Қашағанда мұнай өндіру тоқтады

01 маусым 2022, 16:10

Қашаған кен орны соңғы онжылдықтарда ашылған ең ірі мұнай кен орындарының бірі болып есептеледі.

1 маусымнан бастап NCOC компаниясы жоспарлы-алдын алу мақсатындағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты Қашаған кен орнының теңіз және құрлық кешендеріндегі өндірістік нысандарының жұмысын тоқтатады. Бұл туралы компания сайтында жазылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Компания мәліметінше, жоспарлы-алдын алу мақсатындағы жөндеу - анағұрлым маңызды іс-шаралардың бірі және ол бірнеше жылда бір рет нормативтік талаптарға және өндірістік қажеттіліктерге сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін өндірісті қысқа кезеңге толық тоқтатуды көздейді.

"Қашаған кен орны өндірістік нысандарының жоспарлы-алдын алу мақсатындағы жөндеу өндіру жүйесінің тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың, ҚР нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген міндетті іс-шаралар мен инспекциялардың жүзеге асырылуын, сонымен қатар өнімділікті және өндіру жүйесінің сенімділігін оңтайландыру мен одан әрі арттыруға арналған бірқатар жұмыстар мен жобалардың орындалуын көздейді. Көлемі 2 миллион адам-сағаттан асатын ауқымды жұмыстарды 45 күн ішінде орындау жоспарланып отыр", - делінген хабарламада. 

Қашаған кен орны соңғы онжылдықтарда ашылған ең ірі мұнай кен орындарының бірі болып есептеледі. Оның өндірілетін қорлары бағалау бойынша 9-13 миллиард баррель мұнай аралығында. Қашағанда коммерциялық өндіру 2016 жылғы күзде басталды.