Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жер көп. Үй салатын жер жоқ

11 желтоқсан 2012, 13:14

Еліміздегі 19 қала мен 80 поселкенің Бас жоспары бекітілмеген. Атырау облысында­ғы елді мекендердің 70 пайызында осы мәселе бар. 2000-ға жуық жер телім­дері­нің жартысынан көбі дайын емес аумақтардан берілген. Жер Кодексінің 45-бабына қайшы келетін мұндай заңсыздықтар басқа облыстарда да кездеседі. Мұнай­лы мекенге қызметтік сапарында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төраға­сы Қадырхан Отаров осындай мәліметтер келтіріп еді. Одан бері де жарты жыл өткені­мен, өзгергенді көз көріп тұрған жоқ. Жер ресурстары тиімді басқарылып отыр дей алмай­мыз. Бұл түптеп келгенде жер байлығын мақсатты игеруге, оны әлеуметтің әлеуеті­нің артуына жұмсауға едәуір кедергі келтіруде.
«Түгін тартсаң, майы шығатын» құнарлы жердің қадірін бағамдап жүрміз бе? Бұл – қиын сауал. Қиын болатыны сол, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу, ұтымды пайдалану жайлы Елба­сы­ның арнайы тапсырмасы болғанның өзінде, бұл салада орын алған кемшіліктер азаймай келеді. Мысалы, Атырау облысында осы мақсаттағы жер телімдерін 2446 адам пайдаланады. Олар пайда­ланып отырған жер көлемі 2 134 9412 гектарды құрайды. Осының 664-і мақсатты пайдаланылмай отырғаны туралы де­рек­ті арнайы тексеру жүргізген органдар анықтап бер­ді. Жер ресурстарын басқару  агенттігінің аумақтық инс­пек­циясының мәліметінше, биылғы бірінші жарты­жыл­дықтың өзінде шаруа қожалықтарынан – 281, агро­­құ­рылымдардан 19 жер телімі қайтарылып алын­ған. Инспекция тарапынан 113 тексеру амалы жүргі­зіліп, 23 шаруа қожалығы­ның иесі әкімшілік жауапкер­шілік­ке тартылып, айыппұл төлепті. Жерді уақытылы игермеу мәселесі жеке тұрғын үй құрылысына берілген нысандарда да кездеседі. Нақтырақ айтсақ, биылғы алғашқы алты айда 5598 жер телімі берілсе, соның 805-і игерілмегені анықталған.
Атырау – Орал тас жолының бойында бірде-бір бос орын жоқ. Бұл мәселені облыстың бұрынғы әкімі де, қазіргі әкімі де айтып келеді. Жекешелендіру кезінде облыс орталығынан Индер ауданына дейінгі жерлердің бәрі жеке тұлғалардың меншігіне өтіп кеткен. Бір ерекшелігі, бұл жерлердің құнарлылығы өте жоғары. Ауыл шаруашылығына, егін шаруашы­лы­ғына пайдаланып, мақсатты іске жұмсаса, көл-көсір пайда. «Менің жерім» деп темір қоршау қадап, иен даланы еншілеп алып, түк жасамай отырған­дар­дың ісі енді қатаң қадағалауға алынбақ. Бұл жайды облыс­тық жер қатынастары басқармасының басты­ғы Рысқали Сисатов: «Қайтарылған жерлерді нақты­лап, ауыл шаруашылығын жетілдіруге қабілеті бар, озық технологияны қолданатын жеке және заңды тұлғаларға беруді қолға аламыз. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы алынған жерлерді тиімсіз пайдаланып отырған жер иелерімен нақтылы жұмыстар жүргізі­летін болады», – дейді, биыл облыс бойынша елді мекен жерлерін түгендеу жұмыстары жүргізілді. Ондағы мақсатымыз – тұрғын үй құрылысы үшін, кәсіпкерлік және басқа да мақсаттардағы пайдала­ныл­маған жерлерді немесе тиімсіз пайдаланылған жерлерді анықтау. Оларды мемлекет меншігіне қайтарып, құрылыс салуға қаржылық қабілеті бар азаматтарға беру көзделеді. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Азаматтар жерге қол жеткізгеннен кейін оны мақсатты пайдаланбай, иесіз қалдырып, қаңыратып тастап кетеді. Сондықтан да, енді жер учаскесін берерде әлеуеттік қабілеті де ескерілетін болады».
Қазірдің өзінде қалалық құрылыс және сәулет бө­лімінде жер кезегінде тұрғандар саны 53 мыңнан асады. Қала тұрғыны Самат Ғұмаров 2006 жылдан бері жер кезегінде тұр. «Үй жалдаудың зардабын әб­ден тартып болдық, – деп күйінеді отағасы, – ба­ла­ларымызды сүйретіп, анда-мұнда көшеміз де жү­ре­міз. Біз көшкен сайын балаларымыздың мектебі де ауысып отырады.
Жер алсақ, үй салар едік, басы­бай­лы баспанамыз болар еді». Биыл тек 2003 жылы кезекке тұрғандар ғана жерге қол жеткізді. Демек, бұл отбасының қуа­ныш­қа кенелуіне әлі біраз жыл керек...
Күн санап қарыштап дамып келе жат­қан, мұнайлы астана деген «мәртебелі» атағы бар Атырауда бос жатқан оймақтай жер жоқ. Игерілсін, игерілмесін, құжат жү­зін­де бәрінің заңды иелері бар. Соңғы жылдары қала аумағы біраз кеңейді. «Ми­рас», «Тасқала-2», «Жұлдыз», «Өркен», «Са­мал», «Балауса» сынды әдемі атаулары бар жаңа ықшамаудандар бой көтерді. Суы, газы ішінде, кең мекенді арман қыл­ған­дар жеке тұрғын үй салуға жер телімін алғанша асық. Содан да қазір облыс орта­лы­ғында жер саудасы қызып тұр. Қалалық газеттерде жерді сату-сатып алу туралы хабарландырулардан көз сүрінеді. Оның ба­ғасын, заңдылығын қадағалап жатқан тағы ешкім жоқ. Жер беру мәселесіне қа­тыс­ты оралымсыздықтар жақында облыс­тық прокуратурада өткен алқа мәжілісінде де айтылды. Қалалық құрылыс және сәу­лет бөлімі 2010 жылдан бастап биылғы ма­мыр айына дейін «Самал», «Нұрсая» (бұл жаңа ықшамаудандар көп сұранысқа ие) ықшамаудандарынан жеке тұрғын үй салуға 1012 жер телімін бөлген. Сорақысы сол, оның жетпіс пайыздан астамы заңды белден басып, кезексіз беріліпті. «Су қоры, көлік жолдары қорынан жер беру, нор­ма­дан ауытқу, құжатсыз жер беру сынды заң бұзушылықтар тексеру кезінде белгілі бол­ды», – дейді облыс прокурорының кө­мек­шісі Рүстем Ғапу. Жалпы, жерге бол­сын, үйге болсын, балабақшаға болсын, кезек жөнінде шынайы ақпараттың жоқ­тығы облыс тұрғындарын ашындырып жүр­ген жайттың бірі және өзектісі. Мы­салы, биылғы 16 наурызда жер кезегіне тұр­ған бір азамат жолы болғаны сондай, 3 сәуір күні-ақ «Нұрсаядан» жер алып, «қа­рық болыпты». Ал оның алдында кезекке тұрып, ұлтарақтай жерге зар болумен бала-­шағасымен біреудің ескі күркесін па­на­лап өмір сүріп жатқандар қаншама? Об­лыс орталығы мен әуежайдың ортасында орналасқан «Нұрсая» ықшамауданында о бастағы жоспарда жасыл желек аумағы ре­тінде қарастырылған жер де әлдекім­дерге үй салу үшін үлестіріліп кеткен. Ең қызығы, «Самал» ықшамауданына қатыс­ты болып отыр, мұнда бұрынғы карьер­лер­дің орын­дары үй салуға жарамды бо­лып табылса керек, мыңнан астам гектар жер осы мақ­сатқа бөлініпті. Карьердің үс­ті­не салынған құрылыстың қандай бола­ты­нын аталған бөлімде отырғандар біл­месе керек.
Облыстық прокуратура анықтаған бір жайт – «УС-99» ЖШС-не қатысты. Тілде­рінде мүкісі бар балаларға арналған ин­тер­наттың спорт алаңы болады деген жер­ге тұрғын үй салған аталған мекеменің «қы­лығын» қалай түсінерімізді де білмедік. Сондай-ақ әкімдіктердің жер телімдерін кадастрлық құны бойынша сатып, кейін меншіктеріне бастапқы бағадан бірнеше есе артық мөлшерде қайта сатып алғаны туралы факт қаржы полициясының қара­уына жіберіліп, қылмыстық іс көтерілген. Тіпті күлкілі көрінеді: «Жумас и К» ЖШС 2004 жылы әкімдіктен 43 млн теңгеге 28,6 га жер телімін сатып алыпты. Сосын оны мемлекет нарықтағы баға бойынша 340 млн теңгеге қайтадан сатып алған.
Қазақ елі, шүкір дейік, жерге бай. Тек ретін тауып пайдалана білсек, қара жердің назасына қалмасақ игі еді...