Доллар бағамы зейнетақы жинақтарына қалай әсер етеді

20 ақпан 2022, 20:53

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры доллар бағамы зейнетақы жинақтарына қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«БЖЗҚ-ның әрбір салымшысы мен алушысының зейнетақы жинақтары жеке зейнетақы шотына келіп түсетін жарналар мен есептелетін инвестициялық кірістен құралады. Зейнетақы активтерін басқарушылар (ҚР Ұлттық банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар – қысқаша ИПБ) инвестициялық кіріс алу мақсатында зейнетақы активтерін Қазақстанда және шетелде экономиканың түрлі секторларындағы сан алуан қаржы құралдарына, әртүрлі валюталарға орналастырады. Мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және тұрақты табыстылығын қамтамасыз етеді. Инвестициялық кіріс – бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық әрі валюталық қайта бағалау түріндегі кірістерден, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. Құралады», - делінген БЖЗҚ мәліметінде.

 

Осы орайда нарықтық және валюталық қайта бағалаудан түскен кіріс жекелей алынған кезеңде оң да, теріс те болуы мүмкін.

 

Сондықтан инвестициялық қызметтің нәтижесінде шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық табыстың мөлшері әртүрлі болуы ықтимал.

 

«Салымшылар мен алушылар оған 2022 жылдың басынан бері көз жеткізуде. Мәселен, қаңтарда сыртқы және ішкі қаржы нарықтарындағы тұрақсыздыққа, оның ішінде Қазақстандағы төтенше жағдайдың салдарынан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ депозитарлық қолхаттары, ҚР Қаржы министрлігінің облигациялары және кейбір шет мемлекеттердің үкіметтік облигациялары сияқты қаржы құралдарының нақты (нарықтық) құны төмендеген болатын. Сонымен бірге, бұл эмитенттер тұрақты болып қалды, сәйкесінше олардың құны уақыт өте келе қалпына келіп, өсуі мүмкін», - деп аталып өткен қор хабарламасында.

 

Сонымен қатар, зейнетақы жинақтары қаржы тетіктеріне әртүрлі валютада инвестицияланды.

 

2022 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша инвестициялардың 2/3 теңгемен және 1/3 шетел валютасымен, валюталық инвестициялардың басым бөлігі АҚШ долларымен орналастырылды. Тиісінше, доллар бағамы зейнетақы активтері құрамындағы инвестициялық кіріске де әсер етеді: ұлттық валюта нығайған кезде инвестициялық кіріс төмендеп, доллар бағамы өскен кезде жоғарылауы мүмкін.

 

Бұл ретте, 2022 жылдың қаңтар айында АҚШ долларына қатысты теңге бағамы 431 теңгеден 433 теңгеге дейін әлсіреді. Осылайша, қаңтарда зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау қалыптасты.

 

Содан кейін ақпан айының басынан бері ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 430 теңгеге дейін нығайды және тиісінше ақпан айында зейнетақы активтерін теріс валюталық қайта бағалау есептелді.

 

«Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 жыл кезеңінде талдау орынды. Қысқа мерзімді деректер (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) – айқын нәтиже көрсетпейді, өйткені, ол нарықтың үнемі өзгеруіне тәуелді. Мысалы, салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-на бөлінген 2021 жылғы таза инвестициялық табыс сомасы шамамен 1,4 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде түскен жарналар сомасынан асып түсті (1,3 трлн теңге). Қазақстан Ұлттық банкінің басқаруымен БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері бойынша кірістілік 2021 жылдың басынан бері 11,13% болса (бұл мерзімді банк депозиттері бойынша табыстылықтан жоғары), инфляция 8,4% құрады», - делінген БЖЗҚ ақпаратында.