ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевтың мәлімдеуінше, нарықтан жалға алынған баспана ақысының жартысын төлеу тетігі 1 мамырда іске қосылады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев:
– Баспананы жалдау ақысы мен мемлекеттен бөлінетін қаражат аударылатын жалдаушылардың шоттары үшінші тұлғалардың өндіріп алуларынан, тыйым салуларынан және өзге де шектеулерден қорғалады.
Вице-министрдің айтуынша, бұл қолдау шаралары қысқа мерзімде 70 мыңға жуық кезекте тұрған адамның баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Еркебұлан Дауылбаев:
– Табысы төмен, үй кезегінде тұрған жандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін жедел шешу мақсатында Министрлік пәтерлерді жеке тұрғын үй қорынан жалдау ақысын субсидиялау тетігін пысықтауда. Сол арқылы көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) төмен отбасылар үймен қамтамасыз етіледі.
Вице-министр төлемдерді тағайындау ережелері бекітілгенін, бұл тетік осы жылдың 1 мамырынан іске қосылатынын атап өтті.