Нарық

ДСҰ: ауру малмен бәсекеге бәс тіге аламыз ба?

  • ДСҰ: ауру малмен бәсекеге бәс тіге аламыз ба?

    ДСҰ: ауру малмен бәсекеге бәс тіге аламыз ба?

Кеше Қазақ елінің ДСҰ-на енуіне қатысты Вашингтондағы келіссөздер легі аяқталды. Осылайша  ДСҰ-на енуге тағы бір қадам алға жылжып, тағы бір келіссөздер шеруін артқа тастадық. Дегенмен Қазақстанның Экономика және ықпалдастық істері жөніндегі министрі Жанар Айтжанова мәлімдегендей ДСҰ-ның табалдырығын аттауға сәл қалсақ та дәл қазір қазақстандық билік бірқатар техникалық мәселе бойынша жұмыс істеуде. «Әзірге ауыл шаруашылығы субсидиясы, фитосанитария,  мал шаруашылығындағы санитария сынды мәселелер толықтыруды қажет етіп тұр, ал негізгі мәселелер бойынша қиындықтар жоқ» дейді министр ханым.

Осылайша министр негізгі мәселер аясында қиындықтардың жоқ екенін, әйтсе де ауыл шаруашылығы субсидиясы, ветеринария, фитосанитария, мал шаруашылығы салалары бойынша сұрақтар әлі де толықтыруды қажет ететінін ашып айтты. Ал осы тұста Алаш айнасы аталған саланың ДСҰ-на енгендегі салмағы қаншалықты басым болатынын,  халықаралық сауда ұйымында бұл салалардың қандай бәсекеге төтеп беруі керектігін таразылап көруді жөн санады.

Ветеринарияны қашан нықтаймыз?

Біздің мемлекетіміз эпизоотикалық даму мәселелерін әлі де шеше алмай отыр. Күні бүгінге дейін елде жануарлар арасында қауіпті аурулардың тарауы мен оның адамдарға жұғуы салдарынан бірнеше рет төтенше жағдайлар орын алды. Бұған дәлел: жыл сайын мал ауруына қатысты қауіпті  дерттердің ошағы анықталып, тіпті сол ауру малдың еті сатылымға шығып кетіп, біраз қауымды әуреге салып  та қояды.

Негізінен, әлемдегі біраз мемлекеттердің мал шаруашылығы саласын зерттеп, отыратын БҰҰ-ға қарасты ФАО орталығының мәліметінше, ветеринария саласы жақсы дамыған елдердің өзінде әртүрлі  мал ауруларының себебінен мал шаруашылығы бір жылда 13-15 пайызға шығынға ұшырайды. Ал ветеринариясы нашар дамыған мемлекеттерде бұл шығын көлемі 30-40 пайызға дейін жетеді. Осыны ескергендіктен БҰҰ бүгінде «ветеринариясын нықтай алмаған мемлекеттердің жағдайы ендігі екі-үш жылда тым нашарлайды» деп дабылдатуда.

Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:

–Қазірде әлемдік тұрғыда малды бір елден екінші бір елге импорттау, мал тұқымын асылдандырамыз деп түрлі ғылыми-зерттемелер жасау, шетелдерден мал басын әкелу тым күшейіп тұр. Мұның барлығы – әр елдің өзінше бәсекелестік орта қалыптастырғысы келетіндігінде. Сондықтан біз тәрізді ветеринариясы солғын дамып отырған мемлекеттер үшін ДСҰ-ның қатаң талап қоюуы заңды. Аңғарғанға бұл – үлкен қоңырау. Егер біз болашақта елдегі эпизоотикалық жағдайды сауатты жүйелей алмасақ, мал шаруашылығы саласында үлкен шығынға ұшыраймыз. Ауру малмен ешқандай бәсекеге төтеп бере алмаймыз. Бізде тіпті мал тұқымын асылдандырамыз деп өзге елден ұшақпен алып келіп, әспеттеп отыған мал басының өзі қырылып қалып жатыр. Мұны жасырудың еш қажеті жоқ. Сондықтан дабыл қағатындай бар.

Профилактика ісі  де сын көтермей тұр

ДСҰ және бәсекелестік орта жөнінде сөз еткенде кез келген елдің тәжірибесіне жүгінсек, ДСҰ-на  еніп алған елдердің  дені ветеринария жүйесін нормативтік және материалдық-техникалық қормен қамтамасыз ете отырып, мал басына  заманауи тәсілдермен профилактика, диагностика, емдеу жұмыстарын жүргізіп  отыр. Бұл ретте бірқатар елдерде талапқа сай тәуелсіз қадағалау институттары, арнайы зертханалар, ғылыми қызметкерлер жеткілікті. Ал бізде нақ осы профилактика, диагностика, ем-шара жасау сын көтермеуде.

Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:

–Біздегі шаруашылықтар үшін қолдарындағы вакцинаның сапалы немесе сапасыз екенін тексеру өте қиын шаруа. Сондықтан мал ауруы дендемес үшін алдымен  вакцинаның сапасын тексеретін арнайы мемлекеттік зертханалар легін көбейткен абзал. Шұғыл түрде халықаралық ветеринария талаптарына сай тәуелсіз қадағалау институттарының жұмысын ұйымдастыру қажет. Ветинспекторлар жануарлардың қора-қопсыларын дезинфекциялау және емдеу кезінде қожайындардың қандай препараттар қолданатынын біліп отырулары керек. Әр препараттың өзінің сақтау және пайдалану талаптары бар. Бізде осы талаптар толық сақталмай отыр. Вакцина салудың өзінде салғырттық басым. Малдың бірі егілсе, екінші бір малға екпе салынбай қалуы да мүмкін. Осы айтылған мәселелерді бейжай қалдыру ветеринарлық іс-шаралардың тиімділігінің төмендеуіне және бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалануына апарып соқтырады.

Отандық вакцина шығаруға қолдау қажет

Тағы бір назар аударатын нәрсе,  болашақта  бәсекеге төтеп бере алу үшін препараттарды, вакциналарды, диагностикалық штамдарды өзімізде өнді-ріп жатқан отандық кәсіпкерлерге қолдау жасауымыз қажет.  Сондай-ақ бүгінде ветеринария саласы бойынша  орындаушылық қызметтер жергілікті әкімдіктерге берілді.  Осыған байланысты қайсыбір аймақтарда  өткізілетін ветеринариялық алдын алу шаралары жергілікті бюджеттен  бөлінген қаражаттармен шектеледі. Бұған қатысты мамандар «шаруашылықтардың дені импорт вакциналарға иек артқысы келеді. Бірақ олардың сапасы да қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан отандық вак-цина шығарғысы келетін ғылыми қызметкерлерге арнайы гранттар бөлініп, мемлекеттік қолдаған жөн» дейді.

ДСҰ-ның гендік сапаға қояр талабы қатаң

Бұған қоса  біз ДСҰ-на бәсекеге шыдас беру үшін ережеге сәйкес, моди-фикацияланған ағзалардың генетикалық айналымын қадағалауымыз қажет. Осыған байланысты мамандар тарапынан «бәсекеге қабілетті болуы үшін мал басына беретін жемдердің және басқа да өнімдердің құрамындағы ГMO-ны зерттейтін жеке зертхана салынуы керек» деген ұсыныстар да айтылып жүр. Аңғарғанға, бұл еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей  қатысты.

Тоғжан Шаяхметова, сарапшы:

–ДСҰ-ның мал шаруашылығына,  оның ішінде ветеринария саласына қояр талабы қатаң. Әлемнің сауда базарында гендік сапасыз тағамдарды сатылымға шығаруға жол жоқ. Сондықтан осы үдеден шыққымыз келсе, сапа мен сауатты жұмыс ұйымдастыруға осы бастан қатаң қадағалау орнатқан жөн. Өкінішке қарай, мұндай жұмыстардың елімізде қарқынды жүргізілмей отырғандығын мойындауымыз керек. Бұл ретте, толық кешенді жұмыстар жүргізілуі  керек. Ауру малды бәсекеге салып, сапасыз өнім шығарып, азық-түлікті сапасыз етіп ұсынып ұпай ұтпасымыз анық. Демек,  кешенді дамыту жұмыстары жүргізілуі тиіс.

ДСҰ бізге  не береді?

Абзалында, дамыған елдердің бастамасымен құрылған аталмыш ұйым «халықаралық саудада экономикалық өсім мен халықтың тұрмыс-тіршілігін көтеруге ықпал етеді» деп есептеледі. Әрние, ұйымның бұлай жұмыс істеуі Қазақстанға да жағымды жағынан әсер етуі тиіс.  ДСҰ-ға ену Қазақстанға тек экономикалық емес, саяси-әлеуметтік жағынан да пайдалы болуы мүмкін. Жасыратыны жоқ, қазір жұртышылықтың арасында Кедендік Одаққа, оның талаптарына наразылық білдірушілер аз емес. Ал Қазақстан ДСҰ-ға енген жағдайда Кедендік одақтың негізгі ықпалы әлсірейтіндігіне байланысты бұл халықтың әлеуметтік көңіл күйіне де жағымды әсер беруі тиіс. Себебі Кедендік одақ пен ДСҰ талаптары сай келмеген жағдайда ДСҰ нормалары биік тұратындығы жөнінде арнайы келісім де бар. Сондықтан бұған қатысты мамандар «бұл ұйымға ену біз үшін тиімді болмақ. Бірақ солғын тұстарымызды әбден екшеп,  кем-кетігімізді түзеп барып, саралап барып  енбей ДСҰ-да бәсекеге бәс тіге алмаймыз» деп отыр.




Көрілген: 1110    Пікірлер: 0

бейсенбі, 10.04.2014, 14:51

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    10 Қараша, 20:02
    Қарыз қажытты ма?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30