Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

«Базар реформасы» нәтиже бере ме?

20 сәуір 2011, 12:08

Біраздан бері еліміздегі атқарушы билік базар мәселесіне бас ауыртып жүр. Осыдан бірер жыл бұрын құзырлы тарап өкілдері «мемлекетімізде мән-мағынасы келіскен, сауданың көрігін қыздыратын халықаралық талапқа сай әмбебап базарлар салынады» дескен болатын... Биылғы көктем базар мәселесі тағы бір мәрте қаузалды.
Бұған қатысты Алматы қаласының әкімдігі «Алматы қаласы бойынша 74 базар бар болса, олардың 34-і талапқа сай емес. Алдағы уақытта Алматы базарла­ры­ның саны азаяды» деген ақпарат таратты. Қаладағы барлық сауда орындарын сара­лап шыққан сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары Алматыдағы 74 базардың барлығы да талапқа сай еместігін, десек те, оның 40-ын қайтып қалыпқа келтіруге болатынын, ал қалған 34-ін бұзбаса болмайтынын мәлім етті. Мәселен, Алматы қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының орынбасары Жанат Айтілеудің айтуынша, қаладағы базарлардың көбі құрылысқа қатысты заңдарды өрескел бұзған. Көп жерде нысан шектеулі жерден асып кеткен. Сондай-ақ ережеде көрсетілген көлік тұрақ­тары атымен жоқ. Базарлар орналас­қан көшелерде автокөліктер жүре алмай­ды, тығырыққа тіреледі. Бұл ретте маман­дар «қаланың келбеті, магистраль бойын­да­ғы ғимараттар болғандықтан, осы ғима­рат­тар маңындағы, қызыл сызықтың ішін­дегі орналасқан базарлардың бәрі жа­былады. Ол үшін жер комитеті жұмыс істеп отыр» деді.
Сөйтіп, «Алматы ажарын қайта қалпына келтіреміз» деген әкімдіктегілер «базар реформасына» биылдан бастап кірісіп те кетпек. Ал бұл мәселені бірден шешудің, сапасы сын көтермейтін базарларды лезде «сүріп» тастаудың мүмкін еместігі тағы ақиқат.
...Ендігі бір ақиқат біздің елде қара базардан қалағанын алып, шын мәнінде, базарға барып базарлап, көңілі көтеріліп қайтатын жұрт некен-саяқ. Себеп белгілі де... Нақ қазір базардағы жабайы сауда, тұ­тынушыны алдап-арбау, базар сатушы­ла­рының бейпіл сөздері, базардағы даң­ғаза-шу халықты әбден мезі етіп болған. Осы­дан болар халықтың басым бөлігі «ба­зарға қатысты расында да бір реформа керек» деседі. Бұл ретте «Адал» тұтынушы­лардың құқын қорғау қоғамдық бірлестігі­нің төрайымы Артық СЕЙІТҚАЛИЕВА бы­лай дейді:
– Базар мәселесіне қатысты айтарым, біздің базарларымызда тұтынушылардың құқы өрескел бұзылады. Қазір кез келген базар сатушысынан тауар сертификатын сұрасаңыз, олар оны мүлде көрсете алмай­ды. Өйткені олардың тауарларында сапа сер­тификаты мүлдем жоқ. Тіпті қайсыбір сатушылар сатып тұрған тауарының қай жақтан әкелінгенін де айта алмайды. Сату­шыларда сатушы мәдениеті қалыптаспаған. Тұтынушыға сатып алатын тауары туралы толық ақпарат берілмейді. Санитарлық талаптар сақталмайды. Біздегі базарға қатаң мемлекеттік бақылау керек. Меніңше, жабайы сауда қалыптастырып отырған қара базарлардың орнына эли­талық шағын базарлар салынып, ол аптап ыстықта адамды шаршатпайтын, суықта адам дірдектеп тоңбайтындай төбесі жабық, шағын-шағын дүкендер тәрізді болса жөн болады, – деп есептеймін.
...Бұл тұтынушылардың құқын қорғай­тын бірлестік басшысының пікірі. Жалпы, бірлестік басшысының айтуынша, аталмыш мекемеге базар мәселесіне қатысты ша­ғым-арыздар көптеп келеді. «Әсіресе ба­зар­дағы азық-түліктердің, киім-кешек­тер­дің сапасыздығына, базар маңының ластығына қатысты арыз-шағымдар көптеп кездеседі» дейді маман.
Ал базар мәселесіне қатысты тағы бір маман экономист-ғалым Атамұрат ШӘ­МЕН­ОВ:
– Базар жайын сөз етер болсақ, мы­салы, Қытай елінде Шыңжаң халықаралық ірі базары бар. Бұл – базар Үрімжі қала­сының сипатын кіргізіп тұрған сәулетті үлгі­лердің бірі. Бүгінде Шыңжаң халықаралық ірі базары ел ішінен және шетелдерден келген саяхатшылардың барса да арманда, бармаса да арманда қалатын жеріне айналып отыр. Саяхатшылар күндіз ол базардан өздеріне қажетті бұйымдарын сатып алса, кешінде келіп тамақтанады, ән тыңдап, би тамашалайды. Ымырт үйіріле бере Шыңжаң ірі базары сауық-сайранды бастап кетеді. Базарға ағылған елде ине шаншар жер қалмайды. Оның үстіне алуан-алуан шам сәулесі жан-жағынан төгіліп, халықаралық ірі базар осы қаланың ең думанды жеріне айналады. Сауда да жүреді, елдің көңілі де көтеріледі. Міне, бізде неге осындай базарлар жоқ? Рас, Үкімет «елде халықаралық базарлар салы­нуы керек» деді. Бірақ бұл елде жарамсыз базарлар салына беруі керек деген сөз емес. Сондықтан болашақта бізге базарға қатысты жаңаша идеялар ойластыру қажет. Әрине, жарамсыз базарларды бірден құр­тып жіберу мүмкін емес. Ол үшін бірін­ші кезекте шағын базарлар салуды ұйым­дастыру керек. Содан кейін қара базар­лардағы жұмысшыларды сол шағын ба­зарларға жұмысқа орналастырып, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасалуы керек. Бұдан соң барып ақырын-ақырын үлкен келбеті келіскен сәулетті базарлар салынуы керек. Ол заман талабы, – дейді.
Жадынама: Пайымдасақ, бүгінде көп­теген елдер сауда-саттық саласына мән бе­ріп, базарын барынша сипаттандыруға барын салуда. Мәселен, бір ғана Қытай елі ғана емес, іргеміздегі Ресей де базар мә­дениетін қалыптастырудан кенде емес. Ресей елі бүгінде Қытайдың ең үлкен құрлық көпірі саналатын Манчжурия қа­ласынан Қытай-Ресей базарын салуда. Бұл базардың қала ішіндегі аумағы – 140 шаршы шақырым. Жалпы, тізе берсек, мұн­дай мысалдарды көптеп келтіруге бо­лады. Бүгінде өркениетті елдердің дені ба­зарды әріптестік, ынты­мақтастық орнату­дың кепілі санайтыны даусыз. Осындайда, расымен де, базар нар­қына және парқына, мәдениетіне, са­пасына қатысты қазаққа да жаңаша бағыт, жа­ңашылдық керектігін пайымдай түсе­сің.