Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Елімізде қауіпті нысандарды сақтандыру неге жолға қойылмаған?

28 қаңтар 2011, 11:52

Кеше ғана Семей қаласының әкімі ауысты. Себебі қаланың жарты бөлігі сықырлаған сары аязда жылусыз қалған. Дегенмен қала тұрғындары оған әкімнің кінәсі жоқ, ол мәселені уақытында көтерді, бірақ тиісті орындар ақша бөлмей қойды деп уәж айтуда. Қалай дегенмен де «Сақтанғанды Құдай сақтайды» деген қазақта жақсы сөз бар. Бүгіндері бұл сөзді түпкілікті мағынасымен әлем елдері құқықтық түрде тиімді пайдаланып отыр. Ал біз де кешегі Қызылағаштағы қайғылы жағдайды, сол секілді былтырғы Шығыс Қазақстан облысындағы, жыл сайынғы Қызылордадағы су тасқынын еске алсақ, бұл ретте біз самарқаумыз. Нақтырақ айтқанда, сауатсыздаумыз. Соның салдарынан қиын жағдайды қолдан жасап, ел қазанындағы қыруар қаржы да тектен-текке шашылуда...
Әйтпесе елімізде орын алуы ықтимал төтенше жағдайдың 90 пайызын алдын ала әрекет еткенде болдырмауға болады екен. Сәйкесінше, қаншама қыруар қар­жыны да үнемдеуімізге болады. Елімізде қадағалау, реттеу және сақтандыру тетіктері дұрыс жұмыс істесе, әрине. Бірақ біз жау жағадан алғанда ғана байбалам саламыз. Сол кезде барып кінәлілерді іздестіре бастаймыз. Онда да кінәлі тараптың шы­ғын­ды жабуға атсалысуы екіталай. Айна­лып келіп, барлық ауыртпалық ел бюд­жетіне түседі. Одан кейін бұл қаржының мақсатты түрде игерілу-игерілмеуі деген тағы бір мәселесі туындайды. Ол, әрине, бөлек талқылауды қажет ететін мәселе. Ал бізді қазір мазалап отырғаны – бюджетке көп ауыртпалық салмаудың жайы.
Бір мемлекеттерде табиғи апат орын алса, оның шығынын жабу үшін белгілі бір уақыт аралығына бүкіл халыққа арнайы салық салынады екен. Сол секілді әлемнің көп елдерінде табиғи апатты сақтандыру жайы да бір ізге қойылған. Бұл ретте Мек­сика шығанағындағы мұнайдың теңізге төгілуінен болған апаттың зор шы­ғынын өтеу сақтандыру компаниясы­ның мойнына жүктеліп отырғанын мысалға келтіруге болады. Дегенмен осы шығынды өтеу тек сақтандырушы ғана емес, сонымен қатар мұнай өндіруші компанияны да банкрот­тыққа ұшыратуы мүмкін деген болжамдар жасалуда. Қалай дегенмен де олар мә­селені заң шеңберінде шешіп жатыр. Осы жағынан алғанда, біздің Төтенше жағ­дайлар министрлігі өз міндетін орын­дап қана қоймай, сақтандыру на­рығы­мен де тығыз қарым-қатынаста жұ­мыс істеуі керек деген түйін жасалады. Ал нақты өмірде, өкінішке қарай, бізде бұл екі сала бір-бірінен аулақ жатыр.
Экономика сарапшысы Алғатбек Қы­дырбекұлының пікірінше, мәселен, он жыл бойына мемлекеттен Қызылордадағы су тасқынына бөлінген қаржының басын қосса, оған бүгіндері Сырдарияның жаны­нан қосымша арна жасап алуға болады екен. Сонда Сырдария кенерінен аса бас­тағанда, оны қосымша арнаға бұрып жіберуге мүмкіндік туады. Маманның пікірінше, Төтенше жағдайлар министрлігі апатты нысандарды тіркеуге алып, заң жүзінде жылда онда қандай жұмыстар жүргізілуі керектігін көрсетіп беруі қажет. Әрі қаупі жоғары нысандар міндетті сақтандыруға жатқызылуы тиіс.
– Мынау мемлекеттік, мынау мем­лекеттік емес нысан деп бөлуге бол­майды. Қаупі жоғары нысан ба, болды! Ол міндетті түрде Төтенше жағдайлар министрлігінің қарауында болуы тиіс. Ал қарауында екен, олар оны қадағалап отыруы керек. Мысалы, суқойма жылдағыдай тазалаудан өтті ме, оның беріктігі бойынша жұмыстар жасалып жатыр ма дегендей. Осы мін­деттерді заң түрінде бекіту керек. Бүтін елді мекенге қауіп төндіретін жағдай туғызса, ол нысандардың иесіне көлемді түрде айыппұл салып, керек болса, қылмыстық жазаға тарту қажет. Сондай-ақ қаупі жо­ғары нысан ретінде, мәселен, қазір авто­көліктер міндетті сақтандыруға жат­қы­зылады. Ендеше, су қоймаларды, сол секілді бүкіл бір елді мекенге қауіп төндіретін нысандар міндетті сақтан­дырудан өтуі тиіс, – дейді. А. Қыдыр­бекұлы.
Сақтандыру компаниясының төрағасы Талғат Үсенов, заң бойынша біздің еліміз­дегі кез келген қауіпті нысан міндетті сақтандыруға жатады дегенді айтады.
Талғат ҮСЕНОВ, «Сентрас Иншуранс» СК» АҚ басқармасының төрағасы:
– Қаупі жоғары нысан ретінде кішкене суқоймалар, меніңше, міндетті сақтандыруға жатуы тиіс. Жалпы, экологиялық және қауіпті нысанның жауапкершілігін сақтандыру деген секілді елімізде міндетті сақтандырудың екі түрі бар. Суқоймалар, менің ойым­ша, қауіпті нысанға жатады, сондықтан олар міндетті сақтандырудан өтуі керек. Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі қауіпті нысандардың тізімін жасайды. Егер сол тізімге суқоймалар енетін болса, олар автоматты түрде заң бойынша міндетті сақтандырудан өтуі қажет болады.
Біз еліміздегі шағын суқоймалардың қауіпті нысан тізіміне жататындығын не­месе жатпайтындығын білмек ниетте салалық ведомствоға хабарласқанымызда, олардан қандай да бір мәлімет ала алмадық. Дегенмен осы сала маманы Юрий Ильин: «Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігінде қауіпті нысандар тізімі деген бар, бірақ оның барлық қауіпті жағдайды қамти қоймауы мүмкін, әсіресе, шағын суқоймаларды», – дейді.
Ал Т. Үсеновтің пікірінше, бұл мәселені қоғамдық талқыда көтеріп, оған салалық ведомство өз жауабы мен шешімін беру керек дегенді айтады.
Қалай дегенмен де, мысалы, кешегі Қызылжардағы бүтін бір тұрғын үй кеше­нінің жанып кетіп, ондағы тұрғындардың қақаған аязда баспанасыз далада қал­ғанын, ал жергілікті әкімшілік олардың әр­қайсысын үймен қамтамасыз ете алмай­мыз деген жауабын еске алсақ, елімізде мүлікті сақтандыруды да бір жолға қою мәселесі өзектілік танытып тұрғанын байқаймыз. Сол секілді жылда апат орын алатын аймақтарды да міндетті сақтандыру жайын да қоғам талқысына салған жөн секілді. Дегенмен аймақтағы әлеуметтік жағдай­дың төмендігін есепке алсақ, бұл халыққа көп ауыртпалық салары сөзсіз. Ондай жағдайда бұл мәселені қалай шешуге болады?..
Бұл ретте сақтандырушы-маман Т. Үсе­нов мырза: «Аймақтағы ірі жұмыс беруші компаниялар қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру кезінде жазатайымнан сақтандыру секілді өнімді ұсынуы керек», – дейді.
Оның пікірінше, бұлай сақтандыру жасау бүгіндері еліміздегі жұмыс беру­шілерге тиімді емес. Ал егер осындай әлеу­меттік көмекке қол созатын ірі компания­ларға Үкімет салық жағынан жеңілдік жасаса, мүмкін, олар мұндай іске қызығу­шы­лық танытар еді. «Менің ойымша, жұмыс берушінің төлейтін салық көлемін 30-дан 10 пайызға дейін түсірсе, онда әлеуметтік қамсыздандыру мақсатында қызметкерлерді сақтандыру өнімімен қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік туады», – дейді Т. Үсенов.