Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жоқшылықтан байлықтың қасiретi ауыр

06 мамыр 2011, 17:42

1929 жылғы дағдарыс кезiндегi «Қара бейсенбi» туралы аңызға бергiсiз өсектер өте көп. Ондағы ең басты миф – барынан айырылған бизнес өкiлдерiнiң өз-өзiне қол жұмсап, Уолл Стриттегi заңғарлардың терезелерiнен қардай жауғаны туралы әңгiмелер болатын. Қазiргi әлемдiк дағдарыс қанат жайған сайын сондай сәтсiздiкке ұшыраған банкирлер мен брокерлар туралы әңгiмелер қайта жандана бастаған сыңайлы.
Бұл мәселеге байланысты белгiлi экономист Д.К.Галбрэт 1950 жылдары жарық көрген «1929 жылғы Ұлы дағдарыс» кiтабында өзiнiң зерттеулерiн жариялаған-ды. 1929 жылғы күз айларындағы статистикалық мәлiметтердi мұқият саралап шыққан ол дәл осы жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда, өз еркiмен өмiрiн қиюшылық эпидемиясының болмағандығын дәлелдедi. «Банкроттыққа ұшыраған брокерлердiң спирттi iшiмдiкке немесе құмар ойындарға тәуелдi адамдар сияқты өз өмiрлерiне балта шабуға бейiмдiлiгiн сол кездегi бұқаралық ақпарат құралдары асыра сiлтеп жiберiп, қоғамда «Қара бейсенбi» сияқты аңыздардың тууына себепкер болған» дейдi ол.
Ал америкалық әлеуметтанушы Стивен Стектiң зерттеулерiнде, соғыстың немесе экономикалық дағдарыс кезiндегi қоғамға ауыр кезеңдерде, керiсiнше, өз өмiрiне қол салушылық аз болатындығын дәлелденген.
Мысалы, адамзат баласына соншама зобалаң әкелген Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде мұндай аурулар аз болған екен. Тек соғыс толық аяқталып, бейбiт күндер басталған 1950-жылдардың басында күрт көбейген. 1990-жылдардың басындағы Кеңес Одағының ыдырауына байланысты кезеңде де ТМД аумағында осындай құбылыстар көп байқалды.
Бүгiнгi күнгi дағдарыс жеке адамға әлеуметтiк-экономикалық қиындықтар әкелуiмен қатар, оның жүйке жүйесiне де орасан зор жүк артады. Осы қосымша жүктемелердiң әсерiнен болатын күйзелiстердiң салдарынан басқа ауру түрлерiнiң өршуi байқалады. Психотерапевтердiң пiкiрiнше адамның күйзелiске ұшырауы алдымен ағзадағы бұрыннан бар аурулардың асқынуынан бiлiнедi екен. Негiзгi қиындықтарды еңсергеннен кейiн ғана адам санасында әртүрлi жүйке аурулары белгi бере бастайды. Бұл әлемдiк қаржы дағдарысының әсерi ме, жоқ әлде от басы, ошақ қасындағы немесе қызметiндегi келеңсiздiктерден бе, оны айыру қиын.
Отандық психиатрлардың мәлiметтерiнде 2008 жылдың қыркүйек, қазан айларында өткен айлармен салыстырғанда өз еркiмен өмiрiн қиғандар саны күрт көбейгенiн айтады. Ал қараша, желтоқсан айларында бұл көрсеткiштер азайған. Сондықтан да мамандар бұған маусымдық сипат берiп отыр.
Республикалық психиатрлардың ғылыми-зерттеу орталығының маманы Ғалия Құдиярова «қазiргi дағдарыс кезiнде адамдар жаппай депрессияға ұшырайды деп ойлаудың қажетi жоқ. Қазақ ұлты психикалық жағынан тұрақты халық. Ал ата дiнiмiзде қандай қиындыққа тап болса да адам Алланың берген жанын өз қолымен қиюға тыйым салады» дейдi. Мамандардың байқауынша елiмiздегi психикалық ахуал жаман емес. Осы мәселеге байланысты көрсеткiштер көпжылдық деңгейден соншалықты ауытқымаған. Тек осындай күрделi кезеңде халыққа психологиялық қызмет көрсететiн әлеуметтiк орталықтардың жұмысын жақсы жолға қою керек.
Бiр қызығы, дағдарыс кезiнде жағдайы орташа, негiзiнен, еңбекпен айналысатын адамдар мұндай қиындықтарға қарсы тұра алады екен. Керiсiнше, қаржылық жағдайы жақсы адамдар жүйке жүйесiнiң күйзелiсiне алдымен ұшырайтындар тобына жатады. Себебi үлкен ақша – ол адамдар үшiн әлеуметтiк дәреже, қоғамдағы мәртебе болып табылады. Ал олар оны жоғалтуға дайын емес.
Демек, мәселе қаржылық дағдарыста ғана емес, қоғамдағы рухани дағдарыста. Адамдар өз өмiрiнде ақшаға, байлыққа деген көзсiз табынушылықтан арылып, өмiрдiң мәнiн рухани құндылықтардан iздейтiн болса ғана қоғамның саулығы артады. Өйткенi ақша ешқашан да адам өмiрiнiң өлшемi бола алмайды.