Қазақстан майнинг фермалардың жұмысына тыйым сала ма: Энергетика министрлігі жауап берді

23 ақпан 2022, 14:08

Қазақстан кейбір елдердің тәжірибесін ескеріп, электр энергиясын көп тұтынатын майнин фермалардың жұмысына тыйым салуы мүмкін бе? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сауалға энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Абай Шаңғытбаев жауап берді.

"Майнинг компанияларға рұқсат бермеу, оларды жұмыс істеткізбеу деген мақсат жоқ. Олар да экономиканың бір саласы. Өздерінің жұмыс істейтін, қызмет көрсететін аймағы бар. Сондықтан энергетиктердің оларға кедергі жасап, олардың жұмысын тоқтату мақсаты жоқ. Бірақ қазіргідей қысқы кезеңде, кәсіби тілмен айтсақ, энергетикалық жүйенің бар күшімен жұмыс істейтін сағаттарында энергия тұтынуды азайту мәселесі бар", -деді комитет төрағасы.

Аталған шарада Энергетика министрлігінің өкілі халықаралық қаржы ұйымдары көмір стансаларының құрылысын қаржыландырудан бас тартып отырғанын айтқан болатын.

"Жаңартылатын энергия көздерінің тұрақсыздығын ескерсек, бізге елдің энергия жүйесіндегі базалық көздерді қарастыру керек. Халықаралық қаржы ұйымдары көмір стансаларын салу жобаларынан бүкіл жерде бас тартып жатқандықтан көмір генерациясын әрі қарай енгізу мүмкіндігіміз шектеліп отыр. Осыған байланысты жиынтық қуаты 2,4 ГВт болатын атом электр стансасы базалық генерацияның жаңа көзі ретінде қарастырылып отыр", - деді министрлік өкілі.