Жыл басынан бері 1 млн теңгеден астам сомаға қолдан жасалған ақша анықталды

16 шілде 2021, 16:42

ҚР ҰБ қолма-қол ақша айналысы департаменті банкноттар мен монеталарды сараптау басқармасының басшысы Асқат Мұқамадиев 2021 жылдың I жартыжылдығында анықталған жалған ақша белгілері туралы түсіндірме берді.

021 жылдың алғашқы 6 айында Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер 1 млн теңгеден астам сомаға қолдан жасалған 336 ақша белгісін (333 банкнот пен 3 монета) анықтаған. «Былтыр осы кезеңде осындай 390 банкнот айналымнан алынған болатын. Көп жағдайда номиналы 2 000 және 5 000 теңгелік купюралар қолдан жасалады – олардың жалпы үлесі 65% және 19%. Қалған 16%-і басқа номиналдағы банкноттар мен монеталарға тиесілі. Жалған ақшалардың көп бөлігі Алматы (228) мен Нұр-Сұлтанда (43) анықталды. Қолдан ақша жасаушылар негізінен визуалды қорғаныш элементтерін имитациялайды. Бір қарағанда, олар шын ақша сияқты болуы мүмкін, бірақ банкнотты мұқият зерделеп көрген кезде қолдан жасалғанын анықтай аласыз. Түпнұсқа банкноттар айқын бейнелерімен ерекшеленеді, аңыздағы Самұрық құсы түріндегі су белгісі, номиналы, сондай-ақ жарық түсірген кезде анық көрінетін қорғаныш жібі бар. Шын ақшаны жалған ақшадан қалай ажыратуға болатыны туралы ақпаратпен Қазақстан Ұлттық Банкінің сайтында толығырақ танысуға болады», –­ деді ол.

24.kz