Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

«Бiзге қарыз берiңдер, әйтпесе бiрге құримыз»

08 маусым 2011, 17:45

Қытайда мемлекеттiк сапармен жүрген АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон Шығыс Азия елдерiн өз мемлекетiнiң қарыздық мiндеттемелерiн сатып алуға шақырды.

«АҚШ экономикасының өркендеуi – Қытай мемлекетiнiң мүддесiнде. Бiздiң мемлекеттiк қаржылық құралдарымызды қолдай отырып, Қытай екi елдiң өзара тым тығыз байланыста екендiгiн мойындап отыр» дейдi Клинтон. «Бiз бiрге көтерiлемiз, болмаса бiрге құлаймыз. Бiз қазiр бiр қайықтамыз, бiр жақсысы – ескектi бiр бағытқа сермеп келемiз»  деп Қытайға көпшiк тастап алған Хиллари ханым өз елiнiң қарыздарын да мақтай кеттi. «Бұл – қауiпсiз, жақсы инвестициялар. Әлемдегi экономикалық өзгерiстерге қарамастан, қаржылық тұрақтылық жағынан АҚШ кiршiксiз беделге ие» дейдi ол.
«АҚШ сияқты үлкен нарыққа өз өнiмдерiн экспорттау үшiн алдымен оны ынталандырудың көлемдi шаралар жиынтығын жүзеге асыру керектiгiн қытайлар түсiнiп отыр» деген Клинтон ханым айран сұрай келген шелегiн жасырған жоқ.
Осылайша, Шығыс Азияның ең бай деген төрт елiн аралап жүрген АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы өз елiнiң экономикасының қазiргi жағдайы қандай екендiгiнен хабар бердi. Демек, 11 триллион доллар шамасындағы онсыз да үлкен сыртқы қарыздарының үстiне тағы да қарыз алып, құлдыраудағы экономиканың жыртығын жамамақ.
АҚШ-та басқа жол жоқ. Обаманың экономиканы дамытуға бөлген 2 триллион доллар қаржысы, керiсiнше, қор нарығының құлдырауына алып келдi. Бұл – елдiң iскерлiк индексiнiң төмендеп, оның сыртқы инвесторлар тарапынан сенiмнен айырыла бастағанының анық белгiсi. Мысалы, автоөндiрiс саласын қолдау мақсатында «Детройттық үштiк» – General Motors, Ford и Chrysler компанияларына 22 миллиард доллар – бiзде 10 iрi автозауыт салуға жететiн ақша бөлiндi. Бiрақ сарапшылар оларды «мұрнына май тамызса да адам болмайды» деп бағалап отыр.
Ал «АҚШ-тың дамуы – алдымен сендерге пайдалы (өздерi үшiн емес)», «бiз құласақ – алдымен сендерге қиын болады», «тауарларыңды сату үшiн алдымен бiзге ақша берiңдер, кейiн қайтарып беремiз» деген мәлiмдемелер – шын мәнiнде әлемдiк экономикаға қоқан-лоқы жасау, бопсалауға ұқсайды.
Азиялық турнеде Хиллари Клинтон аралап өткен Жапония, Индонезия, Оңтүстiк Корея елдерi оған қарсылық танытпасы анық. Ал АҚШ-тың көкейiн тесiп отырған нәрсе – Қытайдың экспорттан жинаған 2 триллион қаржысы.
Қазiр әлемнiң әр түкпiрiндегi газ-мұнай активтерiн сатып алуға тырысып отырған Қытайдың бұл өтiнiшке құлақ аса қоюы екiталай болып отыр. Sunday Telegraph «Олар ғаламдық ресурстар үшiн күрестiң жаңа кезеңiн бастады. Мемлекеттiң қаражаты шетелдiк компанияларды сатып алуға, олармен бiрiгуге арналмақ. Petrochina, Sinopec және CNOOC тәрiздi iрi мемлекеттiк энергетикалық компаниялары бюджеттен өсiмi аз несиелер алады болмаса оларды мемлекет тiкелей қаржыландыруы да мүмкiн. Қытайлық компаниялардың шетелдердегi әрекеттерi Батыс экономикасының қаупiн оятып отыр» деп дабыл қақты.
Расында, Қытайдың экономикасының әлеуетi АҚШ-ты секем алдырып отыр. Төрт жыл бұрын оның Unocal мұнай компаниясын сатып алуға деген талпынысы Конгресс тарапынан қатты қарсылық салдарынан жүзеге аспай қалған болатын.
Қазiр Қытай АҚШ пен Батыс экономикасының әлсiреуiне байланысты олардың саяси ықпалы да кемiп отыр деп санайтын тәрiздi.