БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ

БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ

Шағын фирманың 9 артықшылығы немесе шағын өндіріске кірігуде нені ескерген жөн?
Біз бұған дейін Алаш айнасының  «Бизнес әліппесі» арнайы беті арқылы  қолда бар санаулы қаржыны қалай ұқсатуды, бизнестегі қайырымдылық қағидаларын қалай жетілдіру керектігін, бала жасынан бастап миллиардтарды айналымға салған кәсіпкерлер жайын жіктедік. Жалпы,  «Бизнес әліппесі» кәсібін нәсіп етемін деушілерге бұдан басқа  тақырыптарды да кеңінен сараптап ұсынды. Ендігі кезекте оқырмандарымыздың сұрауы бойынша шағын фирманың 9 артықшылығы туралы сөз етпекпіз. Бізге бұл тақырыпта ой қозғауымызға «Бизнес әліппесінің» тұрақты оқырманы, экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов сұрау салды. Жалпы, экономист-ғалымның пайымдауынша, қазірде елде шағын фирма ашқысы келетін, бірақ соның жөн-жобасын, шағын фирманың артықшылықтарын біле бермейтін қауымның қарасы көп. Міне, осы жайтты ескергендіктен біз шағын фирманың артықшылықтарын, оны қалай ашу керектігін, фирманы ашуда ыңғайлы ауданды қалай таңдау қажеттігін ашып көрсетуді жөн көрдік. Ендеше сараптап көрелік, шағын фирма шынымен несібемізді көбейте ала ма? Алғашқы қадамды қалай бастаған жөн?
•     Ал бастаймыз!
Әрине, қандайда бір істі бастамас бұрын  алдымен оның  тиімді тұстарын аңғарып алғанымыз өзімізге пайдалы. Олай болса  көп созбай-ақ шағын фирманың артықшылықтарын електен өткізіп көрелік. Ол үшін біз нарықтық қағиданы үнемі бақылап отыратын мамандардың кеңесіне жүгіндік. Мамандарымыздың пайымдауынша, бизнеспен жаңадан шұғылданушы кәсіпкер шағын фирманың басты артықшылықтарын жақсы білу керек. Ол оны әрі қарай жетілдіруде зор демеу болады. Мәселен, нақ қазірде шағын фирма ашудың мынадай 9 артықшылығы бар:
1. Тәуелсіз жұмыс істеу . Шағын фирмалардың көбі басқару иерархиясын сақтамайды. Бұл ынталы да жігерлі кәсіпкерге іс-әрекет бостандығын береді. 2. Икемді әрі тез шешімдерді қабылдау мүмкіндігі. Ірі корпорацияларға қарағанда шағын бизнестегі басқару шешімдерін қабылдау құрылымы оңтайландырылған. Бұл болып жатқан өзгерістерге дер кезінде әрекет ету мүмкіндігін береді.
3. Жергілікті жағдайға икемді болу . Шағын фирмалар жергілікті нарықтың сұраныстарын, салттарын, әдеттерін зерттеуге толық икемделген.
4. Операциялық шығындары төмен болады.  Жабдықты сатып алу көп инвестицияны талап етпейді, басқаруға арналған шығындар азаяды .
5. Материалды табысқа тез жету мүмкіндігі. Сіз бір мезгілде жалақыны да, бизнестен түсетін үлесақыны да аласыз.
6. Ұзақ мерзімді пайдалар. Егер ісі оңға басса, кәсіпкер өз ісін керек болған кезде тез әрі тиімді сата алады.
7. Бірнеше мамандықты алып жүру. Адам әмбебап болуға тырысады (қаржы маманы , менеджер т.с.с. ).
8. Өзіндік немесе дербес нарық артықшылығы. Әдетте ірі бәсекелес компаниялардың іс-әрекеттері бас кеңселері қарастырған процедураларға тәуелді болады. Шағын бизнес оларға қарағанда ширақ келеді, әсіресе нарық белгілі бір шарттарға немесе белгілі бір мерзімге байланысты болған жағдайда.
9. Кәсіпкерлік рухты сақтай білу. Дүниежүзілік статистикаға жүгінсек, шағын фирмалардың инновациялық, кәсіпкерлік рухы өте жоғары болады. Оған заманауи салаларда (электроника, гендік инженерия, компьютерлер) шағын бизнестің басым болуы дәлел болады. АҚШ-та «шағын кәсіпорындарда істейтіндер арманшыл, қиялшыл болып келеді» деседі.
Міне, қандайда бір шағын фирма  жұмысын ұйымдастырғысы келетін кәсіпкер бірінші кезекте осы артықшылықтарды жақсы білуі тиіс.
•    Қаржыны қайдан аламыз?


Негізінен, арнайы бизнес орталықтардың зерттеу блогтарына көз жүгіртсек, расымен де қазірде өз фирмасын ашып, бизнеске енгісі келетіндердің қатары көбейген. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына кестеге назар аударып көрелік:
Бүгінгі шақты зерттеу блогы

Сөйтіп, 250 мың адам қатысқан бұл зерттеу блогы  елде шынымен де өзінің кәсібін ашып, нәсібін арттырғысы келетіндердің басымдық бере түскенін айқындайды. Өз қаражатына бизнес ашқысы келгендердің басымдығын көріп тіптен қуандық.  Мамандарымыз бұл тұрғыда шағын фирма ашқанда расымен де өз қаражатың болғаны ең дұрыс шешім екенін алға тартады.
Зәуре Алтынбекова, маркетолог-маман:
- Біз талдау жасағандай бизнесті өз қаражатына ашқысы келетіндердің жоғарыдағы 65 пайыздық көрсеткіші түгелдей шағын фирманы өз қаражатымен ашар болса, онда үш жылдың ішінде олардың 80 пайызы өз бизнесін жоғары бағалайтындардың қатарына қосылады. Сондай-ақ кестеде банктер арқылы бизнес ашқысы келетіндердің көрсеткіші 25 пайызды көрсетіп тұр. Егер осы 25 пайыздық көрсеткіш түгелдей банктер арқылы кәсібін жүргізуге мүмкіндік алатын болса, олардың 9 пайызы үш жылдық межеде өз бизнестеріне қанағаттанбайтындардың санатында  болады. Мұраға қалған капитал көзімен бизнес ашқандардың өткен тарихы мен бүгінгі тарихын саралап көргенімізде олардың 15 пайызы қазірде  өз ісіне күмәнмен қарайтындардың қатарына қосылған. Қалай десек те шағын фирманы ашуда алдымен өз қаржыңызды салған абзал. Сонда ешкімге тәуелді болмайсыз. Шағын бизнесте еркіндік ең басты рөл екенін ескерсек, салынар қаржыңыздың басым бөлігінің өзіңіздікі болуы сізді табысқа жетелейді.

Банкке барар жолды таңдасақ қайтеді?


Абзалында, қолымызда қаржы жоқ, сондықтан банктерге барар жолды таңдау арқылы шағын фирма ашқымыз келді делік. Онда кәсіпкерге асқан шыдамдылық керек. Бұл жерде сіздің біліміңіз де, кәсіп ашуға деген мотивацияңыз бен сенімділігіңіз де, көшбасшылық қасиетіңіз де кейінге сырылып қала береді. Банктерге сізден керегі құлаш-құлаш құжат. Одан кейін кепілге қоятын затыңыз, сенімді тұлғаңыз, айлық табысыңыз, тіпті қала берді зейнетақы қорыңыздағы қаржыңыздың да қомақты болуы. Біздегі банктердің шағын өндірісті қолдауға деген бейілі тым бейқам екенін ескерсек, мына бір тарихи оқиға еске түседі: 1882 жылы құрылып, қазірге дейін дүркіреп жұмыс істеп тұрған Жапон банкі 1970 жылы Мәскеуге ұсыныс жасап, КСРО-дағы электроника саласында өнертабыс деп танылмай қалған өтініштерді 2 миллион долларға сатуын сұрайды. Әрине  ол кездері бұл дегеніңіз – қомақты ақша. Кеңес билігі бұған таңқалады, дегенмен жапондардың ұсынысы қабылданбайды. Сонда  жапондар қажетсіз саналған ұсыныстар үшін осыншама ақшаны неге төлемекші?  Бұл – жапон банктерінің  кәсіп иелеріне деген ықыласының бір ишарасы. Олар біреуді қолдайды, қолдағанда да тіпті өзгенің керексіз етіп тастаған дүниесін пәленбай мың долларға сатып алуды жөн көреді де содан халыққа қажетті жап-жақсы дүние ойлап таба алады.  Ал біздегі банк пен шағын өндіріс арасында мұндай байланыстың жоқ екені айтпаса да түсінікті.


Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ , экономист-ғалым: 
– Қарапайым ғана мысал, мен осыдан біраз бұрын Волгаград қаласында болдым. Сонда бір экономист ғалыммен тілдескен едім. Сол ғалым: «Ке-зінде біздің елдің банктері Екінші дүниежүзілік соғыс болып жатқанда танктер жасауға несие беріп, сол банктің инспекторлары танктердің дұрыс жасалған-жасалмағанын тексеріп, одан пайда бар ма, жоқ па, соны зерттеп отырған», – деп айтқан еді. Көрдіңіз бе, өндіріс пен банк арасындағы қарым-қатынас деп осыны мысал етуге болады. Өзге елдің банк саласының мамандары қанды қырғын соғыс болып жатқанда өндіріс орындарына барып, олардың ахуалын жіпке тізіп сараптама жасайды. Ал мұндай жүйе бізде мүлде қалыптаспаған. Осыдан кейін «банктеріміз шағын өндіріспен тығыз қарым-қатынаста» деп қалайша айта аласың? Сондықтан мұндайда амалсыз шағын фирма ашушыларға өз күніңді өзің көр дейсің.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, біздегі шағын өндірісті машақатқа тірейтін банк саласы көрінеді. Егер банк пен шағын өндіріс арасында тығыз байланыс болғанда бұл екі жаққа да пайдалы болар еді. Бірақ отандық  банктер кәсіпкерден гөрі бірінші өзінің түсіміне көбірек ойлайды да, көбіне кәсіпкерлерімізге банкке барар есікті сыртынан қайта жабуына тура келеді.

Кеңсені қалай таңдайсыз?

         keramo.org
Сонымен біз шағын фирманың артықшылықтарын айттық, шаруаны дөңгелетуде кімнің қаржысын салғанның жөн  екенін көрсеттік. Енді ыңғайлы кеңсе іздеуде нені ескерген жөн? Осыны тарқаталық.
Шағын фирманы  өндірістік нысан етіп орналастыру үшін орын таңдау кезінде,  бизнестің жетістігіне, сондай-ақ сәтсіздігіне себепші болатын көптеген факторлар ескеріледі. Мысалы, орын таңдау кезінде мына  төрт факторды ескеру керек:
•    Аймақтау: сіздің шаруашылық қызметіңіз (өндірістік, қаржылық, іскерлік, сауда, ойын-сауық және т.б.) үшін лайық аудан қажет.
•    Демография: жергілікті халықтың демографиялық параметрлерінің сіздің кәсіпорын түрімен үйлесетінін анықтау:
•    Жалдау: ұзақ мерзімдік жалдау міндеттерін өзіңіз алмас бұрын, жылға болжамдық түсетін ақшаны есептеңіз. Жалдауды төлеу өнімді немесе қызметті сатудан түскен айлық сомманың 20 пайызынан артпауы керек. Сіз осы орында қаншалықты ұзақ қалатыныңызды да анықтаңыз.
•    Ең бастысы көшеде жүруді талдау: Сізге жанданған, тұрғындардың қолы оңай қол жететін аудан керек.
«Кеңсе таңдауда алдымен осы қағидаларды  меңгеру кез келген кәсіп иесін табысқа жетелейді» деседі мамандар. Ендеше сізге іске сәт дейміз.

Бренд атауына салғырт қарамаңыз

  ©Алаш айнасы иллюстрациясы
Бұдан соң сізге тағылар тағы бір жауапты іс ол фирмаңыздың атауы. Яғни бренд атауы. Есіңізде болсын, егер сіз банкке белгілі бір өнім шығаруға қатысты бизнес-жоспарыңызды беріп, оны қаржыландыр-ғыңыз келсе, өнімнің брендтік атауын дұрыс таңдаңыз. Жалпы, сәтті таңдалған брендтік атау қай кезде де сіздің жолыңызды ашық ететіні даусыз. Егер өнім атауы сәтті таңдалған болса, күні ертең саудаға түскенде де пайдаңыз еселене бермек. Мәселен,  жаңа брендті немесе жа-ңа тауар атауын ойлап шығарған кезде мынадай әрекет жасауға болады:
А) Өз бетіңізше немесе фокус-группа көмегімен (ондай болса тіпті жақсы) мысалы, иіссуға (немесе басқа тауар мен қызметке) байланысты бейтарап немесе жағымды ассоциацияларды жазып алу керек.
Айталық : жағымдылық – сабырлылық – тыныштық  т.с.с.
Ә) Бұдан кейін кітапханаға барып, осы терминдер  тобына жататын түрік, парсы, ағылшын, түрікмен және  басқа да бауырлас тілдерде қалай оқылатынын немесе аталатынын анықтап алу керек.
Б) Жиі жіберілетін қате: сіз бауырлас халықтар дәл осы иіс су түрін қалай атайтынын анықтамай, брендке бірден өз қиялыңыздағы атауды қоясыз. Мұның арты тауар өтімділігіне кері ықпал етуі мүмкін.  Мысалы, әлемде Samsung Group атты брендімен ірі тауар өндіретін компания бар. Бұл Оңтүстік Кореядағы ірі өнеркәсіп концернінің бірлестігі. «Самсунг» сөзі корей тілінде «үш жұлдыз» мағынасын білдіреді. Бұл атау Samsung компаниясының негізін салушы Ли Бен Чхольдың үш ұлына байланысты қойылған екен. Корей кәсіпкерінің бұл жерде ұтқаны  біздегі тәрізді үш баласының атын үзіп-жұлып «Алтын-Нұр-Жан» деп кәсіпорын немесе сауда нүктелерін ашып қоймады. Керісінше,  ол бренд атауына қатты мән берді. Жаңағы Samsung Group тәрізді халықаралық атаулармен халықаралық нарыққа шығу да тиімді әрі жеңіл болмақ.

Түйіндейміз!
Сонымен  қорытындылайтын да сәт келді. Жадыңызда жүрсін, кез келген  кәсіптің тұтқасын ұстарда кәсіпкерлер жіберетін қателердің ішіндегі ең бас-тысы және ең қауіптісі – бәсекелестермен бір шеңберде сайысу.  «Бәсекелестеріңнің іс-әрекетін қайталау –  стратегия тұрғысынан қарағанда сәтсіздікке ұшырау деген сөз». Сіздің мақсатыңыз – өз өнеркәсібіңіздегі нөмірі 1 немесе 2, тіпті ең озық компания болу емес. Сіз жаңа маркетинг жолдарын тауып, бірегей сауда ұсынысын паш ететін бірегей кәсіпкер болуыңыз керек.  Демек бірінші болуға емес, бірегей болуға ұмтылу қай кезде де өзекті. Біз сәтті пайдаланып, айта кетелік,  «Бизнес әліппесінің» келесі санында шағын фирманың бір жылдық табысы қандай болатынын, шығынды қалай жоспарлау қажеттігін, тұтынушының қызығушылығын қалай ояту қажеттігін, шағын фирмадағы ұрлықты қалай тосқауылдау керектігін, тағы басқа қамтылмай кеткен дүниелерге тоқталамыз! Ал әзірге осымен  түйіндей тұралық...

Қарлығаш Зарыққанқызы


БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ

©Алаш айнасы иллюстрациясы

©Алаш айнасы иллюстрациясы

Қолда бар санаулы қаржыны қалай жұмыс істетуге болады?
«Біз барлығымыз ақша табу үшін жұмыс істейміз. Ақшаның соңында жүгіреміз. Ал сол ақша біз үшін қашан жұмыс істер екен? Ақшаның біздің соңымыздан жүгіретін кезі бола ма?»
                                                                                                                         (Эндрю Карнеги)

Бұл әлемдегі құрыш құюдың алпауыты, Карнегидің  ойға түйгендері. Кезінде сол Карнеги «Мен өз өмірімнің бірінші жартысын ақша жинауға жұмсаймын. Ал өмірімнің екінші жартысын сол жинаған ақшамды таратып беруге арнаймын» деген екен. Ол алға қойған осы мақсатымен жігерленіп, ақша жинауға деген ықыласы артқаны соншалық, өмірінің бірінші жартысында 450 млн доллар қаржы жинаған екен. Сөйтіп, расымен де,  өмірінің соңғы кезінде жиған қаржысының игілігін халыққа көрсету мақсатында кітапханалар мен театрлар салған көрінеді. Демек ол ақшаны өзі үшін ғана емес, халық игілігі үшін де жұмыс істете алды.
Бірақ біз Карнеги емеспіз. Біздің қолымызда санаулы ғана қаржы бар. Мысалы, әрі кетсе 100 мың теңге делік. Ал енді осы 100 мың теңгені жұмыс істетуге, былайша айтқанда қалай көбейтуге болады? Алаш айнасымұны «Бизнес әліппесі» арқылы сараптап көруді жөн көрді.
Алдымен студенттерге арналған жоба...
Біздің бағамдағанымыз, қазірде қоғамда қолында аз-маз қаржысы бар қауым бұл - суденттер мен зейнеткерлер. Зейнеткерлердің басым бөлігінің біраз жасқа келгенде ақшаны жұмыс істетуге, яғни қандайда бір кәсіппен айналысуға талпынбасы тағы анық. Ендеше біз мамандардан студенттерге арналған бизнес жобаларды сұрастырып көрдік. Пайымдасақ,  аз-маз қолда бар қаржыны студент қауымының да ұқсатуына болады. Ендеше кеттік,сутденттерге лайық кәсіп түрін сөз етіп көрелік:
Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтың ақыл-ойы:
1-ші қадам: Бастапқыда сіз бизнесіңіздіинститут бейнесі немесе логотипі басылған киім, көбінесе майкалар, белгішелер, басқа да заттарды сатудан бастайсыз. Мұндай заттарды тек жаңадан келген студенттер ғана алып қоймайды. Институтты бұрын бітірген, бірақ өзі оқыған оқу орнын еске түсіретін естелік затқа құмар бітірушілер де алуы мүмкін. 2-ші қадам: Бұдан соң деканнан институт немесе факультет символикасы бар майкалар мен белгішелерді жасауға рұқсат алу керек. Бұл тек өзіңіздің адамдармен өзара қарым-қатынас жасай білу қабілетіңізге байланысты. Бар керегі – деканды көндіріп, үзіліс кезінде осы тауарларды сатуға рұқсат алу. Рұқсат алған соң тауарларды әзірлеуге кірісу керек. 3-ші қадам:  Институт немесе факультет эмблемасын сайттан немесе әкімшіліктен алуға болады.Майка немесе белгішеге басылатын макетті жасау ешбір қиыншылық туғызбайтын сияқты: қолың түзу, өзің ұқыпты болсаң болғаны. Ал тағы да бір керегі, ол – графикалық редактор. Әрі қарай шығындарды есептейік: институт эмблемасы басылған 25 белгіше, факультет эмблемасы басылған 25 белгіше жасап шығарайық. 50 данаға шамамен 30 мың теңгедей жұмсалынады. 4-ші қадам:  Енді майкаларды жасап шығарамыз. Эмблеманы өз бетіңше немесе арнайы делдалмен келісіп басуға болады. Майканың бағасы – шамамен 200-300 теңге, ал оған белгі басу 100-200-300 теңгені құрайды. Тағы да есіңізге салайық, адамдармен келісе білу керек. Әртүрлі дизайнмен жасалған, эмблемасы бар, әртүрлі басу жолымен дайындалған 5-15 дана майка жасап шығару керек. Бұл шамамен 20 мың теңгеге түседі. Майка мен белгішеге басылатын суреттің қосымша дизайн түрлерін дайындап, оларды қағазға басып шығарыңыз. Бұл үлгілерді қызығушылық танытқандарға көрсетеміз. Ал күлкілі де қызықты суреттер басылған майкалар каталогін даярласаңыз тіпті жақсы, олар да көп жастардың көңілінен шығатыны анық. 5-ші қадам: Тауар колға тиген соң сатуға кірісеміз. Бірінші күні аса танымал тауар түрін байқау керек те, тапсырыстарды жинап, тізім құрастыру керек. Тауардың бағасын өнімнің өзіндік құнынан 20-100 пайызға дейін өсіріп қойсаңыз тіптен жақсы. Мысалы, студенттің қалтасына тиімді болу үшін белгішені 500 теңгеден, ал майкаларды 500-1000-1500 теңгеден сатамыз. Керек болса, қоңырау шалып, қосымша тауарларды лезде дайындап шығаруға тапсырыс береміз. Шығарылған қаражатты қайтадан айналымға қосамыз. Егер сіздің факультетіңізде 1000 студент оқитын болса, бір апта ішінде 30-50 майка және сонша белгіше сатуға болады. Әрқайсысын 500 теңгеден сатқанның өзінде түсіретін түсіміңіз арқылы шыққан шығынды екі есеге ақтап аласыз. Олай болса оқуымен қоса кәсібін жүргізгісі келетін студенттердің құлағына алтын сырға делік. Табысты әрі, талғамды студент атанғыңыз келсе,  ісіңізді бастап көріңіз.
Зейнетте отырып-ақ табыс табасыз
Негізінде, зейнетте отырып-ақ шаруаны дөңгелетуге болады. Тіпті өзге жұмысына алаңдамайтын болғандықтан зейнеткерлердің бизнесті жүргізуге уақыты да мол. Бұл ретте мамандар ауыл зейнеткерлері қазірдің өзінде ши тоқу, көрпе тігу, қыз жасауын жасау, текемет тігу тәрізді кәсіптерді тереңдеп игеріп, сол арқылы қаржысын көбейтіп отырғанын алға тартады. Ал қала зейнеткерлерінің арасында арнайы сайттарға форумдар жариялап, осылайша  басқа зейнеткерлердің басын жұмылдырып, тіпті отбасылық кеңес беретін орталықтар ашып алып,  өз ісін жүргізіп отырғандардың бары денімізге белгілі. Ендеше нақ қазіргі кезеңде зейнеткерлерге қандай кәсіп тиімді? Әсіресе ауыл  зейнеткерлеріне арналған бизнестік пайымдар қандай болғаны жөн?
Әр уақыттарда адамдар ақша ретінде әр түрлі тауарларды қымбат тастар мен металдарды, қолында бар шикізаттарды пайдаланатыны даусыз. Ұзақ уақыттар бойы ақша есебінде алтын-күміспен қоса қазақтың қолөнер бұйымдары да жүрді. Соның ішінде текеметтің ең алғаш қағаз ақшаға сатылғанын бүгінде біреу білсе, енді біреу білмейді. Мұны ескерген мамандарымыз ауыл зейнеткерлеріне нақ осы текемет өндірісін жолға қойып алуды жөн санайды. Мысалы, елімізде 20 мың тонна жүн, 7 миллион данадай тері шикізаттары жиналады екен. Елде тері-жүн өндірісінің жолға қойылмағанын алға тартсақ, сонда осыншама шикізат шіріп жатыр ма? «Ендеше қолда бар мол шикізат өнімдерін пайдалануға зейнеткерлеріміз де талпынса» дейді мамандар.
Қорлан Абсалықова, химик-ғалым:
- Текемет тоқу қазаққа жат кәсіп емес. Кеңес өкіметі кезінде қазақ шеберлерінің тоқыған текеметтері Ашхабад мұражайында неше жыл сақталғаны туралы да деректер бар. Мамандар Кеңес одағы тұсында Түрікменстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанмен, Қазақстанның текеметтері өздерінің сән-салтанатымен көш ілгері тұрғандығын сөз үнемі етеді. Қазірде  Өзбек елі де, іргеміздегі Қырғыз елі де, Түрікменстан да текемет тоқу өндірісіне ерекше көңіл бөліп отыр. Ұмыт бола бастаған осы өнерді ауылдағы үлкен кісілеріміз бүгінгі балаларға үйретсе, сол арқылы табыс көзін тауып жатсақ өте жақсы дүние емес пе? 

Текемет алғаш ақша-тауар қатынасын дамытқан
Жалпы, айта кету керек, ежелгі саудаға үңілсек, жеңіл өнеркәсіп өнімі сауданың айырбас түріне ыңғайлы болған. Жеңіл өнеркәсіп саудасында  Қазақ-Ресей саудасы үнемі табысты болыпты. Ол кездегі қазақтардың Ресеймен сауда жасайтын негізгі орындары шекара шебіндегі Орынбор, Троицк, Петропавл, Омбы, Семей және Өскемен бекіністері болды. Қазақтар базарға мал басымен қоса астық, жарма, кездеме маталар, шұға-мәуіті, иленген тері және металл бұйымдарын шығарып отырған.  Айналымдағы ақша қазақтарда аз болғандықтан сауда айырбасы осы заттарды қойға айырбастаумен орын алған.
Сауданың эквиваленттік тепе-тең балама бағалары болмаған. Мысалы, бағасы 75 тиын тұратын 18 метр кенепті бір жылқы мен өгізге айырбас жасаған жайттар да кездескен. Сондай-ақ Ресей базарына Орта Азиядан жібек, мақта-мата және шапан, кілем, төсеніш, көрпе басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар әкелінген. Десек те, сол кездің өзінде қазақ шеберлерінің тоқыған кілемдері өтімді болған деседі. Әсіресе қазақтың кілемі мен текеметі қозғалмалы айырбас саудасының көрігін қыздырып, алғаш рет тауар-ақша қатынастарын дамытқан. Қазақ текеметіне көзі түскен Орта Азия елдерінің шеберлері Ресей базарында ең алғаш текеметті 1875 жылы қолма-қол ақшаға сатып алыпты. Ондағы текеметтің бағасы 820 сом болған екен. Қазірдің өзінде де бұл қолөнер түріне сұраныс баршылық. Мысалы, бір ғана Алматыда қолдан жасалған текеметтердің бағасы 50-100 мың теңгенің бағамын құрап тұр. Ендеше бұл істің де көзін таба білсе талай зейнеткердің қалтасы қалыңдай түсері анық.
Идеяны өмірден аламыз...
Абзалында, кез келген идеяны өмірден алған дұрыс. Мысалы, өткен ғасырда АҚШ-та бір өнертапқыш үйінің әйнегін сүртіп жатып, келесі күні-ақ әйнек шығару зауытының қожайынына келіп, аса берік  сынбайтын әйнек шығару жобасының үлгісін көрсетіпті. Зауыт қожайыны одан бір жеті мұрсат беруді сұрайды да, өнертапқыш кеткеннен кейін әлгі өнертапқыштың қалдырған үлгілерін қоқысқа тастайды. Бір жетіден кейін күнделікті өмірінен ғажайып идея алған әлгі өнертапқыш қайтыс болып кетеді. Ал сонда қатыгез, әрі бейқам қожайынның  қоқысқа лақтыру шешімімен  – сынбайтын, берік әйнек шығару өндірісі келмеске кетті емес пе? Сол тәрізді біздің қоғамымызда да қолындағы аз-маз қаржысымен шаруасын дөңгелетіп отырған жандар идеяны өмірден алған. Біз солармен де тілдескенді жөн көрдік:


Еркін Қасымханов, етікші:
– Қалалы жерде тек қана жалақымен күнелтудің қиын екені бесенеден белгілі. Мен бұл кәсіпті күтпеген жерден бастадым. Алдымен өз үйімде көрші-қолаңға тиын-тебенге қызмет көрсеттім. Содан кейін 100 мың теңгеге несиелік лимит картасын алды. Міне, н сол қаржыны ұқсатып көруді жөн көрдім. Сөйтіп, Көк базар маңынан 15 мың теңгеге өте шағын дүңгіршекті жалға алдым. Бұл былтырғы жыл еді. Қазір жалға алу құны 20 мың теңгеге өсті. Алғашқы айында бірден жалға алу құнын екі айға төледім. Осылай 100 мың теңгенің 30 мыңын жалға төледім. 50 мыңына етік тігетін машина, біз, жіп сатып алдым. Қалған 20 мыңды дүңгіршекті қалпына келтіруге жұмсадым. Осылайша ісімді бастадым. Қазір күндік табысым 8-10 мың теңгені құрайды. Ең аз дегенде 6 мың теңгеге айналады. Жалға алу құнын; күнделікті орынға төлейтін салықты; басқа да шығындарды есептегенде, отбасыма кіретін айлық табыс 100-150 мың теңгені құрайды.


Нұрсерік Жиенбаев, шаштараз:
- Өз ісімді бастағалы сегіз ай болды Басында туыстарымының шашын тегін алып беріп жүрдім. Мамандығым мүғалім еді. Жалақысы аз мамандық болғандықтан осы кәсіпке кетуді жөн көрдім. Әрине, отбасым бұған бірінші кезекте қарсы болды. Сонымен, менің қолымда 30 мың теңге ғана қаржым болды. Бұл мұғалімдік алғашқы жалақым еді(!). Оған шаштаразға қажетті дүниелерді сатып алдым. Басында үйімнің бір бөлмесінде қызмет көрсеттім. Қазір кәсібімді заңдастырып, үйімнің алдынан шаштараз ашып алдым. Айына өзге шығындарды есептемегенде шамамен 200 мыңдай кіріс кіргіземін. Өзімнің тұрақты клиенттерім де бар. Жалпы, қолда бар қаржыны ұстауда, оны жұмыс істетуде өзіндік ережелерім де бар. Артық шығынға жол бермейміз. Содан кейін бізге келер кіріс көзі де табысты болады.
Жалпыға ортақ жеті ереже:
Қолда бар қаржыны ұқсатуда сарапшылардың ұсынар жалпыға ортақ жеті ережесі де бар. Көңілге қонымды, есте сақтауға ыңғайлы бұл ережелер кез келгеннің әмиянындағы қаржысын үнемдеу үшін аса қажет. Ендеше төмендегі қағидаларға назар аударып көрелік:
1. Өтініш  үшін ақша  алмайды
Өзіңіз  үшін  барлық  жерде және әрқашан саудаласуды   ережеге айналдырыңыз. Шегерімдер жасауды сұраңыз:  бір  жерде сізге  жасауы  мүмкін. Қорықпаңыз: сұрағаныңыз  үшін ақша  алмайды. Және күмәнданбаңыз.
2. Білім — күш
Өзіміз сатып алатын  тауар туралы  біз де  бір нәрселерден хабардар болуымыз керек. Әсіресе,  оның  бағасы тым  қымбат болса.  Тауарды алуға  келгенде,  оның  бағасын  біліп келгеніміз абзал. Демек,  біздің  тауар туралы  түсінігіміз  болуы  керек, олардың   дүкендерде бар  болуы,  қай  дүкенде  бағасы  қандай деген сияқты.  Кейде  бір  затты  алып, оны   досыңа  мақтанып көрсетесің, одан кейін  бір  бұрышта  оның екі есе  арзан бағаға сатылып  жатқанын   көресің. Мұны   талай адам  бастан кешірді.  
3. Немқұрайлы  көзқарас  — ол да  күш
Ешбір  жағдайда   тауарға  қызығушылық танытпаңыз.  Жай  ғана  қарап,   сапасын  бағалаңыз. Бұл орайда  өзіңіздің  кәсіпқойлығыңызды  көрсетіп  қою артық  болмайды: сіздің  бұл тауар  туралы ақпаратыңыз  бар, сіз не сатып алатыныңызды  білесіз.
4. Дипломат болыңыз
Тауардың қожайынымен  саудаласуда  әдептілік сақтай отырып,  мұны   оңашада  жасаңыз. Біріншіден, жұрттың   көзінше саудаласқанда бағаны  түсіру  мүмкіндігінен  автоматты  түрде айырыласыз, екіншіден, сіз  өзіңіздің  тәрбиелі  жан екеніңізді  көрсетесіз.
5.Қапты ашамыз  да, ішіне не салғанына  қараймыз
Шегерімге  қол  жеткізе  отырып, оның сіздің  адал ниетті  тұтынушы ретіндегі  құқыңызды кемсітпейтіндігіне көз  жеткізіңіз және  бір  жағдайлар  болса,  оны қайтарауға, айырбастауға және кепілдік  қызмет көрсетуді талап етуге  әрқашан мүмкіндігіңіз  бар.
6.Ақшаның  ұшын көрсет
Өз тауарыңызды көрсетіңіз. Әмияныңызды алып, ақшаңыздың  бар екенін көрсетіңіз. Ол әзірше  ақшаның  мысы басып,  есін  жиғанша былай  деңіз: «Жоқ, дегенмен сіз  қымбатқа  беріп  тұрсыз, мен  әлі  де  ойланып көремін». Немесе: менде  12 000  теңге жоқ, тек 10 мың теңге   ғана  бар,  сіздің  тауарыңыз  үшін  оны  беруге  дайынмын» дейсіз. Мұндай амалдар көбіне  жақсы нәтиже  береді. 
7.Қоқан-лоқы ол да тактика
Сіз кетіп  қалуға  дайын  екендігіңізді аңғартыңыз. Егер сізді кері  шақырып алса,  шегерім жасаларына   күмәнданбаңыз.

Түйіндейміз...
Ақшаны жұмыс істетудегі
Фрейд сараңдығы
Жалпы, мол қаржы табу адамға еркіндік сыйлайды. Қазіргі заманғы қоғамда ақша бостандықпен теңестіріледі. Ақша бізді күнделікті күйбең тірліктен босататындығы рас, алайда ақша өздігінен әрекет ете алмайды. Ересек адамның ақшаға деген қатынасы оның бала кездегі талабына қарай анықталатындығын ең алғаш болып байқаған Зигмунд Фрейд екен. Психоаналитикалық теорияға сәйкес, балалардың барлығы дерлік жеңілдік пен жағымдылықты сезінеді. Баланы отыруға үйрету ісі оның өз тәуелсіздігі үшін күрескен кезіне сәйкес келеді.Осы процедура көбіне соқтығыстың басына айналады. Мысалы, Фрейд ілімінде: бала айтқаныңды тыңдады ма, жарайсың, міне саған, бір кәмпит. Отырмадың ба: мә саған, шапалақ. Фрейдтің ойынша жүргізілген психологиялық сараптау балаға отыруды үйретудің ауыр тәсілін компенсаторлы тәртіптің келесі түрлерімен тікелей байланыстырады: сараң адамның ақшаны жымқырып ұстауы ата-ананың талабы бойынша дефекациядан балалық бас тартудың сипаты ретінде қарастырылады. Ал ақшаны шашып ұстайтын адам, керісінше, ата-анасының қалауын орындап, сыйлық алуға құлшынған балаға ұқсайды. Міне, қолындағы ақшаны жұмыс істетуде Фрейд өзіне «шапалақ+сыяпат» деген талап қою арқылы биікке шығыпты. Ол дегеніңіз, ақшаны орынды жұмсаса өзіне сыяпат, ал орынсыз жұмсаса жазғыру шапалақ көрсетіп отырған. Фрейд сараңдығын қазірде бизнесте жүрген кәсіпкерлер кеңінен қолданады. «Мұны үйрене білсең, қолдағы қаржыңды шапалақ жемеу үшін текке шашпайсың» дейді отандық кәсіпкерлер. Ендеше қолыңыздағы қаржы текке шашылмасын десеңіз оны жұмыс істете біліңіз. Сонда өзіңізге деген сыяпатыңыз да көбірек болады.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ


БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Қазақ бизнесі мен қайырымдылық концепциясының ара қатынасы қандай?
Біз ғой үнемі: «қазір ауқаттылардың беті бұқараға бұрыла бастады. Кәсіпкерлеріміз халықтың ауыртпалығын көтеруге бейіл. Қандай да бір кәсіпкерден көмек сұрасаң, үйіп-төгіп, бұзып-жарып көмектесіп тастамаса да қолұшын беруге әзір» дейміз.
Осы шынымен де солай ма? Қазақ кәсіпкерлері қайырымдылық дегеннің концепциясын расымен санасына сіңіре алды ма? Бүгін Алаш айнасының тілшісі ретінде «Бизнес әліппесінде» осы сауалдартөңірегінде сөз қозғауды  жөн көрдік.
Алдымен қағидадан бассақ...
Қайырымдылыққа қатысты бизнес әлемінде көптеген қағидалар бар. «Кең болсаң, кем болмайсың», «Бір қолыңмен берсең екінші қолыңмен аласың»  дегенді бүгінде әрбір қазақ кәсіпкері жадында ұстағысы-ақ келеді. Жалпы, бизнестің қайырымдылық қағидаларын ескерер болсақ, қайырым мен мейірімді атақ шығару үшін әсте қолдануға болмайды. Осыны ескергендіктен Батыс елдеріндегі бизнес біліктілері «қайырымдылықты неғұрлым жарияламай жасырын істесең, соғұрлым табысың еселенеді» деседі.
Өкініштісі сол, қазақтың қазіргі бизнес серкелері қызды-қыздымен қайырымдылықты атақ шығарудың жаңа тәсіліне айналдырып алғаны да жасырын емес. Мысалы, жетімдер үйіне бір теледидар мен бір компьютер сыйлап, сонысын бүкіл БАҚ өкілдерін шақырып алып көрсетіп, өзін-өзі жарнамалап жүргендер бізде жетіп-артылады. Мұндай әрекеттерге қарап «біздегі қайырымдылық концепциясының сипатының жеткен жері осы» дейсің амалсыз.
Негізінен, қайырымды іс жасауда шын мұқтаж адамның алғысынан артық разылық жоқ. Бастысы көрсетілер қайырымдылық ешқандай есепсіз, айла-амалсыз, жарнамасыз, шынайы болғаны жөн. Бұл жөнінде отандық қаржыгер Ғалым Байназаровтың: «Қайырымдылық жүректен шынайы шығуы керек. Қайырымды істі кейін қайтымы болады-ау немесе осы арқылы ұпай жинаймын ғой деген оймен жасау дұрыс емес. Мұндайда сізге кірер кіріс теріс айналады. Абзалы қайырымдылық ілімін жетілдіріп, арнайы жоба жасап отыру керек» дегені бар еді.
Қайырымдылықтың да «ақылды-ақылсызы» болады
Бағамдасақ, қайырымдылықтың да ақылды-ақылсызы болатын көрінеді.
Мысалы, қандай да бір кәсіпкер балалар үйіне қымбат теледидарлар,  унитаздар әкелді делік, шатыр, дуал орнатты, тіпті лагерьлерге  балаларды демалуға апарды делік. Рас, бұл – қайырымдылық. Бірақ нақ осы қайырымдылықты мамандар  «ақылсыз» қайырымдылыққа жатқызады. «Өйткені бұл игі істер балалар үйіндегі негізгі әлеуметтік мәселелерді шешпейді. «Бүгінгі күні балалар үйінің тәрбиелеушілерінің біліктілігін арттыру, балаларды ересек өмірге дайындау үшін және басқа көмектер қажет» дейді мамандар.
Меруерт Молдабаева, әлеуметтанушы:
–Жоғарыдағы ресурстар текке кетіп, жәрдем нысанадан тыс кетеді. Сол барлық қымбат дүниелерді, теледидарларды жинап алып, сатып, бірнеше ұзақ мерзімді жобалар жасауға болар еді.  Жобалар балалар үйінің жұмыс жасау жүйесін, ұжымды, балаларды өзгертетін еді. Бұл дегеніміз жүйені, қарым-қатынасты өзгертетін, стереотиптер мен мифтерді жоятын «ақылды» қайырымдылық болатын еді. Тағы бір мысал, жетім балалар жазда лагерьлерге кетіп, уақыттарын босқа өткізетін жағдайды алайық. Әрине, бұл да дұрыс. Бірақ мұның орнына өзге де шетелдерде тренингтер, семинарлар, оқыту арқылы оларды ересек өмірге дайындауға болады емес пе? Ертеңгі күні бұл оларға маңыздырақ болатын еді. Міне, біздің қазақ бизнесіндегі қайырымдылық жасау мәдениеті осындай деңгейге көтерілсе, біздің болашағымыз да жарқын болар еді.
Сөйтіп, мамандарымыздың пайымдауынша, қайырымдылық ілімін сызып, жобасын жасақтау елде қайырымдылық жасау мәдениетін көтереді. Бұл – біздің отандық бизнес үшін нақ қазір қажеттілік.
Мейірімділікті жоспарлау мүмкін бе?
Сөйтіп, ғылыми тұжырым бойынша қайырымдылық жасауға да арнайы жоспар құрып, дайындалу керек екен. Ол үшін алдымен өзіңізге-өзіңіз «Қайда? Қалай? Не үшін?» деген сауалдарды қоя білгеніңіз жөн. Мысалы, «қайда» деген сұрақ сіздің қай жерде, қандай қайырымдылық жасайтыныңызды анықтайды. Сөйтіп, бұл сауалды өзіңізге жиі қою арқылы сіз өз қажеттілігіңізді де өзгені де қанағаттандыра алады екенсіз.  Ал «қалай» деген сауал сізді қайырымдылық жасауға жан-жақты дайындалуға бағыттайды. Демек, сіз жай ғана қайырым жасай салмайсыз, бұл орайда мұқтаж жанға не қажеттігіне зерттеу жасайсыз. Осыдан кейін сіз ізгілікті істі жоспарлағанда жоспар бойынша өзіңізді ұстана білдіңіз бе? Осы сауалдың астарына үңіліп көріңіз.  Қаржы кеңесшілерінің айтуынша, алға белгілі бір мақсаттар қойып, ол мақсаттарды тізіп, оған жетудің бағасын біліп, мерзімін анықтау қажет.
Негізінде, жоспарлауға қатысты жоғарыда айтылған әрекеттер қайырымдылық жасай отырып, қалтаңыздағы қаржыны бақылаудың бір бөлігі болып табылады. Егер сіз «қайырымды іс жасауға кеткен шығысты келесі бір бизнес жоспарды іске асыру арқылы орнын толтырамын» деп ойласаңыз, ізгі істен аянбаңыз. Тіпті «қайырымды іс жасау үшін бұрын жоспарланған мақсаттардың бірін құрбандыққа шалсаңыз да артықтық етпейді». Мұндай қайырымдылықтың сізге керісінше күш-қуат беретінін ғылым әлдеқашан дәлелдеген.

•  Есіңізде жүрсін:

Абай ОМАРОВ (коллаж)
Қайырымдылықтың формуласы қазақтың генінде бар
Жалпы,  қайырымдылық тұрғысында Алаш айнасы пікірлескен мамандардың дені қарапайымдылыққа бастайтын формула қазақтың генінде бар дүние екенін нықтай түседі. Сондықтан сауатты түрде жетілдіріп жіберсе, әр істің басы-қасында жүрген қазақ азаматтарының  қайырымдылық мәдениетін тереңдете алатынына күмәніміз де жоқ.  Бұл турасында, жалпы генетика және цитология институты директорының орынбасары Бақытжан Бекманов былай дейді:
- Қайырымдылықтың негізгі формуласын француздар альтруизм деп санайды. Алтуризм дегеніңіз - басқаларға риясыз қызмет етуге тырысу. Бұл эгоизмге қарама-қарсы сезім. Бұл ұғымды гендік теорияға енгізген француз философы әрі әлеуметтанушысы О. Конт. Ол бойынша альтруизмнің «басқалар үшін өмір сүр» қағидасы қоғамды моральдық тұрғыда жетілдіруге көмектеседі. Біздің жадымызда жүруі тиіс нәрсе - марапат пен мадақтау күтпейтін альтруизм түрі қазақтың генінде басым. Сондықтан альтруизм  қазаққа таңсық дүние емес. Ендеше болашақта қазақ кәсіпкерлерінің қайырымдылық, ізгілік көрсету мәдениеті жоғарылайтыны даусыз. Себебі қазірде көптеген іскерлік танытып жүрген кәсіпкерлеріміз халыққа пайдалы істер атқарып жатқаны шындық. Бізге жабайы кәсіпкерліктен арылатын кез әлдеқашан жетті. Сондықтан әрі қарай кәсіпкердің әлеуметке көмек қолын созуын жетілдіреміз десек, халықаралық тәжірибеге сай, заманға лайық бастамаларды қолға алып оларды жетілдіргеніміз жөн.

* Генімізде бар қайырымдылықтың 9 қағидасы
1. Рақымшылық білдіру. Өзгелерге де, өзіңізге де шынайы рақымшылығыңызды білдіруден жалықпаңыз. Кеш сайын өміріңізде болған қайырымдылық жасаған сәттеріңізді еске алып, соған себепкер болған адамдарға, жалпы өмірге рақмет айтып отырыңыз.
2. Өзіңді басқалармен салыстыратын артық ойлардан аулақ бол. Өмірде болып жатқан келеңсіз жағдайларды сирек ойлауға және өзіңізді басқалармен салыстырмауға тырысыңыз. «Істегенім өкінішті болды... Басқаша істеуім керек еді…» деген сияқты ойлардан аттап өтіп отырыңыз.
3. Мейірімділік әрекеттеріне машықтаныңыз. Альтуризм өмірді көңілді сүруге көмектесіп келеді.
4. Қарым-қатынасты дамыту. Көпшілікпен жылы қарым-қатынас орнатып, ол үшін күшіңізді де аямаңыз.
5. Мәселелерді шешудің өзіндік стратегиясын жасап алыңыз. Шаршау, жарақат, қиындықтармен күресетін өз стратегияңызды пайдаланыңыз.
6. Кешірімді болыңыз. Барлық өкпе мен ренішіңізді қағазға түсіріп, хат жазыңыз. Оны жіберу міндетті емес, тек бір оқып алыңыз да «осымен бәрі кетсін» деп, жағып жіберіңіз.
7. Мақсаттарыңызды айқындаңыз. Алға қойған мақсаттарыңыздың бірін айқындап, бар назарыңызды соған бөліңіз және оның іске асуына бар күшіңізді салыңыз.
8. Зиянды әдеттен құтылу. Үнемі күлімдеп жүру де пайдалы. Жүзіңізден үнемі мейірімділіктің табы сезіліп тұрсын.
9. Есепке жүгінбеу. Қайырымдылықты есеппен жасамаңыз, ниетіңіз шынайы болсын. Сонда сіздің кірісіңіз еселене түседі. Тек істер ісіңіз шын ниеттен болсын.
•    Қайырымдылық жасап аты шыққан тұлғаларды білеміз бе?


Кедей әрі қайырымды - Хосе Мухика
Уругвайдың президенті Хосе Мухиканы замандастары әлемнің ең кедей президенті санайды. 77 жастағы Мухика президенттік айлығының барлығын түгелдей дерлік қайырымдылық шараларға аударып отырады. Осынысы үшін әлемдегі ең кедей әрі қайырымды президент саналмақ. Ол ай сайынғы алатын 12 500 доллардың тек 10 пайызын яғни 1250 долларын ғана қалтасында қалдырып қалғанын қайырымдылыққа жұмсайды.


Ирландиялық Чак Фини
81 жасқа келген Чак Фини «The Atlantic Philanthropies» қорының негізін қалаған кәсіпкер.Ол сырт көзге ештеңесі жоқ, бақыр тиынын санаған сараң болып көрінеді. Ол тіпті соңғы 30 жылда мейрамханаға барып түстенбеген, ірі супермаркеттерден сауда да жасаймайды, қымбат бағалы заттарды мүлдем сатып алмайды. Оның жеке қазынасында 7,5 млрд доллар қаржысы бар.  Ол соның 6 млрд долларын қайырымдылыққа жұмсаған. Білім саласына, денсаулық саласына, әлеуметтік пәтерлерді ұстауға салған әрине қаржысы марапатқа лайық.


Американдық Джек Килби
Заманға сай калькулаторды ойлап тапқан Джек Килби де әлемдегі қайырымды адамдардың қатарында. Джек  Килби алғашқы микрочипті ойлап тауып  калькулатор мен есептеуіш машиналарды қолдануға болатынын дәлеледеді. Ол жыл сайын 10 млн долларын жетім балаларды демеуге жұмсайды.


Эндрю Карнеги
Ол өзінің бірінші жартысын ақша жинауға жұмсаған. «Ал өмірімнің екінші жартысында сол жинаған ақшамды таратып беруге арнаймын», – деген екен. Карнеги алға қойған осы мақсатымен жігерленіп, өмірінің бірінші жартысында 450 млн доллар қаржы жинаған екен. Сөйтіп, расымен де, өмірінің соңғы кезінде сол жиған қаржысының игілігін халыққа көрсету мақсатында әке-шешесіз панасыз қалған балаларға арнап кітапханалар мен театрлар салған.


Қазақ баласы Төрегелді
Әлемдік деңгейде 41 адамға ғана бұйырған ең жоғары  Леон Бернард наградасымен мараптталған Төрегелді Шармановтың қайырымдылық қағидасы да елеуге тұрарлық. Төрегелді Шарманов өзіне мемлекеттік сыйлық үшін  берілген 10 мың долларды жетім балалар үйіне аударса,  «Тарлан» Платина сыйлығы үшін берілген 10 мың долларды әл-ауқаты төмен отбасылардан шыққан сутдент балаларға үлестіріп берген.  Ол  жетпіске келгенде, «сіздердің маған деген құрметтеріңізге ризамын, «меройтойға беремін» деген қаражаттарыңызды лейкозбен (ақ қан) ауырып, дертке ұшыраған балаларды емдету үшін құрылған қордың есепшотына аударсаңыздар» деген газетке арнайы хабарландыру жазған сәтінде  бір облыстың әкімі «Төке, мұныңыз дұрыс емес, сізді ешкім қолдамайды. Дон Кихотсыз ба, дүниеңізді тарататын» деген екен.  Сөйтіп, 70 жылдық мерейтойына жиылған 3 миллион теңгені  бірден Педиатрия және балалар хирургиясы институты жанынан ашылған «Ребенок в беде» атты балалардың ақ қан ауруын емдеу үшін құрылған қайырымдылық қорына аударады. Әлгі қор қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қазірде Төрегелді Шарманов Қазақ тағамтану академиясының президенті, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаған тұлға ретінде әлемге танымал.

•    Ұсыныс:
Ынтаны менеджерлер арқылы арттырсақ қайтеді?
Бизнестегі қайырымдылық туралы сөз еткенде мамандарымыздың алдымен тілге тиек етері Батыс кәсіпкерлерінің мецанаттығы. Сарапшыларымыз бұл ретте «Батыста кәсіпкерлер қайырымдылық жасауға өздері бейіл. Себебі өркениетті елдердің біршамасында қайырымды кәсіпкер әжептәуір салықтан құтылады» дейді. Тіпті ол елдерде қайырымды азаматтың атағын аспандатып отыратын PR-менеджерлер легі де жеткілікті. «Міне, осы тәжірибені бізге де қолдану қажет» дейтін мамандар пиар менеджерлер қызметіне жүгіну кәсіпкерлердің ірі-ірі компаниялардың қайырымды іс жасауға ынтасын аша түсетінін алға тартуда.
Қайшы пікір:
 Дұрыс...
Меруерт Молдабаева, әлеуметтанушы:
– Мұндай менеджерлер тобының жасақталуы жұртшылықтың қайырымдылық қорларына деген көзқарасын өзгертеді. Себебі қазірде кәсіпте жүрген азаматтарға қайырымдылық қызмет көрсету туралы түсіндіру тіптен қиын. Сондықтан олардың жұмысын насихаттап отыратын, оларды қайырымдылыққа шақыратын пиар менеджерлер бізге керек-ақ. Мұндай менеджерлер арқылы біз кәсіпте жүрген азаматтардың да қайырымдылық көрсетуге деген ынта-ықыласын арттыра аламыз деп ойлаймын. Мысалы, біздің іргеміздегі Қытайда пиар менеджерлер қызметі бар. Олардың міндетіне кіретін басты дүние: қайырымды іс қылған адамды БАҚ өкілдері арқылы жарнамалап, насихатты сауатты атқара білу. Пиар менеджерлер тобын жасақтау қайырымдылық қорларының ісін де және қайырымды іс қылған азаматтардың жұмысын да халыққа ашықтан-ашық жария етуге көмектеседі.
Бұрыс...
Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:
– Меніңше, бізге әртүрлі менеджерлер легін жасақтап, олардың қарасын көбейткеннен келер пайда жоқ. Бұған қатысты айтарым, біздің мемлекетімізде қайырымдылық жасаған кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер қарастырылғаны абзал. Әрине, бұл үрдіс қазір бізде бар. Мысалы, Қазақ елінде қайырымды іс қылып, әлеуметке сауапты қызмет қылған компаниялар мемлекетке төленетін салықтың 3 пайызынан құтылады. Яғни қайырымдылық жасасаң, салық 3 пайызға арзандайды. Ал Батыс елдерінде мұндай іс қылған кәсіпкерлерге 20-30 пайызға дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Осындай шараларды қарастырсақ, кәсіпкерлердің қайырымдылық іске деген ынтасы да ұлғаяды. Қайырымдылық жасайтын кәсіпкердің қарасы көбейгеннен кейін оларды халық та жақсы таниды. Осыдан кейін барып пиар менеджерлер қызметі бізге тіптен керексіз болып та қалады. Сондықтан мәселенің осы жағын ойластыру қажет тәрізді.

Бейтарап пікір:
Мейрам Қабдрахманұлы:
- Біздің елімізде қайырымды іс жасайтын азаматтар баршылық. Бірақ солардың насихаты келіспей жатады. Пиар менеджерлер қызметіне жүгіну арқылы да осы олқылықтың орнын толтыруға болады. Егер қандай да бір кәсіп иесі әлеуметке қол ұшын тигізіп, жұртқа жақсылық жасап жатса, неге оны жарнамаламасқа?! Егер арнайы мамандар арқылы бұл қызмет түрін жетілдірер болсақ, біз кәсіпкерлердің қайырымдылық ісіне қызығушылығын арттырамыз. Қазірде бірен-саран ірі компанияларда мұндай менеджерлер қызметі бар. Бірақ ол менеджерлер сол компанияның өзін жарнамалаудан аса алмай жүр. Ал бизнестегі қайырымдылық қағидасын жарнамалап, қайырымды істің қайтарымы мол болатынын насихаттап, қайырым жасауға кәсіп иесін тартуға ынталанып жатқан менеджерлер бізде жоқтың қасы. Сондықтан қайырымдылық жасауды және оны жасаған адамды жарнамалап отыратын мамандар қажет. Қазақтың жоқ-жітігін түгендеуде бұл шараның атқаратын рөлі зор. Кәсіпкерлеріміз халықтың арасына еніп, олардың бір жоғын екі еселеп түгендеуі үшін қайырымдылық концепциясы қазақ бизнесіне толықтай сіңісуі қажет. Ол үшін жан-жақты сауатты мамандардың да көмегі қажет.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ


БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Қазақ баласын бизнеске тартудың жолдарын іздеуге неге құлықсызбыз?
Баяғыда біреу үлкен ғұламаға барып «өмірімнің соңына дейін бақытты, сәтті болуым үшін не қажет» деп сұрапты. Сонда ғұлама ол үшін ұрпағыңа кәсіптің көзін табуға үйрет» деген екен.
... Расымен де біз осы ұрпағымызға кәсіп үйретудің тетігін меңгере алып жүрміз бе? Балаларымызды нарықтың заңдылығына қарай сауатты тәрбиелей алып келеміз бе?Қазақ баласын бизнеске жастайынан машықтандыра ала ма? Бүгін «Алаштың бизнес әліппесі» арқылы осы сауалдарға жауап іздемекпіз.
Қазірде қолына қомақты қаржы ұстағысы келетін, әмиянындағы тиын-тебенді  көбейтсем деп армандайтын адамдардың саны артып-ақ келеді.   Тіпті қазіргінің баласына дейін әке-шешесі «ұсақ-түйегіңді түгендерсің» деп беретін қаржыны тықпыштап жинауға бейім. Мұны қайсыбіреулер «нарық заңына ыңғайлану» деп те түсінеді. Ал бұл, шынымен, нарықтың заңын ұғыну ма? Болмаса біз күнделікті тірліктің қамына бола қаржымызды жинаған болып жүрміз бе?
Нарықтың заңы емес, қарынның қамы екен
Нақ осы ақша жинау турасында қаржыгерлер арасында бір қызық мысал бар: кезінде әлемдік тұрғыда құрыш құюдың алпауыты саналған Эндрю Карнеги: «Мен өз өмірімнің бірінші жартысын ақша жинауға жұмсаймын. Ал өмірімнің екінші жартысын сол жинаған ақшамды таратып беруге арнаймын» деген екен. Карнеги алға қойған осы мақсатымен жігерленіп, ақша жинауға деген ықыласы артқаны соншалық, өмірінің бірінші жартысында 450 млн доллар қаржы жинаған екен. Сөйтіп, расымен де, ол өмірінің соңғы кезінде жиған қаржысының игілігін халыққа көрсету мақсатында кітапханалар мен театрлар салған көрінеді. Бұған қарап, біздің  сарапшыларымыз «Карнегидің  тәсілі қазақтың қанына  мүлде сіңбеген. Қазақтың баласы  бизнес әлемі дегенді әлі толық білмейді. Тіптен жеке кәсіпкерлердің балалары әкесінің кәсібін жалғастырып кете қоюы неғайбыл» деседі.  
Қорлан Әбсалықова, академик, ғалым:
- Біздегі бизнеске қауқары бар қауым бүгінде ақша жинаса, не даңғарадай қылып үй салады, не алаулатып-жалаулатып, ата-бабасына ат шаптырып, той жасайды. Сосын барады да, «өлі разы болмай, тірі байымайды ғой» деп терең күрсінеді.Біз бизнес әлемінде шектен тыс дарақылыққа жол береміз. Елде жабайы кәсіпкерлік кеңінен қалыптасып кеткен. Қазақтың кәсіпкерлерінің басым бөлігі қара басының қамын күйттеуден аса алмай жүр. Олар мемлекеттің жалпы экономикасына үлес қосуға, жастарды бизнеске тартуға  асқан ынтызарлықпен бел шешіп кірісіп отырған жоқ. Міне, біздің бизнес өкілдерінің нарықтың заңына емес, қарынның қамына жұмыс істейтінін осыдан аңғару керек.

Еврейлердің тәсілі елеуге тұрарлық...
Жалпы, баланы бизнес әлемінен хабардар етуге қатысты еврейлер баласына бес жасынан бастап бизнес әлiппесiн үйретеді.  Ондағысы – балам есейгенде ешкiмге кiрiптар болмай, ауқатты жан болса дегенi.Ал жапондардың «Бала капиталы» атты мемлекеттiк бағдарламасын Жапонияның әр отбасы төрiне iлiп қойып, жата-жастана жүрiп оқиды. Бұл да – балаға нарық заңын терең меңгертуді дамытудың бiр үрдiсi. Ал балаларын бизнеске бейімдеп инвестиция салу жайы қозғалғанда, сөз жоқ, бiраз қауым «айлығымыз шай-пұлымызға жетпей жүр» деп қолды бiр-ақ сiлтейді. Дегенмен, біз балаларымызға нарықтың заңын меңгертіп, олар есейгенде қандайда бір кәсіп иесі болсын десек, алдымен баланың болашағына инвестиция салудан тартынбауымыз керек. Экономист са¬рапшылардың бағамдауынша, қазірде Қаза¬қстан халқының 11 пайызы ғана баласына ин¬вестиция салуға ықылас бiлдiретiн кө¬рiнедi. Ал қалғаны «балам жоғары бiлiм алса, болды» деген бағытты көбi¬рек ұстанады.
Жұмаділда Байділдаев, экономист-ғалым:
 –Егер біздің қазақ балам белгілі бір кәсіпті меңгерсін десе, алдымен баласына арнап капитал жинауды үйренгені абзал. Ол үшін ауқатты болудың еш қажеттілігі жоқ. Мәселен, әр отбасы тапқан табысының мөлшерiне қарай жалақысының 15 немесе 10 пайызын бала капиталына салып отырса, бала есейгенше әжептәуiр қор жиналар едi. Қазақтар балаға инвестиция салу мәселесiне мүлде мән бермейдi. Бұл – өте қате нәрсе. Балаға қосымша қор жинауды қазақтың санасына сiңiретiн уақыт жеттi.

Бюджеттен бөлінер кірісте артуы тиіс
Негізінде, мамандарымыздың пайымдауынша, елде бала капиталына бюджеттен бөлінер кіріс те артқаны жөн. Мысалы, бала туылғанда берілетін жәрдем¬ақы отбасында дүниеге келген әрбір бірінші, екінші, үшінші балаға 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 45 360 теңге мөлшерінде беріледі. Баланың күті¬міне арналған жәрдемақы да отбасындағы баланың туу ретінің санына қарай белгіленген. Осыған орай мамандарымыздың дені бұл ретте «мемлекеттік бюджеттен бөлінер кіріс те  артқаны жөн» дейді.
Бұдан соң «шағын қаржылық жоспар кез келген отбасында болуы тиіс.  Бала-шағасы, отбасы бар адамдардың осы жоспардың болмағаны есебінен ай тығырыққа тіреліп қалып жататын кездері көп кездеседі» дейді мамандар.
Жалпы, түйіндеп айтар болсақ, қазіргінің баласын бизнеске жастайынан бейімдеуіміз керек. Ол үшін әрине, мамандар сөз етіп отырғандай, әр отбасы тапқан табысының мөлшерiне қарай жалақысының 15 немесе 10 пайызын бала капиталына салып отырса, бала есейгенше әжептәуiр қор жиналар едi. Абзалында қазiр «әр баланың өз несiбесi бар» деп, арқаны кеңге салудың кезi өттi. Негiзiнде, кез келген отбасы, мейлi, 50 мың теңге тапсын, мейлi, 80 мың теңге жалақы алсын, соның тым құры¬ғанда 5 пайызын баласының капиталына салып отырса, сәл де болса қор жина¬латын едi. Сосын ол бiр¬тiндеп көбейе бередi. Бұл жерде ата-ана¬ның мiн¬деттi түрде ау¬қатты болуы шарт емес. Тек балаға қор жинаудың қыр-сырын үй¬ре¬нуге ұмтылса бол¬ғаны, шаруа дөңгеленiп жүре бередi де, кейін балаңыз есейгенде оның өз ісімен айналысуына, көңіле жағымды дүниесін атқаруына бұл үлкен көмек болар еді...

Капитал жинап, болашақты қамсыздандырамыз...
Негізінде, біздің елде балаға капитал жинаудың алғышарттары қалыптасып келеді. Бұл ретте бірқатар банктің өзіндік шарттары мен шаралары баршылық. Біз отандық банктердің «Бала капиталы», «Балапан» депозиттерін есептеп, төменгі кестеге түздік...

Дегенмен, көпшілік қауымның мұндай депозиттерге тіптен қаржы салып отыруға мұршасы да жоқ. Төмендегі инфографикаға назар аударсақ, ел тұрғындарының біразы үшін баласына капитал салу емес, күнделікті күйбең тірліктің мәселесі «бас ауыртарлық» жағдайға жеткен.  70 мың адамды қатыстырып, оларға балаға капитал жинауға не бөгет болып жүргенін талдап, сауалнама жүргізген «Бота» қоғамдық бірлестігінің сауалнамасы осыны айғақтайды.

Жасөспірім миллиардерлер кімдер?
Жалпы, ата-анасы туа салысымен қамын ойлап, есейе келгенде бірден өзіне ұнайтын ісін бастап, ол арқылы қомақты табысқа қол жеткізіп,  миллиардер атанып шыға келген жасөсіпірімдер әлемде баршылық. Бұл жастар бизнес әлемінің жас талғамайтынын дәлелдеп қана қоймай, сол бизнестің көшбасшысына айналды. Олар кімдер дейсіз ғой?
Марк Цукерберг – Facebook
Гарвард университетінің студенті болып жүрген кезінде Facebook әлеуметтік желісін ойлап тауып, оның негізін қалаған Марк Цукербергі туралы көбіміз жақсы білеміз. Қазірде бұл әлеуметтік желіде көпшілігіміз сағаттап, тіпті күні бойы уақытымызды өткізуге бармыз. Оның бұл әлеуметтік желісі бір жылдан соң 1 миллион қолданушыға жетсе, 4 жылдан кейін қолданушылар саны жағынан дүниежүзіндегі ең бірінші әлеуметтік желіге айналған. 2010 жылы  Facebook аудиториясы 500 миллионды құраса, 2012 жылы бұл көрсеткіш миллиардтан асқан. Марктің әкесі баласының жасөспірім шағының өзінде емханасы мен үйдегі компьютерді жалғастыратын бағдарлама ойлап тапқанын, бала күніне жаңалыққа құштар, ерік-жігері мықты болғанын айтады.
Мэтт Мулленвег – WordPress
Мэтт Мулленвег Хьюстон университетінде оқып жүрген кезінде WordPress-ті ойлап тапқан. Бүгінгі таңда ғаламтор желісіндегі әрбір 6-шы сайт (барлығы шамамен 60-миллион) WordPress арқылы жұмыс істейді. Ал күн сайын 100 мың жаңа сайт пайда болуда.Мэт 12 жасында интернеттегі алғашқы парақшасын ашады, 18 жасқа толған кезде құрып, Вашингтонға барған кезіндегі фотосуреттерді орналастыру үшін жеке блог ашады.Қазірзі кезде біздің елімізде өзін блогермін деп есептейтін бірқатар адам осы WordPress-тің арқасында жеке блогтарын ашып, өзін танытқан болатын.
Джек Дорси – Twitter
Twitter әлеуметтік желісінің негізін салушы Джек Дорси. Нью-Йорк университетінде оқып жүрген кезінде оның ойына қысқа мәтіндік хабарламалардан тұратын сервис, яғни Twitter-ді ойлап табу идеясы туындайды.Дорси бағдарламалауды өз бетімен үйрене бастайды. Бала күнінен қала картасына, диспетчерлік қызметке қызығып өскен Дорси жедел жәрдем мен полиция үшін бағдарламалық қамту ойлап табады.2013 жылғы есеп бойынша, Твиеттердің 200 миллионнан астам қолданушысы бар. 140 символдан аспайтын қысқа жазбалардың әлемді жаулап алғаны соншалық, оны қолданушылар жас, кәсіп таңдамайтын күйге жетті.
Канадалық  - Райан Росс
Канадада туылған Райан Росс. Кәсіпкерлікке бейімділігі 3 жасынан-ақ байқалған. Өйткені сол шынашақтай кезден бастап үйінің ауласында құс фермасын жасапты. Осы үйінің ауласында өсірген құстарының бағасына үстеме қосып сату арқылы ол алғашқы  бизнестік жолын бастаған. Қазір Канададағы ең ірі құс фермасының иесі. Ол мұндай қадамға анасының «Ақшаны қалай тез табуға болады?» деген кітабын оқыған соң барған. Оның бұл тапқырлығы Гиннес рекордтар кітабына енген.
Қазақ баласы- Марат Әбиев
Ал енді осы әлемдік миллиардерлер мен миллионерлердің арасында  «Форбс» журналының тізіміне енген ақтөбелік  қазақ баласы Марат Әбиевтің жүруі әрине біз үшін қуаныш. Оның қоржынындағы қаржы 11 миллион доллар. Марат Әбиев 13 жасынан бастап, ғаламтор арқылы косметика таратып, желілік маркетинг бизнесімен айналысады.Өзінің ақша табуға деген ынтасы мен қайсарлығының арқасында жас бала, бір жарым жыл ішінде бес мың долларға дейін пайда көреді. Кейінірек компьютер арқылы қызмет көрсетуге кіріп, 19 жасында GPS-құрылғыларын көтерме бағада сатумен айналысады.Мараттың негізгі кәсібі - мұнай және мұнай компаниясына қажет құбыр сату болған. Осыдан кейін жас кәсіпкердің тасы өрге домалап, түсетін пайдасы да көбейді.
Міне, осындай деректерге қарап отандық сарапшыларымыздың дені бала өмірге келе салысымен оған арнап инвестиция салуға дағдылану керектігін, қажет болған жағдайда мұны ата-аналарға міндеттеу де жөн екенін алға тартуда. Расымен де мүмкін, баласының қамын ата-ана бүгіннен ойлауы үшін бір мемлекеттік міндеттеу енгізу қажет шығар. Ойланып көрелікші...

Балаға капитал жинауды ата-аналарға міндеттеу керек пе?
 Дұрыс 
Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:
– Бұл үрдіс Қытай Халық Республикасында қазірде жетілдірілген. Қытай елі қазірде өзінде арнайы міндеттемелер жүктеп, бала капиталын жинауға үндеп отыр. Осыдан барып ол елдің балалар қорына өз ата-анасы жалақысынан 15 пайыздық  инвестиция салса, олардың ұлттық компаниялары екінші бір инвестиция салуда. Бұдан шығатын қорытынды: аталмыш елдің сәбилері бесігінде жатқанда-ақ болашағы қамтамасыз етіліп, бала өсіп- өнгенше барлық жағдайы жасалып, дайын тұрады. Сондай-ақ ата-аналарға  мемлекеттік міндеттемелер жүктеу арқылы бұл меселені Канада, Ұлыбритания елдері де оңтайлы шешіп отыр. Осыған орай айтарым: біздің осындай міндеттемелер жүктеу арқылы бала капиталын жинап, бала жарнасын ашуға кіріскеніміз жөн.
Марал Төртенова, саясаттану ғылымының кандидаты:
Бұрыс
- Меніңше, мұндай бастаманың қолдау табуы қиын. Себебі біздің қазақ баласы бұған әлі бейімделе қойған  жоқ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бұған дейін де бірнеше мәрте айтылды, қозғалды. Бірақ сол кәсіпкерлеріміздің өзі халықтың емес, өздерінің жағдайын ғана ойлап жүр. Ал мұндайда бір табысқа ғана қарап отырған ата-аналар міндетті жарна жинауға келісе қояр ма екен? Жалпы,  әркім өз баласына капитал жинауға әрине міндетті. Дегенмен соған мемлекеттік міндеттеуді араластырмай, мәселені шешуді әр ата-ананың өзіне қалдырсақ қайтеді?!

Бетті дайындаған Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, жеке пошта kokshe.79@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста