Доллар құнсызданып барады. Мамандар мұның қашанға дейін жалғасатынын айтты

21 мамыр 2022, 01:10

Соңғы уақытта ақша айырбастау нүктелеріндегі бағаннан доллардың теңге мен рубльге шаққандағы құны күн санап әлсіреп бара жатқанын аңғарамыз. Бұл қашанға дейін жалғасады? Теңге мен рубльдің нығайып, доллардың әлсіреуі неге байланысты?

Экспресс К тілшілері осы мәселе жөнінде экономист мамандардан сұрап білді.

Қазақстандағы орташа валюта бағамы бүгінгі таңда 1 доллар үшін 429,32 теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш күн санап өзгеруде. Яғни, соңғы уақытта төл валютамыз бен рубльдің нығайып келе жатыр. Бұл нендей себептерге байланысты? Қашанға дейін жалғасуы мүмкін? Экономист мамандар жағдайды түсіндіріп берді.

Мұрат Темірханов, экономист: Рубльге қазіргі уақытта екі жағдай әсер етіп отыр. Ресейдегі жалпы ішкі өнімнің әлсіреуі экономиканы құрдымға сүйреп бара жатқанын жасыруға болмайды. Салынған санкциялардың әсері де оңай емес. Бұл жағдайда неге рубль нығайып келеді деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз. Ол біріншіден импортқа байланысты. Бұрынғыдай тұрмыстық тауарлар, технологиялар, инвестициялық сауда айналымы жоқ.

Салдарынан валютаға деген сұраныс та төмендеді. Әрі экспорттан түскен қаржының 83 пайызын рубльге айырбастау талабы бар. Осылайша қаржы айналымы рубльмен жүре бастады. Соған байланысты Ресей валютасы нығайып отыр.

Екіншіден мұнай экспорты. Ресей мұнайын сыртқа тасымалдау қысқарды. Бірақ бұл өз әсерін тигізген жоқ. Себебі қазіргі уақытта мұнай бағасы қымбаттап кетті. Өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге өсті. Бұл да валютаның нығаюына алып келіп отыр. Сонымен қатар, Ресей орталық банкі валюта нарығын реттеуді өз қолына алды. Кез-келген адам барып өзіне қажет ақшаны айырбастай алмайды. Арнайы талап-ережесі бекітілді.

Теңге де солай. Естеріңізде болса наурыз айында доллар нығайған тұста рубльмен қатар, теңге де әлсіреген еді. Енді рубль күшейгенде теңге де соның ізімен құнын арттырып келеді. Демек екі валютаның байланысы бар деп айтар едім. Әрине, қашанға дейін жалғасатынын айта алмаймын. Бірақ долларға деген сұраныс жоқ кезде, валютамыз нығая береді.

Жарас Ахметов, экономист: Наурыз айында валюта бағамына қатысты ажиотаж болғаны рас. Десе де, бұл жерде бір нәрсеге мән берген жөн. Валюта бағамы — нарықтың сұранысына сай өзгеріп отыратынын түсіну керек. Наурыз айында алып-сатарлар әсерінен халық арасында үрей пайда болды. Долларға деген сұраныс артты. Салдарынан 500 теңгеден асып жығылды. Бұл қолдан жасалған дүние.

Енді қазіргі уақытта мұнай бағасы қымбаттады. Десе де Ресейдің тауар айналымындағы кедергілер, логистика, импорттың жоқтығы долларға деген сұранысты төмендетті. Төл валютамен сауда жасалғандықтан, қазіргі уақытта нығайғанын байқаймыз. Тіпті бұл процесті қалпымен жүргізу үшін Ұлттық банктің де валюта нарығын теңеп отырғанын айтуға болады. Себебі, валюта өз нарығында бұл бағадан да түсіп кетті. Ал бірден сол бағаға жібере салу экономикамызға зиян. Сол себепті де реттеуге тура келеді.

Рубльде де солай. Мұнай бағасының қымбаттауы, экспорттық түсімнің жоғары болуы, импорттың әлсіреуі. Әрі орталық банктің осы процесті реттеп отыруы осы жағдайға алып келіп отыр. Жалпы айтқанда валюта бағамы нарық сұранысына сай жүреді. Сұраныс артқан сайын доллар құны көтеріледі. Егер оған деген қызығушылық болмаса онда, төл валюта нығаяды.