Елімізде тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 11,6 пайызға өсті

12 сәуір 2022, 12:12

Жыл басынан бері елдегі ауыл шаруашылығы, өсімдік және тамақ өнімдерінің көлемі артты. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы 3 айда жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,8%-ға ұлғайып, 700,3 млрд теңгені құрады. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемінің 2% ұлғаюы арқылы қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 1,2%-ға, сүт өндіру көлемі 1,3%-ға, тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 11,6%-ға өсті», - деді Ербол Қарашөкеев Үкіметтің бүгінгі отырысында. Бұл ретте 42,8 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100% құраған. Бұл көрсеткіш ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта, яғни жылыжайда өсіру есебінен мүмкін болды. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің республикалық деңгейден жоғары өсім қарқыны 6 облыста байқалды. Олар – Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы және Ақмола облыстары. «Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,8%-ға өсіп, 607,8 млрд теңгені құрады. Бұл ретте өңделген және консервіленген көкөніс өндіру көлемінің 1,8 есе, ұнның 23%-ға, жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балықтың 21,5%-ға, жарманың 8,3%-ға, шұжық өнімдерінің 7,8%-ға, макаронның 5,3%-ға, қышқыл сүт өнімдерінің 2,6%-ға артқаны байқалды. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 35,8%-ға ұлғайып, 34,1 млрд теңгені құрады. Жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігі жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін барлық қажетті шараларды қабылдауда», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

ҚазАқпарат.