Фермерлер мал экспорты мәселесіне қатысты Ұлттық палата алаңына жиналды

02 тамыз 2022, 14:16

Фермерлер мен ет өңдеушілер мал экспорты бойынша ортақ мәсілеге келе алмай отыр.

Еліміздегі фермерлер мал экспортына тыйым салуға қарсы, ал ет өңдеушілер экспортқа тыйымды қолдайды. Бірқатар фермер «Атамекен» Ұлттық палатасына Ауыл шаруашылығы министрлігі енгізген тыйымды тоқтатуды сұрап жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық палата мәліметінше, осыған орай тараптар мен мемлекеттік орган өкілдері жиналып, мәселені талқылады. Жиынға еліміздің барлық өңірінен 90-ға жуық фермер мен ет өңдеушілер, ҚР АШМ және Ұлттық палата филиалдарының өкілдері қатысты.

«Қазір ірі қараны сыртқы шығаруға шектеу бар. Оның жақсы жағы да бар, кері жағы да бар. Сол себепті бүгінгі жиынға АШМ өкілі мен шаруаларды, ет өңдеушілерді шақырып, талқылауды ұсындық», – деді жиынды ашқан Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ербол Есенеев.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай министрліктің позициясына тоқталды. Ведомство өкілі қазіргі экспорт мөлшерін реттеуді ұсынды. Сондай-ақ ол 2022 жылдың бірінші жартысында ірі қара мал экспорты өткен жылдың осы кезеңімен бірдей болып тұрғанын атап өтті.

«Министрлік ретінде 30 мың бас ірі қара мал, 60 мың бас ұсақ мал экспорттауды ұсындық. Біздің позициямыз сондай болып отыр. Дегенмен қазір ірі қара мал экспортына шектеу бар. Экспортшылардың мақсаты көбірек ақша табу, ал өңдеушілер ішкі ресурстардың есебінен шикізатты емес, өңделген етті сатайық дегенді ұсынады. Сол себепті экспорт болса, онда оның мөлшері қандай болу керек дегенді талқылағымыз келеді. Бірақ біз фермерлерді немесе ет өңдеушілерді бір жақты қолдаймыз деген жоқ», – деді вице-министр.

Қостанай облысындағы BEEF EXPORT GROUP ЖШС өкілі Александр Пархоменко ірі қараның экспортына тыйымды жалғастыруды ұсынды. Яғни, ол мал экспортына қарсы екенін жеткізді.

Қызылордалық кәсіпкер Нұрлан Тоқсанбайұлы өңірде ет өңдейтін өнеркәсіп те жоқ екенін айтса, Фермерлер одағының ШҚО-дағы өкілі Серік Байғалиев экспорт мен импорт көлеміндегі баланс керек деген ұсыныс білдірді.

Ақмола облысы Атбасар ауданындағы мал өсіруші Данияр Мұқышев та қазіргі таңдағы нарықтық заманды ескере отырып, экспортқа шектеу қоймау керек деген пікір білдірді. Сонымен қатар АӨК саласындағы сарапшы Кирилл Павлов әр аймақтың етке деген сұранысы мен ұсынысын есептеу керегін жеткізді.

Ұлттық палата өкілі Ербол Есенеев жиынды қорытындылай келе, бірқатар ұсынысты ведомствоаралық комиссияның қарауына шығаратынын жеткізді. Ол ет өңдеушілердің де, фермерлердің де уәжін есепке алып, екі жаққа да тиімді шешім шығаруды ұсынды.

«Ең алдымен, отандық ет өңдеушілерге қажетті шикізаттың көлемін анықтау керек. Екінші маңызды сұрақ – контрабанда. Шектеу болғанына қарамастан, кейбір өңірде, мысалы Түркістанда ірі малды заңсыз экспорттаған жағдай тіркелді. Квота көлемін де қайта есептеу керек. Осы және басқа ескертпелерді назарға алып, ведомствоаралық комиссия талқылауына шығарайық», – деді Ербол Есенеев.