Нарық

Жәңгір хан ішкен су уға айналды

  • Жәңгір хан ішкен су уға айналды

    Жәңгір хан ішкен су уға айналды

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы кезінде Жәңгір ханның ставкасы орналасқан, қазақ даласындағы алғашқы мектеп, дәріхана, баспахана ашылған, тұңғыш газет шыққан тарихи өңір.
Кеңес одағы тұсында кеңес билігі бұл жердің тарихына балта шапқысы келді ме, әйтеуір, көп нәрсені айтқызбады, көзден таса, елеусіз қалдыра берді. Оған қоса алапат соғыс аяқтала салысымен киелі Нарын жерін Капустин Яр полигонының иелігіне беріп, бабалар жүрген сайын даланы атом уына тұншықтырды. У жүрген жерде су бұзылды. Сумен бірге бөкейліктердің денсаулығы күрт нашарлады. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін аудан тұрғындары таза судың не екенін білмей келді. «Халықты қорлағандары сонша, кей жылдары жүздеген шақырым қашықтықтағы Астраханнан Еділ суын пойызбен тасыды. Тіркеме цистернамен келген суда қайбір сапа болсын. Әрі өзі ащы. Ол уақытта суды тұшыту деген ешкімнің ойына да кіріп шықпады. Мүмкін, құрал-жабдық жетіспеген шығар. Қалай десе де соның кесірінен халық неше түрлі созылмалы дерттерге душар болды. Мұның зардабы бүгінгі өлім-жітім көрсеткішінен де көрініп тұр» - дейді көнекөз қариялар.
Негізі бөкейліктің жер қыртысында тұщы судың мол қоры болғандығын және оның жер бетіне жақын жатқандығын 1964-67 жылдары бұрғылау жұмысын жүргізген Орал гидрогеологиялық экспедициясы тайға таңба басқандай айқындап беріпті. Экспедиция «Аймекен» алқабынан сол жылдары 31 ұңғыма, 230 жай құдық қазып, Орда, Мұратсай, Жәнібек ауылдарына тұщы су құбырын тартуға мұрындық болған. Бірақ, бұл бастама әрі қарай жалғасын таппаған, яғни ауданды түгел тұщы сумен қамти алмаған.
Күні бүгін бөкейліктерді жаңа мәселе алаңдатуда. Соңғы 10-15 жылда жерасты сулары кәдімгідей азайып кетті. «Аймекен» су көзінен тартылған Орда топтық су құбырының мүмкіндігі мен пайдалану мерзімі 20 жылға есептелген екен. Пайдалану мерзімі аяқталып келе жатқан су құбырын жаңғырту, ауыстыру жұмысы қолға алынғанымен, жаңа гидроинженерлік құрылыстарға мұндағы жерасты су қорының сәйкес келу, келмеуі тағы белгісіз.

Нарын құмында жерасты су көзінің мөлшерін зерттеген ресейлік ғалымдар мұндағы су қабатының 30-40 см-ге төмендеп кеткені жөнінде ұйғарым жасаған. «Аймекендегі» 8 ұңғыманың тек 3-еуі ғана жұмыс істеп тұр. Бұрындары құдықшылар 18 метр тереңдіктен су көзін тапса, қазір 25 метр қазғанда әрең су шығады. Бұл біздің ойымызды нақтылай түседі» -дейді ресейлік гидрогеолог Валерий Постнов. Мұнымен ауылдықтар да келіседі.
«Орда ауылына 8 шақырым жерде бұрын қар, жаңбыр сулары жиналған қамысты көл болатын. Кезінде онда аң-құс қаптап жүретін. Қамыс қалың өскендіктен арасынан қабандарды да жиі кездестіруші едік. Кейін ауылға көрік беріп тұрған көл суы тартылып, су сорға, шаң-тозаңға айналды» - дейді Үштерек ауылының тұрғыны Шымырхан Темірболатов.
Хан ордасы ауылындағы ғасырлық қарағайлардың өз-өзінен құлауы, шіліңгір шілдеде жапырағының сарғайып кетуі көз үйренген жағдайға айналып барады. Орда орман шаруашылығы мекемесінің директоры Талғат Саматовтың ойы мынадай: «Бұл бір жағынан қар-жаңбыр суларының азайып кетуінен туындауы ықтимал. 2010 жылы орманда қарағайлардың құлау фактілері орын алса, биыл теректердің сарғайып кеткені көзге ұрып тұр.Тіпті ауладағы шөптердің өзі бұрынғыдай қаулап өспейді. Ертеректе кез-келген жеміс-жидек ағашының түбін қазсаң су шығатын. Казір жер азды, су деңгейі түсіп кетті»,-дейді ол.
Қарағайлардың сұлап түсуінің тағы бір себебі - олардың «қартаюынан» болуы мүмкін деген де пікір бар. Дейтұрғанымен құлаған ағаштардың арасында жас қарағайлар аз емес. Кеңес одағы кезінде қазақстандық және ресейлік ғалымдар шөлейт жерде орман өсірумен түбегейлі айналысқан. Басқа құрлықтардан әкелінген ағаш түрлерін жерсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бұл ғылыми зерттеулер мен ізденістер өз нәтижесін берген. Шындығында Нарын топырағы осынау қарғайларымен құнды. Жәңгір хан билікте отырған кезде құмдағы ылғал жер үстіне өте жақын болған деседі. Сондықтан қарағай отырғызу қиындық келтірмеген. Бүгінде жерасты су азайса, қарағайды қолдан отырғызу тіптен қиындай түсері сөзсіз.
Жергілікті халық пен ресейлік гидрологтар осылай деп дабыл қағып жатса, өзіміздің отандық су саласы мамандарының әңгімесі оптимизмге толы. 2012 жылы Ордадағы жерасты су көздерін зерттеген Оралдағы «Жайықгидрогеология» ЖШС-нің өкілдері су деңгейі қалыпты деп қорытынды берген.
«Табиғат өзгерді. Қыста қар, жазда жаңбыр жоқ. Құмдағы «Шотанғай» елді мекеніне жол түсіп барғанымда жаз айы болса да жапырақтардың сарғайып, қурап тұрғанын аңғардық. Судың төмен түсіп кеткені де көпке белгілі жәйт. Жерасты су қорын сақтау үшін «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы жұмыстану керек. Тағы бір айтарым біз ауыз суды үнемдеуді білмейміз. Мысалы, жәнібектіктер кірпіш құятын цех, көлік жуатын бірнеше станса салды. Осының бәрін көріп отырып, жүрегің ауырады. Мына іргедегі «Шанабастан» техникалық су тартылса ауыз су үнемделер еді» - дейді жергілікті су құбыры мекемесінің бұрынғы қызметкері Тұрақбай Жамашев.

Автор: Тоқтар Кенжеғалиев, Орал




Көрілген: 1923    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 08.10.2014, 10:02

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Желтоқсан 2021
    Доллар бағамы төмендеді
    20 Желтоқсан 2021
    Қош бол, касса аппараты!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31