Қазақстанда 1 млн доллар жинау үшін неше жыл жұмыс істеуі керек?

28 сәуір 2022, 23:00

Елде орташа жалақымен 1 млн доллар табу үшін тұрғындар шамамен 246 жыл еңбектенуі керек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Picodi.com дерегінше, 102 мемлекет бар рейтингте Қазақстан 87-орында тұр. 1 млн доллар табу үшін Швейцария тұрғындары 13 жыл, 4 ай, Аустралия – 20 жыл, 1 ай, Сингапур – 20 жыл, 2 ай жұмыс істеуі қажет. Үздік бестікке Люксембург (20 жыл, 4 ай), АҚШ (23 жыл, 1 ай) енді.

Жалақысы орташа қазақстандық бұл ақшаны табу үшін 245 жыл, 11 ай еңбектенуі керек. ТМД-да Украина тұрғындары 145 жыл және 6 ай, Ресей – 191 жыл, 9 ай, Молдова – 204 жыл, 11 ай, Армения – 215 жыл, 4 ай, Беларусь – 231 жыл, 5 ай, Әзербайжан – 257 жыл, 1 ай, Өзбекстан – 318 жыл, 4 ай жұмыс істеуі керек.

2021 жылғы төртінші тоқсанда қазақстандықтардың орташа айлық атаулы жалақысы 275,6 мың теңге болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,2%-ға артық. Атаулы жалақының сатып алу қабілетінің нақты өсуі – 8,7%.

Елдегі ең жоғары номиналды жалақы – Атырау облысында: 420,4 мың теңге, бір жылда плюс 11,4%.

Үздік үштікке Нұр-Сұлтан (391,4 мың теңге, бір жылда 11,9%) және Маңғыстау облысы (382,4 мың теңге, бір жылда плюс 13,2%) енді.

Ең төменгі жалақыны Солтүстік Қазақстан облысында: 203 мың теңге, бір жылда плюс 20,2%. Қазақстанда ең жоғары жалақы төленетін сектор – тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласы. Мұнда орташа айлық атаулы жалақы 2021 жылғы төртінші тоқсанда 546,4 мың теңге болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,7%-ға артық.

Ең жоғары жалақы төленетін үздік үштікке қаржы және сақтандыру қызметі (520,7 мың теңге), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (442 мың теңге) енді.

Қазақстандағы ең төменгі жалақы агроөнеркәсіп кешенінде: 167,3 мың теңге, бұл елдегі орташа көрсеткіштен 39,3%-ға аз.

Skifnews.kz