БҚО-да мәслихаттың 14 депутаты тендерден 83 млрд теңге жеңіп алған – БАҚ

20 желтоқсан 2022, 19:01

Батыс Қазақстан облысында мәслихат депутаттары мен олардың иелігіндегі компаниялар мемлекеттік сатып алулар арқылы 83,1 миллиард теңге жеңіп алған. Бұл туралы ProTenge Telegram-арнасы мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Нalyq-uni.kz-ке сілтеме жасап.

Арна мәліметінше, мемлекеттік сатып алулар арқылы табыс тауып отырған депутаттардың көпшілігі AMANAT партиясының құрамында екен.

 

Мұнда заңға қайшы ештеңе жоқ. Депутаттарға мемлекеттік сатып алуларға қатысуға тыйым салынбаған. Оның үстіне олар мәслихат депутаты болғаны үшін жалақы да алмайды. Дегенмен мүдделер қайшылығы бар екені сөзсіз. Өздеріңіз салыстырып көріңіздер, - делінген жазбада.

 

Сондай-ақ онда 2021-2022 жылдары мемлекеттік сатып алуларға қатысып, бюджеттен ең көп қаржы алған депутаттардың үштігі көрсетілген.

 

Бірінші орында Нұрғазы Сәтбаев тұр. Оның иелегіндегі «Uniserv» ЖШС жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бюджеттен 64,4 миллиард теңге алған.

 

Екінші орында AMANAT партиясының тағы бір мүшесі Иван Енютин тұр. Оның иелегіндегі «АСФА» фирмасы жол салуға қатысты мемлекеттік тендерді жеңіп алған. Мемлекеттік сатып алудың құны – 5,7 миллиард теңге.

 

Бұл үштікті Нұрлан Серғалиев түйіндеп отыр. Ол да AMANAT партиясына мүше және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры. Университет 2021-2022 жылдары бюджеттен 3,1 миллиард теңгеге қаржыландырылған.

 

«Әкімдікпен жұмыс істеп, олардан ақша алатын депутаттар бюджетті қорғап, халықтың еркін жеткізе отырып, әкімдікті халықтың қажетіне қарай бағыттай ала ма?» - делінген жазбада.