БЖЗҚ азаматтардың өз қаражаттарын алғанын қаламайды – депутат

22 желтоқсан 2021, 09:16

Сондықтан қор ақша алудың шекті мәндерін есептеуге қатыспауы тиіс.

 

Зейнетақы жинақтарын алудың жаңа шегін есептеу кезінде бірқатар қателіктер жіберілген (әдейі болуы да мүмкін) деп есептейді Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов. Мәжілісмен қателіктерді атап көрсетіп, оларды түзетуді, ал оны әзірлеуге жауаптыларды жазалауды ұсынды.

 

Қателік пе әлде қасақана әрекет пе?

 

Мәжілісмен қазіргі уақытта 600 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге пайдаланғанын еске салды. Жалпы сомасы 2 трлн теңгені құрайды. Бірақ желтоқсан айының басында жинақтардың минималды жеткіліктілігінің жаңа шегі пайда болды. Нәтижесінде, осы шектерге сәйкес, тек 15 мың азамат қана өз жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалана алады екен. Яғни төрт есе аз.

 

– Шектерді көтеру қоғамда үлкен наразылық туғызды. Тіпті, мемлекет басшысы бұл мәселені шешуге араласуға мәжбүр болды. Ол үкіметке бұрынғы жеткіліктілік шектерінің қолданылу мерзімін 2022 жылғы 1-сәуірге дейін ұзартуды тапсырды, – деп атап өтті депутат.

 

Мәжілісмен бұл туралы былай деп мәлімдеді;

 

жаңа шекті есептеген кезде Еңбек министрлігі мен БЖЗҚ бірқатар қателіктер жіберген, оның ішінде қолданыстағы заңнаманы бұзатын тұстары да бар.

 

Біріншіден, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін анықтау әдістемесі “Зейнетақымен қамсыздандыру туралы” заңның нормаларына сәйкес келмейді.

 

— Заңның 1-бабының 15-1) тармақшасына сәйкес, ең төменгі жеткіліктілік шегі – бұл ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен емес, ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері. Алайда әдістемеде ең төменгі жалақы мөлшері (60 000 теңге) пайдаланылады, — деп атап өтті Жамалов.

 

Депутаттың болжауынша, ең төменгі жеткіліктілік шегін ең төменгі зейнетақы мөлшері көрсеткішінің орнына ең төменгі жалақы мөлшеріне байланыстыру (46 302 теңге) ең төменгі жеткіліктілік шегінің орта есеппен 64%-дан 83%-ға дейін ұлғаюына әкелді. 20 жастағы балалар үшін шекті мән 1,7-ден 3,1 млн теңгеге дейін, 59-62 жас аралығындағылар үшін – 5,5-тен 9,1 млн теңгеге дейін өсті. Егер ең төменгі зейнетақы көрсеткіші пайдаланылса, шекті мән небәрі 9%-ға өсер еді, деп атап өтті депутат.

 

Екіншіден, БЖЗҚ азаматтардың өз активтерін алуына мүдделі емес, себебі оларды ұстаушы өздері болып табылады

 

Сондықтан жеткіліктіліктің ең төменгі шегін есептеу оның өкілеттігіне кірмейді.

 

– Мұнымен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы саясатты іске асыруға жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысуы тиіс. Ал БЖЗҚ тек операторлық қызметті ғана жүзеге асыра алады – зейнетақы шоттарын жүргізу, зейнетақы жарналарын енгізу, жинақтаушы зейнетақы төлемдерін төлеу. Бұл саладағы саясатты қандай да бір акционерлік қоғам емес, тек Үкімет пен министрлік анықтай алады, – деп атап өтті Жамалов.

 

Үшіншіден, заң бойынша шектердің жаңа мәндері 2021 жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей басылым беттерінде жариялануы керек еді. Ал олар 3 желтоқсанда БЖЗҚ сайтында ғана жарияланды.

 

БЖЗҚ-дан тосынсыйлар

 

Төртіншіден, 1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында зейнетақы жинақтарының бір бөлігін “Отбасы банкіне” депозитке аударуға рұқсат берді. Бірақ тиісті түзетулер 2021 жылдың 10 желтоқсанында ғана қабылданды. Бұл ретте өтінімдерді қабылдауға арналған ақпараттық жүйелер мен платформалар әлі жасалу үстінде.

 

– Тағы да тосынсыйcыз болмады. Ешқандай себепсіз зейнетақы жинақтарын мақсаты бойынша пайдалану мерзімі екі есеге: 45-тен 20 жұмыс күніне дейін қысқартылды, – деп толықтырды депутат.

 

Содан кейін ол бірқатар шараларды ұсынды:

 

*  жеткіліктілік шегін есептеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланудан бас тарту

 

*  зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес ең төменгі зейнетақы мөлшерін пайдалана отырып, 2022 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегін қайта есептеу

 

*  уәкілетті орган ретінде ҚР ЕХӘҚМ-не жеткіліктілік шегін есептеу бойынша өкілеттікті бекіту

 

*  осы жылдың соңына дейін Тоқаевтың “Отбасы банк” депозитіне Зейнетақы жинақтарын аудару мүмкіндігі туралы тапсырмасын орындап, зейнетақы жинақтарын пайдалану мерзімінің 45 күннен 20 күнге дейін қысқартылуы жөнінде түсіндірме беру

 

*  қызметтік тергеу жүргізу және зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін әзірлеуге жауаптыларды жазалау керек.

 

 

kaz.365info.kz