Нарық

Жанармай бағасы аспандап тұр

  • Жанармай бағасы аспандап тұр

    Жанармай бағасы аспандап тұр

Қазіргі қымбатшылыққа әсер еткен негізгі факторлардың бірі бензиннің қымбаттауы екені анық. Жанар-жағармай қымбаттаса, бәрінің бағасы аспандап кететіні әуелден белгілі әрі үйреншікті жайт. Елімізде әр жыл сайын, тіпті маусым сайын бензин бағасы өсетіні де жасырын емес, десек те бұл жолы қымбатшылық пен тапшылық қатар байқалып отыр.
Әр маусым сайын бензин құны не себепті көтеріле береді? Қандай факторлар әсер етіп отыр? Жалпы, бағаны бақылауда ұстауға не кедергі?
Бензин неге тапшы?
Қазір АИ-92-нің бір литрі 169 бен 186 теңгенің арасында сатылып жатыр. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, ақпан айында ғана бензин бағасы 0,5 пайызға қымбаттаған. АИ-92 бензинінің орташа бағасы – 151,3 теңге, АИ-95 – 172,3, АИ-98 бензині 191,4 теңгеге жеткен. Одан кейін сәуірде де баға тағы өсті. Мәселен, Атырауда ең көп тұтынылатын АИ-92 бензинінің 1 литрінің бағасы 154-тен 172 теңгеге жетті. Кейбір жерлерде, тіпті 200 теңгеден де сатылды. Ал Маңғыстау облы­сында одан 8 теңгеге төмен болса, Батыс Қазақстанда 170 теңге болды.
Ал өткен аптада Қызылордада төрт күн бойы бензин тапшы болған. Кейіннен жағдай дұрысталды, бірақ бензин бағасы тағы да бірден аспандап шыға келіпті. Мәселен, бір апта бұрын 168 теңгеден сатылған АИ-92 бензині 179 теңгеге күрт көтеріліпті. Ал енді Оңтүстік Қазақстанда, оның ішінде Шымкентте де тапшылық сезіліп жатыр. Тұтынушылардың орынды реніші мен наразылығын тудырған бұл жағдайға не себеп болды? Энергетика министрлігі Мұнай өнеркәсібі департа­менті директорының орынбасары Талғат Құрманбаевтың түсіндіруінше, қазір мұнай өнімдерінің ішкі нарығындағы баға рет­телмейді. Ол сұраныс пен ұсыныс негізінде анықталады.
– Ел бойынша АИ-92-нің бағасы литріне 154 теңгеден 172 теңгеге дейін өзгереді. Резервте мұнай жеткілікті. Ми­нистрлік жетіспеушілік пен тапшылық болмауы үшін барлық жағдайды қарасты­рып жатыр, – деді ол.
Министрлік өкілі жанармай баға­сының күрт өсуіне себепші болған бір­неше жайды атады. Мәселен, еліміздегі екі мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Одан өзге, импорттық шикізатқа тәуелділік және экономикалық дағдарыс болған. Талғат Құрманбаевтың баяндауынша, ол бүгінгідей бәсекелестік пен нарықтағы сұраныстың жоғарылаған кезеңінде қа­­лыпты жағдай саналады. Мұның бәрі ба­ғаның өсуіне себеп болған. Алайда Энер­гетика министрлігі мұны әдепкі жағдай деп есептейді екен.
Осы орайда Energyprom мониторинг агенттігі әртүрлі елдердің бензинге қол­жетімділігін бағалау бойынша рейтинг құрастырған. Онда орташа айлық жа­­лақыға (салық төлемінен артылған жала­қы көлемі) қанша бензин сатып алатыны ескерілген. Қазақстан рейтинг­тегі 106 ел­дің ішінде 35-орында. Бізде орташа айлық жалақыға мың литр бензин сатып алуға болады. Бірінші орында Қатар (7,3 мың литр), екінші орында Кувейт (5,8 мың литр), үшінші орында АҚШ (5,2 мың литр) тұр.
Жалпы, әлемде бензиннің орташа бағасы біздің валютамен есептегенде 508 теңге екен. Ең қымбат отын Гонконгте. Бір литріне – 1 070 тг. Ең арзан бензин Ве­несуэлада литріне – 8.544 жарым теңге. Халықаралық кестеде Қазақстандағы бен­зиннің бағасын литріне 186 тг деп көр­сетіпті.
Шиеленіскен ахуал
Елімізде бензин өндіретін үш ірі компания бар: «ПетроҚазақстан­Ойл­Продактс» ЖШС, Павлодар мұнай-химия және Атырау мұнай өң-деу зауыты. 2020 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында осы компанияларда 4,5 млн тонна бензин өн­діріліпті. Бұл ішкі нарық сұранысын қа­нағаттандырып қана қоймай, сыртқа экс­портталған. Импорт 1,7 мың тоннаға дейін қысқарған. Ал сыртқа сатылған бензин көлемі – 516,3 мың тонна. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 9,6 есе көп. Ал елі­мізде 4 миллион тонна бензин са­тылыпты.
Қазір отандық жанармай бекеттерінде баға отынның маркасына байланысты литріне 2-10 теңге аралығында қым­баттаған және баға өсімі әлде де жалғасады деген болжам бар. Сарапшылардың сөзінше, еліміздегі бензин бағасы әлемнің біраз елінен төмен. Мұндай төмен баға елдегі жанар-жағармайдың шекаралас елдерге белсенді тасымалдануына жол ашып, өзімізде бензин тапшылығын тудырады екен.
Ал экономист-сарапшы Мақсат Ха­лық бензин бағасының мұнай бағасына бағынышты емесін айтады.
– Мұнай қымбаттаса, бензин қым­баттайды, мұнай арзандаса неге бензин арзандамайды деген пікірді жиі естиміз. Бірден айтайын, бұл – жаңсақ пікір. Бі­ріншіден мұнайдың құрамында бензин­нің үлес салмағы өте төмен. Екіншіден, бізде дәл осы АЗС саласы ұзақ жылдар бойы субсидия мен датацияда отырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Яғни, АЗС станса­ларындағы баға – на­рықтық баға емес, бұл бүгінге дейін мем­лекет та­ра­пынан ретте­ліп қойылып отыр­ған баға. Бұған біздің бензиннің бағасы бойынша әлемдік рей­тингте, әлемдегі ең арзан бен­зин баға­сы бойынша алғашқы он­дықта тұрғанымыз дәлел бола алады. Басқа рейтингтерде көш соңынан көрініп жат­сақ, дәл осы рей­тингте әлемде алтын­шы орында екенбіз.
Globalpetrolprices.com сайтында апта сайын әр елдегі газ, бензин, дизель бойынша рейтинг жарияланып отырады, соған сәйкес бірінші орында – Вене­суел­ла – 8,67 теңге, Иран – 25,98 теңге, Ангола – 110,43 теңге, Алжир – 150,39 теңге, Кувейт – 150,81 теңге және Қазақстан – 171,6 теңге. Мұнайға бай саналатын елдерде, мә­селен Катар – 220 теңге, Сауд Ара­­биясы – 246,23 теңге, Біріккен Араб Әмірліктері– 256,12 теңге. Көршілес елдер бойынша, Қырғыз Республикасы – 253,07 теңге, Әзербайжан – 255,02 теңге, Ресей – 272,79 теңге, Өзбекстан – 289,72 теңге, Беларусь – 312,03 теңге.
Ал енді бензин ең қымбат елдер мұнайға бай деген Норвегияның өзінде 865,01 теңге, Нидерланд елінде – 895,67, Гонконг – 1059,04 теңге. Бұл бағалар АИ-95 бензині бойынша есептелген. Неге АИ-92 емес? Себебі әлем бұрыннан таза бензинге көшкен және кейінгі шыға­рылып жатқан көліктерге де АИ-95 бензинін құюға кеңес беріледі. Әлем бойынша орташа баға – 489,12 теңге.
Еліміздегі бензиннің арзан болуы бір жағынан мақтаныш, ал екінші жағынан әлемдік интеграция жағдайында Еур­азия­лық экономикалық одақ пен Дү_ниежүзілік сауда ұйымының қойып отыр­ған өздерінің талаптары бар. Сол ке­­лісімдерге сәйкес 2016 жылдан бастап Қазақстан бензин на­рығындағы бағаны да еркін айналымға жіберуі қажет. Осыған сәйкес бензиннің қымбаттап жатқаны – заңдылық.
Өткен жылдарда Ресейдегі бағаның жоғары болуына байланысты еліміздің солтүстік, батыс аймақтарындағы бен­зин көрші елге өтіп кеткені белгілі, сал­дарынан бір жылдарда тапшылық та болған.
Негізі бағалар өткен жылы өсуі керек еді, бір жыл бойы елімізде бензин өз құ­ны­нан төмен сатылып келген. Мысалы, біз­дің Мұнай өңдеу зауыттарына мұнай бағасы барреліне шамамен 30 АҚШ долларымен, яғни әлемдік бағадан екі есе төмен жеткізіледі. Егер шикі мұнай бар­релін литрге ауыстырсақ, қазақстандық мұ­найдың бір литрі әлемдік нарықта шамамен 170 теңге тұрады, ал бензин қазір литріне осы бағаға жақындап қалды. Яғни, дайын өнім мен шикізаттың баға­лары шамалас. Тіпті, ұзақ уақыт бойы өз құ­нынан төмен бағада сатылып келген. Яғни, мұнайдың да, кез келген тауар сияқ­ты өз құны бар және ол жыл сайын валюта баға­мына, инфляцияға, соның ішінде жала­­қы­ның өсуіне байланысты өсіп оты­руы қажет.
Сонымен қатар 2019 жылдың соңында Үкімет бензинді көтерме және бөлшек саудада сатуға акциз салығын көтерді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл жо­ғары акциздер қолданысқа енді: өнді­рушілер бензинді көтерме саудада өткізуге арналған акциз тоннасына 10,5 мың теңгеден 24,4 мың теңгеге дейін, ал бензин өндірушілерге бөлшек саудада өткізуге 11,2 мың теңгеден 24,9 мың теңгеге дейін ұлғайды. Бензин құны сегіз теңге болатын акциз 18 теңгеге дейін өсуі тиіс. Бірақ жаңа жылдан бастап жанар-жағармай құю бекеттеріне баға көрсеткіші 10 теңгеге өскен жоқ, мұны «ескі» қорлардың жап­пай сатылуымен не­месе нарық қаты­сушылары маржасының төмендеуімен түсіндіруге болады.
Негізгі фактор – нарық пен нарықтық қатынастар. Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына ірі көлемде мұнай жеткізу­шілер сатушы ретінде қатысты. Бүгінге дейін жылдар бойы көтерме бағаның өсуін тежеп келген осы кәсіп­орындар болатын. Биржадағы сауда қандай өзгеріс әкелді? 6 сауда сессиясында АИ-92 бензиннің кө­терме бағасы 30% өсті. Ешқандай алып­сатарлық әрекет болған жоқ. Нарық­тың барлық ойыншысына мүмкіндік тең­дей ұсынылды. Сатушы сатып алушыны көр­мейді, сатып алушы кімнен сатып ала­тынын білмейді.
Келтірілген мәліметтерге сәйкес, бен­зин бағасының өсуінің нақты себеп­терінің бар екенін көруге болады, – дейді са­рапшы. Ал экономист Рашид Жақсылықов бензин бағасының өсуінің нақты 3 себебін айтты. Бірінші себеп – кезінде еліміздегі мұнай өңдейтін зауыттарға инвесторлар есебінен модернизация жасалған екен, ал енді ақшаны қайтаратын кез келді. Екінші себеп – ұлттық валютамыздың құнсыз­дануына байланысты мұнай саласы өз жұ­мысшыларына табысты индек­са­ция­лауы тиіс. Ол да қосылған құнға кіреді. Үшін­­ші фактор – Еуразиялық эконо­микалық одақ­тағы елдер үшін бірдей баға белгіленуі керек. Сондықтан да алдағы уақытта жа­нар-жағармай бағасы одан ары өспесе, ке­мімейтін көрінеді. Бір анығы – бензин енді арзандамайды. Ал экономикалық нарықтың заңына сай болмаса да, елімізде бензин бағасы азық-түліктің қымбаттауына әкеліп отыр. Осы­ның барлығы жүйелі жұмыс пен қатаң бақылауды қажет ететіні анық.
Мадияр ТӨЛЕУ

aikyn.kz




Көрілген: 551    Пікірлер: 0

сейсенбі, 29.06.2021, 13:18

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    6 Қыркүйек, 20:36
    TEDxAstana конференциясы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30