Ералы Тоғжанов зейнет жасын төмендету туралы айтты

17 мамыр 2022, 20:34

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстандағы зейнет жасын төмендету мәселесі қашан қаралатынын айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

«Адамды зейнетке жібермес бұрын әуелі оның зейнетақысының қандай деңгейде қалыптасатынын есептеу керек, елмен ақылдасу керек. Зейнетке ерте шыққан соң зейнетақы көлемі төмен болатыны белгілі. Сондықтан жылдың аяғына дейін осының бәрін ақылдасуымыз керек», - деді Е. Тоғжанов үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

 

Оның айтуынша, зейнетке шығу жасы жыл соңында қарастырылуы мүмкін.

 

Өткен аптада Ералы Тоғжанов әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі Әлеуметтік кодекс аясында талқыланатынын айтқан еді.

 

Сәуір айында Қазақстан Халық партиясы әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету ұсынысын көтерген болатын.

 

Еске салсақ, Қазақстанда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы ұзартылған. Салыстырып қарасақ, 2021 жылы әйелдер зейнетке 60 жастан бастап шығатын, ал биылғы қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 60 жасқа тағы 6 ай қосып ұзартылған. Ал ер кісілер зейнетке 63 жастан бастап шығады.