Нарық

Жеріміздің 67 пайызына өрт құшағында қалу қаупі төніп тұр

  • Жеріміздің 67 пайызына өрт құшағында қалу қаупі төніп тұр

    Жеріміздің 67 пайызына өрт құшағында қалу қаупі төніп тұр

Міне, шіліңгір шілдеге де аяқ бастық. Ағайынның ең қауіптенетін айы – осы шілде. Бұл айда кішігірім егістік жері бар қауым да, жайылымдық жері бар жұртшылық та, орман жағалай қоныстанған ел де өте сақ, байқампаз болып келеді. Себебі шыжыған шілде тілсіз жау – өрттің өршеленетін кезең. Алаш айнасы бұған қатысты мәселені бағамдап көруді жөн көрді.
Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде республикамыз бойынша егістік және жайылымдық жерлердің, сондай-ақ орман шаруашылығы жерлерінің өрті басымдық беру қаупі жоғары. Осыдан бірер жыл бұрын шенеуніктер үйінің, мекемелердің, сауда үйлерінің өртенуі жиі бой көрсеткен еді. Қазір керісінше, бос жатқан қазақ даласын тектен-текке өрт шалу оқиғалары жиілеп кетті.
Егер деректерге көз жүгіртсек, «Қазорман» шаруашылығының мәліметі бойынша, былтырғы жылы республика бойынша 2257 орман өрті орын алса, республикадағы егістік жерлердің 20 пайызын, жайылымдық жерлердің 42,3 пайызын өрт шалған. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Алматы облыстарында ірі орман өрттері орын алса, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары бойынша өрттің шығу себептерінен егістік жерлердің 30 пайызы жарамсыз саналған. Жалпы, өрттің орын алу салдарынан бүгінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша, Аягөз, Тарбағатай, Зайсан аудандарының егістік жерлерінің 28 пайызы жарамсыз саналып отыр. «Ал аталмыш аймақтарда жайылымдық жерлердің өртке орануы ауыл шаруаларына қысқы азық дайындауға кері әсер етуде. Бүгінде қуаңшылық пен өрт шалу оқиғалары ауыл шаруаларының уайымын қалыңдатуда» дейді мамандар.
Гәп қайда жатыр?

Сонымен, неліктен елімізде дала өрттері көбейіп кетті? Бос жатқан жерлерді өрт шалу көрінісі неге жиіледі? Бұл ретте қазақ жеріндегі резервация (жарамсыз жерлер) мәселесін зерттеп жүрген ғалым Сапабек ӘСІПҰЛЫ былай дейді:

– Бақылау қызметінің қысқаруынан және көптеген өрт сөндіретін мекемелерде қуатты техниканың іс жүзінде жоқтығынан елде өрттің өршуі көбейіп барады. Өрт салдарынан бүгінде экологиялық ахуал нашарлап, орманды-нулы жерлеріміздің тозу процестері орын алуда. Қазір біздің жеріміздің үштен екісі, яғни 67 пайызы – шөл және шөлейтті аймақтар. Бұл жеріміздің 67 пайызы қуаңшылыққа ұшырағанын көрсетеді. Қуаңшылық орын алған жерде өрттің өршитіні бесенеден белгілі. Міне, күні ертең осы аймақтардың өрт құшағында қалмасына кім кепілдік береді? Сондықтан біз қазақ жерінің 67 пайызы өрт құшағына оранбасын десек, дереу салмақты шараларды қолға алғанымыз жөн.

Нені істеу керек?
Ал бұл жерде нені ескерген дұрыс? Жалпы, бос жатқан жерлерді, сондай-ақ шөл және шөлейіт аймақтарды өрттен сақтаудың төте жолы қайсы? Бұл ретте мамандар мынадай ұсыныстар легін түзеді:
а) біріншіден, жерасты суларын көбейтіп (каналдар орнату арқылы), қуаңшылыққа ұшыраған жерлерді ылғалдандыру үрдісін бастаған жөн;
ә) азып-тозған жерлерді бақылауға алып, қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру керек;
б) полигон аймақтарын залалсыздандыру жұмысы жүргізілуі керек. Қазір еліміздегі полигон аймақтарын да өрт шалу оқиғалары жиілеп кетті;
в) елдегі алпауыт компанияларға Экологиялық кодексті сақтауға байланысты экологиялық төлемдер көлемінің көбейтілгені жөн. Себебі көптеген жағдайда өрттің шығу салдары алпауыт компанияларға да қатысты болып жатады;
г) бұдан соң, әрине, өрт сөндіру саласы жаңа, қуатты технологиялармен қамтамасыз етілуі керек. Өрт сөндіретін ұшақтар, арнайы жабдықталған көліктер, өрт сөндіретін химиялық көбіктер легі көбейтілуі керек.

Міне, мамандар тарапынан даламызды, орманды, нулы жерлерімізді өрттен сақтандыруға қатысты айтылған ұсыныстар легі осындай...

Ойсалар
Жалпы, біз өрт туралы сөз қозғағанда, өртті «тілсіз жауға» теңейміз. Ал Қытай өкіметінің хатшысы Ли Цьян нақ осы өртке қатысты таяуда бір қызық мәлімдеме жасады. Ол өртті «әбжылан» дей келе, «өрттің туындауына себепкер болған қандай да бір мемлекеттік компанияға мемлекет айыппұл салады» деп салды. Өйткені Қытай Халық Республикасында өрттің шығу салдарынан мемлекеттік бюджеттің шығыны еселене түскен. Осыған қарап, бізге де «тілсіз жауға» деген бақылауды, қадағалауды күшейту қажеттігін бағамдай беруге болады.

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы




Көрілген: 1958    Пікірлер: 0

жұма, 04.07.2014, 11:28

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Желтоқсан 2021
    Доллар бағамы төмендеді
    20 Желтоқсан 2021
    Қош бол, касса аппараты!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31