Елбасы зауыт ашып әлек, біз жауып әлек...
Жыл сайын елімізде үдемелі-инновациялық жобалар ондап іске қосылады. Елбасының өзі тұсауын кесіп болашағынан үлкен үміт күтетін, елдің экономикасын өрге сүйрейтін іргелі жоба болатынына сеніммен қарайды. Алайда, кейіннен бірнеше уақыттан соң-ақ, дүркіретіп, пәленбай миллиардтаған долларға салынған зауыттар мен фабрикалар қайраңда қалған балықтай болып жұмыс істеуін тоқтатып жатыр... Мұның сыры неде? Желге ұшқан ақшаның санын білген жан бар ма? Елбасының алдында абыройлы болудың қамында жүрген әкімқаралар ел ішін іштен жеген обыр құрттай шағын ғана обжар топтың аранына қомақты қаржының құйып жатқанын ойлай ма? Міне осындай өзекті жайларды ой елегінен өткізіп, тірідей тізімнен шығып жатқан «үдемелі жобалардың» санын «Алаш айнасы» тізбектеп көріп едік.
Жыл сайын Елбасының алдында жалаушаларды желбіретіп іске қосылуға дайын тұратын ондаған жобалар сол күні-ақ ақ түйенің қарны жарылып қосылады да кетеді. Бірақ, тұралаған экономиканы тұрғызуға жасалған зауыттардың банкротқа айналып талан-таражға түсуі тоқталмай-ақ келеді. Сәтсіздікке ұшырап құлаған кәсіпорындардың қатары қазір он беске жетіпті. Бірақ индустрия және жаңа технологиялр министрлігі «қолға алынған жобалардың үш-ақ пайызы орындалмады, бұл – қалыпты жағдай» деп міз бақпастан отыр. Ал сол үш пайыздың ішінде қанша миллиардтаған теңгелердің кетіп жатқаны оларды қызықтырмайтын сияқты.
Оқырмандарымызға ұғынықты болуы үшін мемлекетті тақырға отырғызып, басшысы тайып тұрған немесе түрмеге тоғытылған зауыттарды тізбелеп берейік. Петропавлоск қаласындағы «Биохим» зауыты 88,6 миллион доллардың көзіне су құйып, бірнеше жыл ішінде-ақ құрдымға кетіп үлгерді. ТМД-да теңдесі жоқ бидай мен рапстан биотын шығару жобасы сонымен тоқтатылған. 2011 жылы Қарағанды облысында «Фермер» атты ұшақ жасау зауыты Елбасының тікелей қатысуымен іске қосылды. Алайда, бірде-бір ұшақ жасамай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен бөлінген 750 миллион теңгенің сондай-ақ «ҚазАгро» ұлттық холдингінен бөлінген 842 миллион теңге несие желге ұшты да кетті. Одан әрі қазақтың алғашқы жер серігі жұмысын бастады деп әлемге жар салған «Қазсаттың» да ғұмыры ұзаққа бармады. Балқаштағы мырыш зауыты, Тасқаладағы цемент зауыты, Шымкенттегі Азия керамик зауыты, Маңғыстау облысындағы «Аққу» планшет зауыттары айта берсек ауыз талып кетеді. Ал, біз білмейтін ақшасы қайда жұмсалғаны да белгісіз қанша екенін бір құдай білсін. Өйткені, еліміздің индустрия және жаңа технологияларды дамыту министрлігінің есебінше елімізде 871 инновациялық жоба іске қосылуы тиіс. Аталған мақсатта 11,5 триллион бөлініпті. Мұндай балқаймаққа толы бөшкеге кімнің де болсын құмары артатыны сөзсіз. Ал инновациялық жобалар бұл қаржыны еш қиындықсыз құйып алудың жалғыз жолына айналған сияқты.
Ақмолалықтар да мұндай көзбояушы жобалардан кенде болмай тұр. 2011 жылы ашылып іске қосылған ағаш өңдеу зауыты шикізат жетпейді деген сылтаумен сегіз айдан кейін жабылып тынған. 150-ден астам жұмысшы жұмыссыз қалды. Ақмоладағы іргелі кәсіпорындардың мекені Степногорск қаласындағы кірпіш зауыты да тоқтаудың аз алдында тұр.
Мәселен өзіміз көзімізбен көрген Көкшетауда жақында ғана ашылған құрама жем зауыты да іргелі инновациялық зауыттар қатарында. Жобаның құны ондаған миллиардатарды құраған. Бір қызығы зауытта үш-ақ адам жұмыс істейді. Мұның мәнісін сұрағанымызда зауыт түгелдей автоматтандырылған, барлық жұмысты тек бақылау ғана қажет деген жауап алдық. Ал, дәл солай бес-алты адам жұмыс істеген зауыттардың жұмысы шатқаяқтап барып, құлап тынғанын жуырда хабарлағанбыз. Сондай-ақ Ақмола облысындағы Ерейментау ауданында елімізде алғаш рет Жел электр станциясы құрылысы телекөпір арқылы басталды. Бұл жобаның да халықтың игілігіне қызмет етіп, тоқтап қалмаса екен деген тілек бар. Бірақ қауіп те жоқ емес.
Бәлкім осы жобалардың бәрін іске қоспастан бұрын арнайы қадағалайтын ұйым құру қажет шығар. Олай етпесе жыл сайын дәстүрлі түрде Елбасы өзі қатысатын жобалар құйған қаржыны ақтамай жатқаны жанға батады.
Көзбояушылық пен лепірме мақтаушылық елдің экономикасын өркендетудің орнына керісінше төменге қарай құлдилата сүйреп бара жатқандай. Сондықтан, әрбір істе ойланып істеп, Елбасыға емес, халық игілігіне қызмет ете алатындай болса игі болар еді.
Автор: Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Жұлдыз
Радиосы