Бензин 500 теңге… Доллар 500 теңге…

24 желтоқсан 2021, 00:22

Биылғы жылы бензин бағасы жиі өсіп, өз кезегінде ол басқа да тауарлардың қымбаттауына өзіндік «үлесін» қосқаны мәлім. Ал сарапшылардың айтуынша, бензиннің қымбаттауы алдағы уақытта да жалғасын табатын сияқты.

Яғни мұнай-газ саласындағы сарапшылар алдағы уақытта елімізде бензин бағасы тағы да 25 пайызға артады деп мәлімдеді. Айтуларынша, қазіргі күндері Қазақстан әлемдегі бензин ең арзан елдердің «ондығына» кіреді. Біздегі зауыттар осы уақытқа дейін бензинді ішкі нарыққа өзіндік құнынан төмен бағаға беріп келген, девальвация толығымен есепке алынбаған. Енді бензин нарығындағы бағаны бұлай ұстап тұруға болмайды, ол мүмкін де емес.

Мысалы, бүгінде Қазақстанның кей өңірлерінде жоғары сұранысқа ие «АИ-92» маркалы бензиннің  1 литрінің бағасы 190 теңгеге жуықтады. Ал ол Ресейде біздің валютаға шаққанда 280 – 300 теңге тұрады екен. Сондықтан біздің зауыттар мен арада жүрген алыпсатар-делдалдар бензинді ішкі нарыққа шығарудан гөрі оны көрші елдерге өткізуді тиімді санайды. Осыған орай «ҚазМұнайГаз» елімізде бензин бағасын қымбаттатуды бірден-бір дұрыс шешім болады деп отыр.

Ал бензин бағасының артуы тағы да қымбатшылыққа себеп болатыны белгілі. Тауар тасымалымен айналысатындар бензин қымбаттады дейді, оның үстіне ақылы жолмен жүрдім дейді, сөйтіп өз қызметінің ақысын жоғарылатады, өз кезегінде бұл басқа тауарлар мен қызмет түрлерінің де қымбаттауына апарып соғады. Мұндайдың талайын бастан кешкен жұрт бүгінде алдағы күніміз не болады деп уайымға бата бастады.

Жұрттың уайымын сондай-ақ доллар бағамының артуы да үстей түсуде. Мысалы, бір айдың ішінде доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 5 теңгеге артыпты. Сарапшылар әлемде болып жатқан оқиғаларға қарай отырып, доллар бағамы тағы да арта түседі деген болжам жасап отыр.

Мысалы, Бекнұр Қисықов есімді экономистің болжамынша, алдағы жылы доллар бағамы 470 – 500 теңгеге дейін артуы мүмкін. Бұған мұнай бағасының құбылуы әсер етеді, сондай-ақ Батыс елдерінің қыспағында отырған Ресей экономикасында қиын жағдайлар орын алып, доллар бағамы артып, өз кезегінде оның біздің елге де жағымсыз әсерлері тиюі мүмкін. Себебі Қазақстан Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақта отыр, демек, оған тиген жайсыздықтар Қазақстан экономикасын да айналып өтпейді.

…Кейінгі кездері болып жатқан осындай құбылыстарды бақылап, оның үстіне сарапшылардың, экономистердің болжамдарына құлақ түріп жүрген жұртшылық бүгінде долларды көптеп алып қоюға тырысып жатыр. Жұрт арасында долларға сұраныс артып келеді.

Н. ӘБДІ.

zamana.kz