Нарық

Баспана бағасы күрт көтерілді. Себебі мен салдары

  • https://mskguru.ru/

    https://mskguru.ru/

Қазір қымбат емес өнім, тауар, қызмет іздеу қисынсыз. «Арзан» атты дүкендер қалған шығар, бірақ арзан дүние қалған жоқ.

 

Киім де, көлік те, тамақ та зәу биікте. Түскісі жоқ. Соның қатарында баспананы да байқаймыз. Зейнетақы қаржысын пайдалану жайы бағаның қолтығына одан әрі су бүркіген сыңайлы. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылдың қаңтар айында бірінші нарықтағы үйлер 3, екінші нарықтағылар 5 пайызға қымбаттап кеткен.

 

Үй бағасына не әсер етеді?

 

Бірінші нарықтағы үйлердің жылдық өсімі (2019 жылмен салыстырсақ) 7,3, екінші нарық үйлерінің жылдық өсімі 17,9 пайызды құрап отыр. Біз әңгімеге тартқан «Оценка собственности» ЖШС талдау департаментінің директоры Анна Шацкая зейнетақы қорынан 721 мың адамның 1,4 трлн теңге алатынын, бұл тұрғын үй нарығы үшін елеулі сома екенін айтады.

 

&ndash 2019 жылы тұрғын үй нарығындағы келісімдер көлемі 5,5 трлн теңге болды. Яғни 1,4 трлн теңге &ndash жылдық сұраныстың 25 пайызы. Алайда бұл соманың біраз бөлігі басқа мақсатта жұмсалатындықтан, түгелімен тұрғын үй нарығына келеді деуге негіз жоқ. 1,4 трлн теңгені 721 мың адамға бөлсек, орта есеппен адам басына 1,942 млн теңгеден келеді. Олардың 80 пайызы баспана нарығына келсін делік, үй бағасы біздің елде орташа &ndash 16,3 млн теңге, демек бұл қаржы (1,942 млн теңге) ол бағаның 9,5 пайызы, яғни, алғашқы төлем жасауға да жетпейді. Сол себепті, қордан алынған қаржы дәл қазір пайдаланылмай, әлі 2-3 жыл өз уақытын күтетін сияқты, &ndash дейді А.Шацкая.

 

Orda Invest корпорациясының басқарма төрағасы Шалқарбек Талипов құрылыс материалдары мен жұмыс бағасының өсуі үй құнының қымбаттауына дем бергенін айтады.

 

&ndash Тек 2020 жылы құрылыс материалдары мен жұмыс бағасы 20-30 пайызға өсті. Алайда бұл тұтынушыларды тежемейді. Үй сатып алғысы келетіндердің кезегі ұзақ. БЖЗҚ төлемдері арқылы тұрғын үй сатып алу әлдеқайда қолжетімді болды. Алайда, бұл мәселе бойынша пессимистік болжамдар бар. Жоғары сұранысқа байланысты жылжымайтын мүліктің қымбаттауын ешкім жойған жоқ. Бағаның жалпы өсуі шетелдік материалдардан салынған ғимараттардың қолжетімділігін едәуір төмендетеді, &ndash деп жазады Ш.Талипов желідегі парақшасында.

 

Бұрын құрылыс компаниясын басқарған, қазір Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев желідегі жазбасын «Ақтауда үй неге қымбаттап кетті?» деген сұраққа жауап берсем» деп бастайды. Дегенмен депутат келтірген дәлелдер жалпы нарықтағы картинаны да бере алатын секілді:

 

&ndash Өткен жылдың соңында арматура бағасы 215 мыңнан 340 мың теңгеге көтерілді. Газоблок 17 мыңнан 23 мыңға, ұлутас 5 мыңнан 10 мыңға, терезе-әйнек материалдар 40, ағаш 30, технологиялық қондырғылар 25, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарына қажет материалдар 30 пайызға қымбаттады. Екіншіден, әлемдік пандемия әсерінен жұмыс күші қымбаттады. Алыс, жақын шетелдерден (Өзбекстан, Қарақалпақстан, Әзербайжан) жұмыс күші келе алмады да, соның әсерінен құрылыс тоқтап қалған кездер болды. Бұрын текше метрі 5 мың теңгеден қаланатын тас қазір 12 мың теңгеден қаланып жүр. Үй бағасына бұл да әсер етеді, &ndash дейді С.Мұсабаев.

 

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов осы мәселеге орай Премьер-министрдің атына тікелей сауал жолдаған. Ол нарыққа лықсып төгілгелі тұрған топан ақшаны көріп сілекейі шұбырған құрылыс компанияларына ренішін білдірген.

 

&ndash Былтыр «5-10-20» бағдарламасына 390 млрд теңге бөлінді. «7-20-25» бойынша 309 млрд теңге мақұлданды. «Баспана-Хит» бойынша &ndash 431 млрд теңге. Енді БЖЗҚ арқылы қаржы беріледі. Триллиондаған теңге нарыққа келеді. Әрине, құрылыс компаниялары бұған реакциясын көрсетті. Азаматтар күтіп отырғандай тұрғын үй сапасын көтеру арқылы емес, бағасын көтеру арқылы реакция танытты. Ипотеканы субсидиялау деңгейінің артуы, БЖЗҚ қаржысын ішінара пайдалану шешімі әрине, құрылыс компанияларының аранын аша түседі. Біз арматураны, шатыр жабындарын, қаптайтын материалдарды, цементті, құбырларды 400 млн-нан астам долларға импорттаймыз. Өзге экономиканы, бірінші кезекте Ресейді қаржыландырып отырмыз, &ndash дейді.

 

Депутаттың ұсынысы бойынша, мемлекет бұдан былай тұрғын үй бағасының өсу себептерін талдап, барлық мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар бойынша шаршы метріне шекті баға белгілеп, құрылыс компанияларының отандық өндірісті дамыту міндеттемелерін қарастыруы қажет.

 

Баспана нарығының бас ауруы...

 

А.Жамаловтың айтуынша, қазір тұрғын үй кезегінде 540 мың адам тұр. Құрылыстың қарқынды жүріп жатқанына қарамастан кезек азаймаған, керісінше өсе түскен.

 

&ndash Халықтың әлсіз тобына тұрғын үй қарызын беру үшін іске қосылған «Шаңырақ» бағдарламасы көп балалы, жалғыз басты ата-аналар, I және II топтағы мүгедектер, жетім балалар сияқты санаттарға қолжетімсіз. Келіп түскен 37 мың өтінімнің небәрі 1500-і ғана мақұлданған, &ndash дейді депутат.

 

Оның айтуынша, бірінші кедергі &ndash осы санаттағы азаматтарда соңғы алты айдағы еңбек аударымының жоқтығы болса, екіншісі &ndash тұрғын үйді бірінші нарықтан ғана сатып алу туралы талап. Ал жаңа үйдің бағасы қымбат. Бұл ойды «Оценка собственности» ЖШС талдау департаментінің директоры Анна Шацкая да қуаттайды.

 

&ndash Жеке құрылыс компаниялары өздері үшін тиімсіз шарттармен пәтер сатуға ықыласты емес. Ереже бойынша олар пәтерлердің 90 пайызын құрылыс кезінде сатады және үйді толық тапсыру кезінде мүлде пәтер қалмай қалады. Ал бұл бағдарлама негізінде тұрғын үй құны бойынша шектеулері бар (Нұр-Сұлтан, Алматыда 18 млн, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағандыда 15 млн-ға және өзге қалаларда 12 млн теңгеге дейін) мұндай пәтерлерді бірінші деңгейлі нарықтан іздеуді қиындатып жібереді, &ndash дейді А.Шацкая.

 

Сарапшының айтуынша, тұрғын үй саясатын жетілдіру туралы жаңа пакет қазіргі бағдарламалармен үй ала алмайтын және өз кезегін ұзақ жыл күтетін адамдар үшін арендалық тұрғын үй сегментін дамытуды қарастыруы керек.

 

&ndash Олар &ndash жетімдер, көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедектер, табысы төмен азаматтар. Сондай-ақ коммуникациямен жабдықталған жер телімдерін азаматтарға бөлу, типтік жобаларды әзірлеу, жеке үй құрылысына ипотекаларды субсидиялау арқылы жеке үй құрылысын дамыту өзекті және ашық проблема болып қала бермек. Бұл бағыттың перспективасы жоғары, бірақ мүлде дамымаған, &ndash дейді сарапшы.

 

А.Шацкаяның айтуынша, жеке үй 1 шаршы метрінің өзіндік құны (95,6 мың теңге) көп қабатты үй шаршы метрінің өзіндік құнынан (145,1 мың теңге) төмен. «Оның үстіне пандемия кезінде азаматтардың жеке үйге деген қызығушылығы бірнеше есе артты. Жер беру мәселесі қанша жылдан бері күн тәртібінде тұр, алайда әлі шешімін таппады. Аталған бағыт бойынша азаматтарға жер учаскелерін беру және жеке тұрғын үй құрылысын жеңілдетілген мөлшерлемемен несиелендіру үшін арнайы ипотекалық бағдарламаны қамтитын жеке бағдарлама әзірлеу қажет» деген ұсынысын жолдады «Аналитика недвижимости» агенттігінің жетекшісі.

 

Ш.Талиповтің айтуынша, биыл құрылыста отандық материалдардың үлесі және кірпіштен, газоблоктан жасалған үйлердің танымалдылығы артпақ. А.Шацкаяның болжауынша, Алматыда бір бөлмелі пәтер 12 млн, Нұр-Сұлтанда 10,5 млн-нан басталады.

«Өңірлерде орташа баға диапазоны &ndash 9-7 млн теңге. 2021 жылдың соңында олардың құны орташа 9-9,7 пайыз деңгейінде болмақ», деді сарапшы

 

 

 

egemen.kz




Көрілген: 2382    Пікірлер: 0

сейсенбі, 16.02.2021, 02:19

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30