Жалпыға бірдей декларациялау: 2022 жылы не өзгереді

31 желтоқсан 2021, 19:43

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен көшу жалғасып жатыр.

 

2022 жылы кірістер мен мүлік туралы декларацияны кімдер тапсыруға міндеттелетінін Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

 

Жалпыға бірдей декларациялауға көшу 2025 жылға дейін төрт кезеңде өтеді.

 

Бірінші кезең 2021 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Бірінші кезеңде декларацияны тапсыратындар:

 

·         жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын қазақстандықтар мен олардың жұбайы;

 

·         мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілер мен олардың жұбайы;

 

·         мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайы);

 

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар нарығы туралы" заңдарға сәйкес декларация тапсыру міндеті жүктелген адамдар.

 

Екінші кезең екі жылдан кейін, 2023 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Осы кезеңде мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары үшін декларациялау көзделеді.

 

Осылайша, 2022 жылы декларация тапсыратын азаматтардың санаты өзгермейді. Алайда есеп беру нысаны өзгереді. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, 270 декларация нысаны 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Бұған дейін шенеуніктер мен олардың жұбайлары декларацияның 250 нысанын тапсырған.

 

"2021 жылы активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны (250) ұсынған жеке тұлғалар 2022 жылдан бастап жыл сайын кірістері мен мүлкі туралы декларацияны (270) ұсынуы қажет, онда жеке тұлғалар жыл ішінде елде және Қазақстаннан тыс жерлерде алынған кірістер туралы, салықтық шегерімдер туралы, мүлікті сатып алу және (немесе) иеліктен шығару және (немесе) өтеусіз алу туралы, Қазақстаннан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі шоттардағы ақша туралы және басқа да мәліметтерді көрсетуі қажет", - деп хабарлады комитет.

 

Егер 250 нысаны кіріс декларациясы болса, 270 нысаны жеке тұлғалар ұсынатын жыл сайынғы нысан болады. Декларацияны тапсырушылар шығыстарды жабу көздері (жылжымайтын мүлік, көлік және т.б. сатып алу немесе сату) туралы есеп береді.

 

Үшінші кезең 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Бұл кезеңде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі.

 

Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан азаматтардың қалған санаттарын декларациялау енгізіледі (барлық қазақстандықтар үшін).

 

Жалпыға бірдей декларациялау

 

2019 жылдың шілдесінен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев декларациялауды енгізуді 2021 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы заңға қол қойды. Бастапқыда декларацияны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тапсыру жоспарланған болатын.