Жыл басынан бері 23 330 тұрғын үй пайдалануға берілді

12 сәуір 2022, 11:27

Жыл басынан бері елімізде 23 330 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2022 жылғы қаңтар-наурыз айларында құрылыс саласында нақты көлем индексі 108,6 пайызды құрады. Оң динамика Түркістан, Ақтөбе, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан басқа 13 өңірде байқалады. Тұрғын үй құрылысында биыл бірінші тоқсанда 2 878 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл - 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,4 пайызға тең. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 23 330 тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылмен салыстырғанда тиісті көрсеткіш еліміздің 15 өңірінде артты. Биыл 15,1 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған», - деді министр. Сонымен қатар ол осы жылдың үш айында көлік саласында нақты көлем индексі 109,3 пайызды құрағанын айтты. «Транзиттік контейнерлік тасымалда оң динамика сақталды. Көрсеткіш 262 мың жиырма фунттық баламаны құрады. Өсім 7 пайыз болды. Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 849,2 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға жоғары», - деді Қайырбек Өскенбаев.
ҚазАқпарат