Нарық

Ет экспорты елді мал бағуға ынталандыра ма?

  • http://www.bglogist.com/

    http://www.bglogist.com/

Еліміздегі мал басы мыңғырған аймақтың көш басында Жетісу өнірі тұрғаны аян. Бұған соңғы бірер жылдың көлемінде облыстағы төрт түліктің саны мен одан алынатын өнімнің де нақты көрсеткіші 3,7 пайызға артқаны дәлел болмақ. Ал мал басының көбеюі ішкі нарықты таза ет өнімдерімен қамтуға жол ашып отыр. Тіпті, шетелге ет экспорттаудан да Алматы облысының асығы алшысынан түсіп тұр деуге болады.

 

Мәселен, кейінгі жылдары облыстың агроөнеркәсіп кешені 1 000 тоннадан астам таза ет өнімін сыртқы нарыққа жөнелткен. Тұтынушылардың топ басында іргедегі Қытай елінің нарығы тұр екен. Яғни,  ауыл шаруашылығына арқа сүйеген аймақта жер еміп егін салумен қатар, мал бағып ырысқа кенелудің мүмкіндігі жоғары. Әсіресе, тұрғындардың 80 пайызы ауылдық өңірді мекен ететін өңір үшін бұл басты ұстаным болуы тиіс. Әрі өңірде мұның негізі де жоқ емес. Нәтижесінде облыстың аграрлық саладағы табысы жыл сайын өсіп келеді. Мысалға, өткен жылдары аймақтағы ауыл шаруашылығы өнімінің ақшалай көлемі 852 миллиард теңгеге жетіп, нақты нәтижесі 3,4 пайызға артқан. Демек, ендігі жерде Жетісуда өндірілген етке деген сұраныс көбеймесе, азаймайтыны анық. Тек, қарқынды жұмыс қажет. Дерек бойынша, бүгінде Алматы облысында жалпы қуаты 91 мың тоннаға жететін бес бірдей ет комбинатының құрылысы жүріп жатыр екен. Оның ішінде жылына 8 мың тонна ет өңдейтін «Империя Фуд» компаниясы мен әрқайсының қуаты 16 мың тонна өнім шығаруға жететін «ЛунюаньЖетісу» және «Қайыңды» зауыттарының алғашқы кезеңі іске қосылған. Ал жұмыс маусымында 21 мың тонна ет дайындайтын «Inalca» және 30 мың тонна өнім қуатымен жұмыс істейтін «Бауманн» компаниясының зауыттары да өңірге инвестиция тартып, өндіріске қажетті жұмыс күшіне сұраныс туғызып отыр.

 

Жалпы, Алматы облысындағы ет өңдеу өндірісі дегенде трансұлттық компаниялардың қатысуымен қолға алынған бірқатар жобаларды да айтуымыз керек. Атап айтқанда, жоғарыдағы «Бауманн» неміс компаниясының «Жетісу қой» жобасы жылына 30 мың тонна ұсақ мал етін қалдықсыз өңдеуге кіріссе, америкалық «Тайсон Фудс» компаниясы ірі қара етін өңдейтін ы іргетасын қалап жатыр екен. Бұл зауыт алдағы уақытта жылына 500 мың бас ірі қараны сойып, таза етті толықтай өңдейтін өндіріс болмақшы.

 

Әрине, мұндай қуаты кешендердің жұмысы тоқтаусыз жүруі үшін шикізат көзі де мол болуы тиіс. Демек, жетісулық шаруалар үшін мал басын көбейтіп, одан пайда табуға мүмкіндік туып келеді. Бұған да негіз қалануда. Қазір аймақта жүзге жуық мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр екен.Оның үстіне, шаруашылықтар таза етті бағыттағы мал өсіруді жолға қойып отыр. Мұның бірнеше игілігі бар көрінеді, біріншіден, шет елден асыл тұқымды мал сатып алуға үкімет жеңілдетілген несие береді, екіншіден, асыл тұқымды малдың төлі мен алынған ет өнімі тағы да субсидияланады, үшіншіден, асыл тұқымды мал етінің салмағы жоғары. Мәселен, кейігі жылдары Жетісуда ағылшын елінде өсірілетін «Абердин Ангус» тұқымды ірі қара саны күрт көбейді. «Абердин Ангус» сиырларының тірі салмағы 500-700 келі тартады екен. Ал 15-16 ай бағымда болған жас мал 700 килодан 1000 килоға дейін таза ет береді-мыс.

 

Бұл бағыттағы жұмыс облыстың Кеген ауданында да жанданып жатыр. Мысалға, өңірдегі «Жаңа Ақтасты» және  «КазМясо» серіктестіктері тек етті молынан беретін ірі қара өсірумен айналысып келеді. «Жаңа Ақтасты»  серкітестігінің мал бордақылау алаңдарында 6000 бас асыл тұқымды ірі қара жемделеді екен. Шаруашылық істі ілгерлету үшін 1,2 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция да тартқан көрінеді. Ал «Казмясо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  Австралия мемлекетінен 1,4 млрд теңгеге 1 500 бас асыл тұқымды «Абердин Ангус» сиырын сатып әкелген.

 

- Бүгінде малдың өзін ақылмен бағу керек. Әсіресе, ірі қара санын қисапсыз көбейте берудің маңызы аз. Неғұрлым асыл тұқымды, ет пен сүтті молынан беретін мал басын көбейткен абзал. Біз мұны жақсы түсіндік. Мемлекет те нақты қолдау жасап отыр. Мал бордақылау алаңдарындағы жұмыс көбейіп, ауыл адамдарын еңбекпен қамтып отырмыз. Қазір біздің серіктестікте 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Бұйырса, мал басын көбейтіп, тұқымын асылдандыру ісі де жалғастыра береміз, - дейді «Казмясо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Төлеген Бозжанов.

 

Жалпы, Кеген ауданының өрісі малға толып, елдің тынысы кеңейіп келе жатқаны сүйіндіреді. Мәселен, өткен бірер жылда аудандағы ірі қара малы 50 894 басқа, жылқы саны 28 468 басқа және қой мен ешкі үлесі 199 869 басқа жетіпті. Яғни, мал басы өскен жерде одан алынатын өнім көлемі де көбейе бермек. Оның бір көрінісін былтырлары кегендік малшылардың бір ғана Алматы қаласының тұтынушыларының сұранысына орай 15 800 тонна ет жөнелткенінен аңғаруға болады...

 

 

 

egemen.kz




Көрілген: 1130    Пікірлер: 0

бейсенбі, 25.03.2021, 02:21

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31