан астам уақыт қайтарылмаса;

* жалпы қарыздың көлемі өзіне тиесілі мүліктің құнынан асып кетсе.

 

Сосын адам кез келген уақытта банкроттықты бастай алады. Ал кредит берген қаржы ұйымы тек сотқа жүгініп, мүлікті сатуды талап етеді.

 

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібі де жазылған болатын. Оған сәйкес, қарызды төлей алмаған адам алдымен мемлекеттік кірістер комитетінің жергілікті органдарына өтініш түсіреді. Соның негізінде бес күннің ішінде банкроттық процедурасы ашылады да, қаржы әкімшісі тағайындалады. Осы маман қарызды қайта құрылымдауға көмектеседі. Қарыздың сомасы өзгергеннен кейін ай сайынғы төлемдердің жаңа кестесі жасалады. Осылайша адамның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру көзделген болатын. Ал жаңа кесте бойынша төлемдер жасалмаса, қаржы ұйымы сотқа жүгінеді де, қарыз алушының мүлкін сатуды талап етеді. Соның есебінен қарыз жабылады.

 

Сарапшылардың сөзіне қарағанда, 2018 жылы заң жобасын қабылдамаудың бір себебі &ndash ипотекалық бағдарламалардың қабылдануы. Мәселен, "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Соның қарыздары қайтарылмайды деген қауіп болған тәрізді.

 

Дегенмен Назарбаевтың кезінде қолға алынған заң жобасы Тоқаевтың тұсында өзгеруі де мүмкін. Sputnik Қазақстан тілшісі осыны қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен сұрады. Мекеме мамандары жаңа нормативтік-құқықтық актінің әзірленіп жатқанын жеткізді.

 

Шағын кредиттер көбейе ме?

 

"Мен бұл жерде банктік лобби көріп отырмын. Олар тағы шағын кредиттерді көптеп беруді көздейтін сияқты. Жалпы тұтынушылық кредиттер импортты ғана көбейтіп отыр ғой. Себебі ол ақшаға көбінесе шетелдік тауарлар сатып алынады. Қазірдің өзінде бізде төлем балансы теріс болып тұр. Біз экспорттан бұрын импортты көп әкеліп жатырмыз. Олай кете берсе, ұлттық валютамыз әлсірей береді. Негізі тұтынушылық кредиттердің өсуі мен ұлттық теңгенің әлсіреуі арасында байланыс бар. Оны дәлелдеуге болады", - дейді қаржыгер Рысмамбетов.

 

Сарапшының айтуынша, бүгінде импортты алмастыратын жобаларға басымдық берген жөн. Осы санаттағы бастамаларды несиелендіру керек.

 

"Біздің экономикамызды шетелдік өтектер пен шәйнектер өсірмейді ғой. Экономиканы нақты кәсіпорындарға берілген кредиттер дөңгелетіп отыр. Сондықтан банктер импортты алмастыратын жобаларға кредитті көптеп беруі тиіс. Оған мемлекет тарапынан да біраз ақша бөлінеді", - деп түйіндеді Рысмамбетов.

 

 

 

 

 




Көрілген: 4644    Пікірлер: 0

бейсенбі, 11.02.2021, 19:57

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30