Нарық

БИЕНІҢ ЗӘРІН ІШЕТІН КҮН ДЕ АЛЫС ЕМЕС

  • БИЕНІҢ ЗӘРІН ІШЕТІН КҮН ДЕ АЛЫС ЕМЕС

    БИЕНІҢ ЗӘРІН ІШЕТІН КҮН ДЕ АЛЫС ЕМЕС

Нарықтық заман қолды қусырып қарап отыруға мүмкіндік бермейді емес пе. «Таң бишілеріне» айналған қытайларға еліктеген ондағы ағайын да тың кәсіп көзін ашып, табысын еселей түсуде. «Қытайлар жер бетінде жорғалаған тірі жәндік, бақа-шаянға дейін жей береді» деген алыпқашпа сөз айтылатын. Алайда, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдің бүгінгі азығы қазы-қарта, жал-жая, қымыз-қымыран екендігіне күмән жоқ. Тіпті, соңғы жылдары қыста арнайы тапсырыспен төрт елі табан қазы байлаған ту биенің соғым етін де алдырып жататындары кездеседі. Жылқының емдік қасиетін зерттей бастаған олар буаз биенің кіші дәретін жинап, адам ағзасына пайдалы медициналық дәрі жасай бапты. Солардың бірі — Шыңжаң «Шин У Ян» биологиялық дәрі өңдеу жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. «Алаш айнасы» осы серіктестіктің тірлігімен танысқан еді.


Атам қазақ «Қой — береке, түйе — ғазиз мал, ал аттың жалында қиямет күніне дейін жақсылық байлаулы тұрады» дейді. Содан болар, Шыңжаңның Күнес ауданына қарасты Аралтөбе қалашығы жылқы шаруашылығын мықтап қолға алған. Бүгінде қалашық тұрғыны Ақжан жеке шаруа қожалығында буаз бие бағумен айналысып, кәсіптену жолына түсті. «Менің жекеменшігімде 30 бие бар. Буаз болғанына 4 айдан асқан соң кіші дәретін «Шин У Ян» ЖШС-іне саудалаймын. Әр литрін орташа есеппен 4 юаньнан (теңгеге шаққанда 102 теңге) сатып алады. Тіпті, сиыр сүтінен де қымбат. 5 айдан астам уақыт ішінде байқағаным, бір буаз биеден күніне шамамен 3-4 литрден кіші дәрет жинап отырдым. Осылайша 5 айда - 600 литр. Есептеп көрсем, бір буаз биеден өзіндік шығынын алып тастағанда 1000 юаньнан бір қыста 30 биеден 35 мың юань (894000 теңге) табыс тауып отырдым», — дейді.

Ақжанның жылқы өсірумен айналысатын шағын қожалығы тыңнан құрылған көшпенді қоныстану орталығы саналады. Ол 2009 жылдан бері 192 қазақ көшпелі отбасыларын өз маңына қоныстандырып, қорасындағы жылқы санын 664-ке жеткізді. Осылайша Аралтөбе қалашығы Шыңжаң «Шин У Ян» биологиялық дәрі өңдеу жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Iле алқабындағы ең ірі шикізат базасына айналды. Әрі дәрі жасаумен айналысатын аталмыш кәсіпорынның шикізатқа деген қажеттілігін толық қамтамасыз етті. Шаруа қожалығының қызметкері Жұмағазының айтуынша, мұнда буаз биенің кіші дәретін алудан тыс қымыз сатумен де айналысуда екен. Мәселен, желіге байланған бір бие сауылым кезінде 400 литрге дейін саумал беріп, литрі 15-20 (382-510 теңге) юаньнан асады. Мұнан тыс, жылқы етінің сатылымдағы бағасы да жоғары. Дәрі өндіру серіктестігінің бастамасымен қазақ малшыларының кәсіптенуге деген белсенділігі артып келеді екен. Аралтөбе қалашығының тұрғыны Ерқанат буаз бие кіші дәретінің бағасы соңғы кезде үздіксіз өсіп жатқанын айтады. Мәселен, 2009 жылы ең төменгі баға 2,9 (74 теңге) юань болса, 2010 жылы 3,3 (84 теңге) юаньға көтерілген. Ал, 2011 жылы 3,5 юаньға (89 теңге) жеткен. Алдағы уақытта буаз бие өсірумен айналысатын ірі шаруа қожалығын құрып, жылқы ұстайтын отбасылардың кірісін арттыру әрі дәрі өндірісіне қажетті шикізат тапшылығын болдырмау үшін Күнес ауданы аумағында кемінде 3300 жылқы түлігін бағып-баптау қажет.


БИЕ ДӘРЕТІНІҢ ПАЙДАСЫ ҚАЛАЙ?

Шыңжаң «Шин У Ян» биологиялық дәрі өңдеу жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қандай дәрі өндіреді? Ол қандай ауруларға ем деген сауалға жауап іздеп көрейік. Биологиялық дәрі өңдеу мекемесі буаз биенің дәретін жинау арқылы одан бөлінген аналық гормоннан әйелдердің өтпелі жас кезеңіндегі түрлі сырқаттары мен орта жастағы аналарда көп кездесетін кальций жетіспеушілігінің алдын алатын дәрі өндіреді. Мұнан тыс жас босанған аналарда кездесетін түрлі дәрумен тапшылығының орнын толтырады. Қазіргі кезде әлемде бұл тектес шаруашылықпен айналысып, дәрі өндіретін екі кәсіпорынды атап айтуға болады. Біріншісі — америкалық «Huі Shі» компаниясы, енді бірі — Шыңжаң «Шин У Ян» биологиялық дәрі өңдеу жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Бүгінгі таңда буаз биенің кіші дәретіндегі аналық гормонынан алынған өнім таблетка және сүт ұнтағы түрінде дайындалады. Ол «Дүниежүзілік жаңа дәрі грамотасы» мен «Сапалы өнім» құжатын иеленіп, Американың 60 жылдан астам уақыт монополиялап келген дәрі өндірісін артта қалдырып, фармацевтика саласында ашық, әділ бәсекелестік қалыптастырды. Кәсіпорынның өндіріс бөлімінің меңгерушісі Яң Ун Жианның мәлімдеуінше, 2007 жылы қазан айынан бастап жұмысын бастаған аталмыш серіктестік бүгінде 500-ден астам жергілікті шаруа отбасын жұмыспен қамтып отыр. Мекеменің қаржылай қолдауымен арнайы орталық және ауқымды буаз бие өсіру орындарын ашып, шаруашылық аумағын ұлғайтуда. Мәселен, бір ғана Күнес ауданына қарасты Аралтөбе, Нарат қалашықтары мен Алмалы ауылында орталықтандырылған ірі жылқы шаруашылығы құрылып, бақташылықпен айналысатын отбасының саны 500–ге, мал саны 5000-ға жетті. Мұнан тыс кәсіпорын Тоғызтарау, Нылқы, Моңғұлкүре аудандарында буаз бие дәретін жинайтын бөлімшелер ашып, 2011 жылы жинаған шикізаттың мөлшері 1600 тоннаны құрады. Буаз бие дәретінің құрамындағы аналық гормонның құрамы жоғары болған сайын сатып алу бағасы да қымбаттай түспек. Орташа есеппен ең жоғары болғанда бір литрінің құны 12 юаньнан (307 теңге) асып кетті.

«Шин У Ян» биологиялық дәрі өңдеу жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алға қойған мақсаты ауқымды. Олар өз өнімін Америкаға өтініш беру арқылы «Еуропа дәрі-дәрмек сертификатына» қол жеткізсе, онда Күнестен шыққан медициналық дәрілер кең көлемде Еуропа, Америка базарларына дендеп кіре алар еді. Онда буаз бие дәретіне деген сұраныс көбейіп, жергілікті тұрғындардың кіріс көзі арта түсер еді», — дейді Яң Ун Жиан. Таяу 3-5 жыл ішінде буаз бие өсіру шаруашылығы біртіндеп жүйеге түсетіні белгілі. Соның арқасында мал өсірумен айналысып келе жатқан отбасылардың кірісі еселене түсетіндігі айдан анық.


ШИПА

Біле жүріңіз

 Мұсатілла ТОҚАНОВ, ғалым:

–Саумалды немесе қымызды алты ай жүйелі түрде қабылдаудың әсерінен өкпенің сыйымдылығы артып, кеуде клеткаларының шеңбері ұлғаяды, тыныс алу, зат алмасуы жақсарады, қан құрамындағы гемоглобин мөлшері артады, ақ қан түйіршіктері, егер ол жоғарылаған болса қайта қалпына келеді, ал, қызыл қан түйіршіктерінің шөгу реакциясы жиілеген болса, қайта қалыптасады. Жүйке жүйесі тынышталып, бие сүтін ішкен адамның бойында сергектік пайда болып, күш-қуаты артады.

Саумалдың бактерия жойғыштық қасиеті жоғары. Қазіргі медицинада бие сүті мен қымызды антибиотиктермен және басқа да дәрі-дәрмектермен байланыстыра отырып өкпе, сүйек, ішек-қарын және жүрек, қан тамырлары ауруларын емдегенде, сондай-ақ витаминдер жетіспегенде, зат алмасу бұзылғанда қолданады.

Бие сүтінде және қымызда адамның денсаулығына қажетті барлық витаминдер бар. Әсіресе, А және В витаминдеріне бай. 1 литр саумалда 0,092-0,690 миллиграмдай А витамині және каротин, 97-135 миллиграмдай В витамині бар. Қанқұрауда маңызды рөл атқаратын кобальт пен мыс сияқты элементтер сиыр сүтіне қарағанда мұнда едәуір көп: кобальт – 1,5 есе, ал мыс 3,2 есе артық. Ал, құрамындағы микроэлементтерінің мөлшері жөнінен ана сүтіне жақындау болады. Тағы бір ерекшелігі ғылыми тәжірибелермен дәлелденген. Саумал туберкулез таяқшаларын жояды. Сол себепті оны медицина мамандары құрт ауруына қарсы шипа ретінде қолдануға кеңес береді.


Түйін сөз:

Былтыр Тұманды Альбионда өткен жазғы олимпиадада Қазақ еліне алтыннан алқа жауған жыл болды. Әрине жеңіске бастар жолда әуелі спортшының талмай жаттығуы мен ізденісі тұрса, екнші кезекте дұрс тамақтана білу үлкен маңызға ие. Естуімізше сол жылғы Лонданға аттанған толағайлардың ас мәзірінде қазақ жылқысының қазы-қарта, жал-жаясы болған екен. Әйгілі ауыр атлет, олимпиада чемпионы Илья Ильин өз жеңісіның сырын ас мәзіріндегі жылқы етімен байланыстырғаны тағы бар. Енді ойлап қарасақ, жылқы түлігінің емдік қасиеті, адам ағзасына күш-жігер беретіндігі, пайдасының ұшан-теңіз екендігін осыдан-ақ байқауға болады. Ендеше, Қамбар ата түлігін зерттеу, оны кәдеге жарату отандық сала мамандарының мойнына артылар міндет болмақ.                                                     




Көрілген: 9080    Пікірлер: 0

сейсенбі, 11.02.2014, 09:29

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30