Нарық

Баспана алу тәртібі өзгерді: "сатылы жүйенің" ерекшелігі қандай?

  • https://24.kz/

    https://24.kz/

Қазақстанда тұрғын-үй саясаты нарықтық экономика заңдарына сай жүргізіле бастады. Бұрынғыдай тегін үй жоқ. Үкімет те бұдан былай баспана кезегіне тұрған халықты "төлем қабілеті бар" және "төлем қабілеті жоқ" деп екі санатпен ғана қарастыратынын қайта-қайта айтып келеді. Бұның барлығы сатылы жүйемен жүзеге асады.

 

Ал әкімдіктегі баспана кезегі "Отбасы банкіне" берілсе, адамдар "қалтасына қарай пәтер алу жүйесін" толығымен түсінетін сияқты. 

 

Тұрғын-үй саясаты қалай өзгерді?

 

Бұрын мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала мамандары мен жас отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламалары жиі қолға алынатын. Сол кезде республика бойынша біраз адам баспаналы болды, пәтерді нарықтық бағадан екі-үш есе арзанға алуға мүмкіндік жасалды. Дегенмен, осы іспетті бағдарламалардың кемшілігі де анық байқалды. Біріншіден, құрылыстың сапасы сын көтермеді. Екіншіден, мемлекеттік бағдарламамен таратылған пәтерді жалға беру жағдайлары көбейді. Демек, арзан пәтерді қалталы азаматтар да алды.

 

Ал мүгедектер, жетімдер және тағы басқа әлеуметтік жағдайы төмен адамдар әкімдікке сүйретіліп, баспана кезегіне тұрды. Үкіметтен тегін пәтер алуды армандады. Себебі өз ақшасы тамағынан артылмайды.

 

Германияның тәжірибесі негізінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ашылған соң халық баспанаға ақша жинауды үйрене бастады. Үкімет те тұрғын үй саясатын өзгертуге кірісті.

 

Бүгінде мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала мамандары мен жас отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар келмеске кетті. Тұрғын үй жинақтарына басымдық жасалып отыр. "Үй алғың келсе, ақша жина!" қағидаты кеңінен насихатталады. Ал ақша жинауға жағдайы жоқ адамдар үшін жалдамалы баспана беру шаралары қолға алынды. Осылайша, "төлем қабілеті бар" және "төлем қабілеті жоқ" деген санаттар пайда болды. Бұдан былай баспанаға мұқтаж адамдарды тек солай ғана екіге бөліп қарастырады.

 

Сатылы жүйенің ерекшелігі қандай?

 

Сонымен, "төлем қабілеті бар" және "төлем қабілеті жоқ" адамдарға баспана қалай беріледі? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сатылы жүйені әзірлеп қойды. Оған сәйкес, әрбір адамға табысына қарай баспана ұсынылады. Былайша айтқанда, әркім қалтасына қарай пәтер алады.

 

Сатылы жүйенің бағыттары:

 

* отбасының әр мүшесіне санағанда ай сайынғы табыс 1 күнкөріс шегінен немесе 31,2 мың теңгеден аспаса, онда жалдамалы пәтер беріледі;


* отбасының әрбір мүшесіне шаққанда кіріс 2 күнкөріс шегі немесе 62,4 мың теңгені құраса, "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша жылдық 2 процентпен ипотека алуға болады;


* отбасының әрбір мүшесіне санағанда ай сайынғы табыс 3 күнкөріс шегінен - 96 мың 700 теңгеден аспаса, жаңа "5-10-20" бағдарламасына қатысуға болады.

 

Ал табысы одан жоғары адамдар екінші деңгейлі банктер арқылы "7-20-25" бағдарламасымен ипотека рәсімдей алады. Осы жүйенің бір артықшылығы, қалталы азаматтар арзан пәтер сатып ала алмайды. Себебі отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табыстың көлемі анық жазылған. Одан асып кетсе, жалдамалы пәтер де, жеңілдетілген ипотека да берілмейді.

 

Алғашқы жарнаны кім береді?

 

Осылайша, әрбір адамның төлем қабілеттігіне баса назар аударылады. Бұрынғыдай әлеуметтік мәртебеге қарамайды. Мәселен, әкімдік кезегінде тұрған жетім балалар, I және II топ мүгедектері, зейнеткерлер және тағы басқалар жалдамалы пәтерге кіре алады. Әрине, ондай баспана кезекпен беріледі. Бірақ оны жеке меншікке аударуға рұқсат жоқ.

 

Сол сияқты көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды асырап отырған отбасыларда әрбір адамға шаққанда табыстың көлемі 31,2 мың теңгеден аспаса, жалдамалы пәтерге құжат тапсыруға мүмкіндік бар. Бірақ кірістің мөлшері 1 күнкөріс шегінен артылған жағдайда олар автоматты түрде "төлем қабілеті бар" адамдардың санатына өтеді де, 2 процентпен, я болмаса, 5 процентпен ипотека алуға тура келеді.

 

Бірақ осы орайда заңды бір сауал туындайды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар алғашқы жарнаны қалай жинайды? Жаңа жүйенің кемшін тұсы осы болса керек.

 

Әкімдікте баспана кезегі болмай ма?

 

Жақында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов "төлем қабілеті бар" және "төлем қабілеті жоқ" адамдардың бірыңғай тізімін жасау жайында айтты. Оның айтуынша, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізінде ашылатын "Отбасы банкінде" бірыңғай тізім болады. Сол бойынша жалдамалы және кредиттік баспана беріледі. Ал ең бастысы, үй алу құқығы белгілі бір қаламен шектелмейді.

 

"Қазақстан азаматы "Отбасы банкінің" ақпараттық базасында болатын кезек бойынша баспананы кез-келген облыста ала алады", - дейді Атамқұлов.

 

Демек, "Отбасы банкінде" бірыңғай тізім болса, әкімдікте кезек жүргізудің қажеті болмай қалады. Жергілікті атқарушы органдарда жиналған барлық мәлімет пен кезекте тұрған адамдардың тізімі банкке берілуі әбден мүмкін. Әзірше, нақты алгоритм жоқ. Алайда осыдан кейін адамдар әкімдікке емес, банкке барып, кезекке тұратын болса, әлеуметтік мәртебеден бұрын төлем қабілеті маңызды екенін түсіне бастайды.

 

P.S. Бүгінде астанада митингке жиі шығып жүрген көпбалалы аналар үкіметтен тегін баспана берілмейтінін түсінген сияқты. Бұрын олар пәтер беруді талап етсе, соңғы кезде 2 проценттік ипотеканың шарттарын жеңілдетуді сұрай бастады. Алғашқы жарнаны алып тастау қажет дейді. Себебі көп баламен алғашқы жарнаны жинау мүмкін емес. Шыны керек, орынды мәселе.

 

 




Көрілген: 440    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 17.06.2020, 17:27

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30