Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Инфляциямен күрес: теория қайда, біз қайда?

31 қаңтар 2011, 18:45

Мамыражай мамыр айы басталысымен, Республикалық статистика агенттігі сәуір айындағы инфляция көрсеткішін есептеп шығарды. Мамандар былтырғы сәуір айындағы инфляция көлемі 7,1 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткіш едәуір өскенін мойындап та отыр. Тіпті бұл ретте «бүгінде инфляцияны тежеу Үкімет пен Ұлттық банк үшін үлкен проблема болып тұр» деген пікірлер легін қыздырушылар тобы да артып барады.
...Жалпы, инфляцияның салқыны анық сезілгеннен-ақ біздің Үкімет «ере­­уіл атқа ер салып», талай-талай тулап қаһарына мінді. Бұл ретте Үкімет басшысы Мәсімов мырза: «Бағаны өсіргендердің басы кете­ді!» деп, жергілікті әкімдерге бір шүйлікті. «Істеріңнен сөздерің озық!» деп, антимо­но­полиялық комитет басшыларына, қара­мағындағы министрлерге тағы бір түйілді. Қысқасы, қазірде Үкіметте инфляцияға төтеп беруге қатысты күнде жиын. Әйтсе де қымбатшылық асау аттай бұғалық салғызбай-ақ тұр. Ал енді мұндайда қан­дай шара қолданған жөн?
Не істеу керек?
Осы ретте қаржыгер Ғалым БАЙ­НАЗАРОВ былай дейді:
– Инфляцияны ауыздықтау үшін тек Ұлттық банктің әрекеті аздық етеді. Сон­дықтан да бұл іспен Үкімет пен еліміздің бас қаржы институты бірлесіп айналысып келеді. Әрине, Ұлттық банк пен Үкіметтің инфляцияға қатысты қабылдаған шара­лары жеткіліксіз деп айта алмаймын. Бірақ бізге инфляцияны өз деңгейінде ауыз­дықтау үшін инфляциямен күрес жөніндегі комиссия құру қажет...
 Бұл – қаржы саласы маманының жеке пікірі. Байназаров мырзаның бағам­дауынша, егер инфляциямен күре­сетін, қымбатшылықтың деңгейін бақы­лайтын, зерттейтін арнайы комиссия құ­рылса, артылған жүк сәл де болса жеңілдер еді. Әйтсе де қайсыбір мамандарымыз бір ғана арнайы комиссия құру мәселені мәнімен шешпейтінін алға тартады.
Бағымызды ашатын үш тетік...
Экономист-сарапшы Ілияс Исаевтың пайымдауынша, мәселені шешудің тетігі бір ғана комиссия құруда немесе анти­мо­нополиялық комитеттерге шүйлігуде, банк­терге талапты күшейтуде жатқан жоқ. Егер төркініне үңілсек, инфляцияны бұғау­лайтын, біздің бағымызды ашатын мы­надай үш тетік бар көрінеді:
а) Ол үшін, біріншіден, елде ауыр өнер­кәсіп саласын дамытуға күш салуы­мыз ке­рек. Біз инфрақұрылымдарды да­мытуға пайдаланатын қажетті техноло­гияларды, инженерлік мамандарды сырт­­­тан әкелуді тоқтатуымыз керек. Қазір бұл отандық өнеркәсіп саласының жан­дануына кері ықпалын тигізуде.
ә) Ал, екіншіден, қайта өңдеу саласына жан бітіруіміз керек. Біз кезінде өндірісті және қайта өңдеу саласын дамытуды дұ­рыс жолға қоюды ойластырмадық. Кері­сін­ше, банктерге инвестиция бөлуді, мұ­най саласына айрықша көңіл аударуды дұ­рыс санадық. Мұнайдан түскен түсім ар­қылы мемлекетке қажетті тұтыну тауарларын сырттан сатып алғанды тиімді деп есептедік. Бұл үрдістің қате екендігін қазір уақыт дәлелдеп берді. Сондықтан осы қателікті жөндеуге тиіспіз. Қым­батшылыққа одан әрі ұрына бермес үшін елдегі қайта өңдеу саласына дем беруіміз қажет.
б) Үшіншіден, сауда-саттық саласы­ның 50 пайызын мемлекет өз қарамағына алуы керек. Кезіндегідей халықты азық-түлік өнім­дерімен және тұтыну тауарларымен қамтамасыз ететін мемлекеттік дүкендер болуы тиіс. «Осы басты үш тетікті ұстансақ, инфляциямен күресте ұтатынымызға үміт бар», – дейді сарапшы Ілияс Исаев.

Адастырған Фридмен Милтон...
Ал енді жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыруға не бөгет? Әу баста неліктен біз осы тура жолмен қадам баспадық?
...Осындайда кезінде нарықтық қағи­да­ны елімізге ендірер тұста француз ға­лымы Фридмен Милтонның теориясын қалап алғанымыз еріксіз ойға оралады. Жалпы, Милтонның қағидасы «елде қым­батшылық орнамас үшін ақша массасын қысып, өндірістік салаға емес, қаржы са­ласына бейіл аудару керек» дегенге саяды. Заманында бұл қағиданы тек Қазақстан емес, біраз мемлекеттер таңдап алған-ды. Бірақ экономикалық жағдайына сәйкес келмегендіктен, біраз елдер Милтонның өндірістік саланы қол­дамайтын моне­тар­лық теориясынан әл­деқашан бас тартқан. Бұл ретте отандық ғалымдар:
 – Қазақстан бұл теорияны әлі де болса ұстанып келеді. Елде өндіріс орындарын дамыту, отандық өнімді қолдау жағы өте кемшін. Импортқа тәуелділіктен құтылуға талпыныс аз. Біздің құзырлы тараптар банк секторлары мен құрылыс саласын айрықша қолдауды әлі жалғастырып келеді. Ал бұл екі сала бүкіл мемлекеттің жоқ-жітігін түгендей алмайды. Біздің ат­мосферамызға бейім деген Милтон тео­риясы әлдеқашан көнерді. Сондықтан біз­ге ұстанған қағиданы өзгертіп өндіріс орын­дарын көбейтуді, өнеркәсіп саласын дамытуды ойластырған жөн, – дейді.

Ойсалар
Міне, осындай пікірлерден кейін амалсыз «адастырған Милтон қағидасын кезінде нарықтық жүйеге енер тұста дұрыстап, зерделеп оқымаған екенбіз-ау» деген ойға да қаласың...
Негізінде, қымбатшылық төңірегінде сөз қаузағанда мәселе бір мұнымен шектелмейді. Жасыратыны жоқ, инфляциямен егесте әзірге асығымыз алшысынан түспей-ақ қойды. Жоғарыдағылар халық алдында жыл сайын «инфляция көлемін белгіленген межеден асырмаймыз» деп есеп беріп әлек, ал айналып келгенде, қымбатшылық қазақты қос өкпеден қысып барады...
Төменде биылғы жылдың сәуір айындағы қымбаттаған өнім түрлерінің пайыздық көрсеткіші. Былтырғы жылдың сәуірімен салыстырғанда, биылғы сәуір айында елдегі азық-түлік бағасы 8,4 пайызға өскен.