Елордада үйді қалай газдандыруға болады?

18 қараша 2020, 17:51

Нұр-Сұлтанда тұрғын жеке үйлерді газ тарату желілеріне қосу белсенді жүргізіліп жатыр. Liter.kz басылымның мәліметінше, қала билігі биыл жыл соңына дейін Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Теміржол және Өндірістік ықшамаудандарындағы үйлерді табиғи газға қосуға мүмкіндік береді.

 

Газға қосылу жұмыстарына қатысты үй иелерінде бірқатар сауалдар туындады. Астаналықтарды мердігерді таңдау немесе үйге газ қосу қызметтерінің құны қызықтырады.

 

"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Нұр-Сұлтан қаласы Республика даңғылы 24 мекен-жайы бойынша орналасқан өңірлік филиалының кеңсесінде жобалау мен газға қосуға арналған техникалық шарттар тегін жасалады және беріледі.  Сондай-ақ, қала әкімдігі есебінен газды есептеу құралдары тегін беріледі және орнатылады.

 

Техникалық шарттарды алғаннан кейін үй иесі құрылыс жобасына тапсырыс беру үшін лицензиясы бар компанияны таңдауы керек. Әдетте, бұл құрылыс-монтаждау жұмыстарының құнына кіреді.

 

Кез-келген лицензиясы бар мекеме жоба жасап, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізе алады. Қызметтің бұл түрі бәсекелестік ортаға жататындықтан, қазір мұндай компаниялар көп және үй иесі өзі таңдау жасайды. Мысалы, елордада бұл нарықта 55-ке жуық жеке компания жұмыс істейді. Тиісінше, өз қызметтерін ұсынатын ұйымдардың бағасы да әртүрлі.

 

25 метр үй ішіндегі газ желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша бағаларды зерттей келе бұл қызмет 127 000 - 240 000 теңге аралығында екеніне көз жеткіздік. Бұл бағаларға газ плитасы, қазандық, есептеу құралы, дабылдатқыш және т. б. құралдардың құны кірмейді.

 

 

 

Көріп тұрғандарыңыздай, үй ішіндегі газ құбырларын салу бойынша көрсетілетін қызметтерге ең төмен бағаларды газбен жабдықтау жөніндегі өңірлік оператор ҚазТрансГаз Аймақ ұсынады. Бұл компанияда республика бойынша бірыңғай баға белгіленген &ndash 127 мың теңге.

 

"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ мамандары түсіндіргендей, басқа мердігер мекемелер сияқты нарық субъектісі бола отырып, компанияның өзге заңды тұлғалардың баға саясатына ықпал етуге қақысы жоқ. Бірақ табиғи газбен байланысты барлық жұмыстар қауіпті қызметке жататындықтан, мұндай іспен  тек мамандар айналысуы тиіс!

 

Енді газды алғашқылардың бірі болып пайдалана бастаған азаматтардың кеңесі - келісім-шарт жасау кезінде үйді газ тарату желілеріне қосу жұмыстарының құнын енгізуді талап етіңіз. Бұған газ құбырына қосу, қазандыққа, пешке газ жіберу, пломбалау және қабылдау жұмыстары кіреді. Барлығы 24 мың теңге шамасында. "Кейбір компаниялар арзан қызметтермен мүмкіндігінше көп клиент тартуға тырысып, осы міндетті технологиялық процедуралардың құнын келісімшартқа қоспауға тырысады, осылайша тұрғындарды адастырады", - дейді басылым тілшілері.

 

Естеріңізге сала кетейік, елорда тұтынушылары үшін қосымша құн салығын қоса есептегенде 1 текше метр газдың құны 34,6 теңгені құрайды, бұл болжамнан 10 теңгеге төмен.