Алдағы 5-10 жылда Қазақстан жарықтан да, жылудан да қағылып қалуы әбден мүмкін, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Электроэнергетикалық қауымдастық төрағасы мұны жоққа шығармайды.
Талғат Темірхановтың айтуынша, елде 62 жылу электр орталығы бар. Солардың 90 проценті тозған.
Бұл проблеманы сарапшылар бұрыннан қозғап келе жатқандарын айтады. Бірақ ешбір құзырлы орган оларға құлақ аспапты. Салдарын көріп те үлгірдік дейді.
Петропавлдағы апатты мысал етті. Сосын Қазақстанда энергия тапшылығы қазірден сезіліп тұрғанын жеткізді.
Егер жауаптылар осы мәселені дереу шешпесе, жағдайы жылдан жылға қиындай бермек. Энергетиктер салада қордаланып қалған мәселелерді түгел тізіп, Президенттің атына хат жолдады.
Талғат Темірханов, Қазақстан электроэнергетикалық қауымдастығының төрағасы:
- Біздегі жылу желілерінің 90 проценті 60, 70-жылдары жүргізілген. Қазір солар шетінен шіріп, тозып жатыр. Жыл сайын осы желілердің істен шығып, апат болғанын естіп жатамыз. Бұған бей-жай қарайтын болсақ, алдағы 5-10 жылда Қазақстан жылудан да, жарықтан да қағылып қалады. Қайғылы оқиғалар да болуы мүмкін. Біз оны таяуда ғана Петропавлда болған оқиға кезінде көрдік.