Қандастардың көбісі қай елдерден көшіп келіп жатыр – министрлік мәлімет берді

10 наурыз 2021, 13:08

Қазақстанға қоныс аударған қандастардың жартысынан астамы (72,9%) Өзбекстаннан, 15 проценті Қытай Халық Республикасынан келген. Биыл екі айдың ішінде 2 407 адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"Жыл басынан бастап Қазақстанға қоныс аударған қандастардың жартысынан астамы (72,9%) Өзбекстаннан, 15% – Қытай Халық Республикасынан, 4,6% – Түрікменстаннан, 3,5% – Моңғолиядан және 4% – басқа елдерден келген", - делінген ресми хабарламада.  
Тарихи отанына оралған этникалық қазақтардың көбісі Алматы (36,8%), Түркістан (16,4%) және Маңғыстау (10,2%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (12,7%) және Нұр-Сұлтан (5,9%) қалаларына қоныстанды.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде еңбекке қабілетті жастағы этникалық қазақтардың саны 58,4%-ті құрайды. Бұдан бөлек, еңбекке қабілетті жастан кіші (24,3%) және зейнет жасындағы адамдар (17,3%) бар.

Жалпы, 1991 жылдан бері елімізге 1 миллион 73 мыңға жуық этникалық қазақ көшіп келген.