Елордалық кәсіпкер 9 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

02 тамыз 2021, 23:54

Елордада тұрғын үй кешендерінің құрылысымен айналысқан кәсіпкер Сергей Котляров 9 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының отырысында прокурор осындай жаза тағайындауды сұрады, деп хабарлады Хабар 24.

 

Сергей Котляров алаяқтық жасаған және ірі көлемде материалдық шығын келтірген деп айыпталып жатыр.

 

Мемлекеттік айыптаушы ұсынған нұсқа бойынша, ол "Шығыс" тұрғын үй кешенінде құрылысы біте қоймаған нысанның пәтерлерін кепілге қойып, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірімен келісімшарт жасасқан. Алайда айыпталушы өз кінәсін мойындамай отыр. Сот процесі әлі де жалғасады.

 

"Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-тармағының 2-тармақшасына сай 1958 жылы туған Сергей Котляровты қылмыстық құқық бұзушылыққа барғаны үшін кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Мүлкін тәркілемей, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орта қауіпсіздік мекемесінде өтеуін ұсынамын. Құрылыс саласы және үлескерлерден ақша жинау қызметімен айналысуға 5 жыл мерзімге тыйым салынсын. Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тоқтатылып, дереу тұтқындалсын", - деді прокурор Дархан Қалқаманов.