Қазақ-қырғыз шекарасында 1 млн астам жалған акциз маркасы тәркіленді

03 мамыр 2022, 12:40

Қырғыз Республикасынан келе жатқан жүк көлігінен Беларусь Республикасының 1,1 млн жалған акциз маркалары табылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Қырғыз Республикасының сыртқы экономикалық қызметінің жосықсыз қатысушылары екі елдің арасындағы уағдаластықты пайдалана отырып, Қазақстанға декларацияланбаған, контрафактілік жүк әкелу үшін өздерінің жасырын схемасын қолданады.

 

Мысалы, 28 сәуірде Қырғыз Республикасынан келе жатқан жүк көлігін тексеру кезінде Беларусь Республикасының 1,1 млн жалған акциздік маркалары анықталды. Бұл іс материалдары Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.

 

Сондай-ақ, аталған көліктен 2 мыңнан астам декларацияланбаған тауар (бейнебақылау жүйесі, киім-кешек және спорттық құрал-жабдықтар) табылды.

 

Бақылауды әлсіретудің салдарынан заңбұзушылықтар айтарлықтай өсті және Қырғыз Республикасынан құжаттарға сәйкес Қазақстан арқылы Ресей Федерациясына транзитпен өтуге тиісті майнинг құрал-жабдықтары мен электронды темекі әкелу фактілері жиілей түскен.

 

Сәуір айында майнинг құрал-жабдықтары бойынша жалған транзиттің 6 фактісі анықталды, яғни транзит деп мәлімделген тауарлар Қазақстан аумағында қалған.

 

Кәсіпкерлік субъектілерінің мұндай әрекеттері ЕАЭО-дағы серіктес елдердің бюджетіне зиян келтіреді, сондықтан бақылау күшейтілетіндігін айта кету керек.