БҚО шенеуніктері жанармайды әлдеқайда қымбатқа сатып алған

24 қаңтар 2022, 22:41

Батыс Қазақстан облысының шенеуніктері жанармайды өз бағасынан әлдеқайда қымбатқа сатып алған. Мұны қоғамдық ұйымның өңірдегі өкілдері анықтапты.

 

Олардың дерегінше аудан әкімдіктері мен мемлекеттік мекемелер Энергетика министрлігі бекіткен нақты бағаны ескермеген. Осылайша небары бір айда 10 миллион теңгеден астам қазына қаржысы орынсыз ысырап болды, дейді.

 

Ұйым заңгері Бөрлі, Теректі, Қазталов аудандарындағы мекемелер бензинді өз бағасынан 10-20 теңгеге, ал дизель отынын тіпті 125 теңгеге қымбатқа сатып алғанын айтады. Яғни «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды аяқ асты қылып, қазына қаржысын оңды-солды шашқан шенеуніктермен қатар жанармай сатушылар да жауапқа тартылуы тиіс деп отыр.

 

Бүгінде олар облыстың мемлекеттік ішкі аудит департаменті мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне хат жолдап, арадағы келісім-шартты бұздырмақ ниетте.

 

Бауыржан ЗӘКИ, ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМНЫҢ ЗАҢГЕРІ:

 

– Бұл жерде коррупция бар ма, жоқ па деп мен нақты айта алмаймын. Өйткені тиісті органдарға біз жолдадық. Бірақ дегенмен де олардың біріншіден біз көріп тұрғанымыз – заңның білместігі. Яғни, 6-қаңтар күні мемлекет мынадай бағаны қойды, сендер аласыңдар да 12-сі немесе кеше ғана 20-сы, 21-і жасаған шарт бар. 10 күн, яки екі аптаның ішінде сендер заңды бұзып жоғары алып жатсыңдар!

 

 

 

astanatv.kz