Елімізде 30 мың тонна қант қоры бар

13 сәуір 2022, 19:52

Қазір Қазақстанда 2 қант зауыты тұрақты жұмыс істеп тұр, мамыр айында тағы біреуі іске қосылады. Осылайша, ішкі нарық толық қамтылады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпараттілшісі.
«Бүгінде елімізде 30 мың тонна қант қоры бар. Бұл - өндіруші зауыттардағы қант көлемін есептемегенде. Қазіргі уақытта Тараз және Көксу қант зауыты тұрақты жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, мамыр айында Мерке қант зауыты іске қосылады деп отырмыз. Осылайша, 3 өндіріс орны ішкі нарықты қантпен толық қамтиды» , - деді Назгүл Хатепова орталық коммуникациялар қызметі алаңында болған баспасөз мәслихатында. Министрлік өкілі келтірген статистикаға сәйкес, еліміздің жыл сайынғы қант тұтыну қажеттілігі - 530 мың тонна. «Оның ішінде 380 мың тонна импортқа тиесілі. Елімізге өнімнің 85 пайыздан астамы Ресейден келеді. Аталған елдің қантты экспорттауға шектеу қоюы, біздің нарыққа әсерін тигізді. Дегенмен, біз бұған дейін де айтқанбыз, Қазақстанда қант тапшылығы жоқ. Сонымен қатар, біздің министрлік Еуропалық экономикалық комиссиямен бірлесіп, елімізге сырттан қантты баж алымынсыз жеткізуге қосымша квота бөлу мәселесін қарастырып жатыр» , - дейді ол. Мәлімдеуінше, ЕЭК-пен мәселе шешілген жағдайда, елімізге сырттан 300 мың тонна қант баж алымынсыз жеткізіледі. Еске сала кетсек, Қазақстанда қантқа қатысты ажиотаж биыл наурыздың ортасында болды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрлігі қант зауыттарының жаңғыртылатынын хабарлаған еді.