Геосаяси жағдайға байланысты Қазақстанда 286 нысанның құрылысы тоқтатылды

02 сәуір 2022, 12:23

Геосаяси жағдайға байланысты туындаған көлік-логистикалық дағдарыстан елдегі құрылыс материалдары қымбаттап кетті, Бұл туралыы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған sputnik.kz тілшісі жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Сонымен қатар, құрылыс материалдарын жеткізушілердің алыпсатарлық әрекеттері де жиілеген.

 

"Осыған байланысты ішкі нарықтың құрылыс материалдарына деген қажеттілігін қанағаттандыру, сондай-ақ импортқа тәуелділікті төмендету және бағаның ауытқуын болдырмау үшін 2025 жылға дейін 15,7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, 157 инвестициялық жобаны іске асыру ұсынылды", - делінген хабарламада.

 

Қазіргі таңда әкімдіктермен, даму институттарымен және "Атамекен" ҰКП-мен келісе отырып, құрылыс индустриясы жобаларын 2025 жылға дейін егжей-тегжейлі іске асыру жөніндегі Жол картасы әзірленіп, бекітілді.

 

Сонымен қатар индустрия министрлігі "Samruk-Kazyna Construction" АҚ-мен бірлесіп, импортты алмастыратын 35 жоба іріктеп алды.

 

Министрлік бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан объектілер құрылысының қымбаттауының алдын алу үшін шаралар қабылдады.

 

"Қазіргі процестерге байланысты Қазақстанда мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан 286 нысанның құрылысы тоқтатылғанын атап өткен жөн. Оның ішінде 84 нысанның құрылысы жобалардың қымбаттауына байланысты тоқтап қалған", - деп мәлімдеді министрліктегілер.

 

Ведомство ақпаратынша, құрылыс саласын тұрақты мониторингілеу барысында құрылысты қаржыландыру кезінде жергілікті атқарушы органдардың жүйесіз іс-қимылы жобаның қымбаттауына әкеп соғады. Өйткені олар бір нысанды аяқтамай, тағы бірнеше жобаны жүзеге асыруға кіріседі. Сөйтіп құрылыстың аяқталу мерзімін ұзартады.

 

"Бұл мердігерлердің өз міндеттемелерін толықтай орындамай, құрылыс жұмыстарының тоқтауына әкеп соғады. Өткен жылы құрылыс ресурстары құнының өсуіне байланысты әкімдіктер 641 жоба бойынша құрылыс құнын түзету бойынша өтініш білдірген", - дейді ведомство.